Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w22 тамыз 2—7 бет.
  • Жастар, шомылдыру рәсімінен кейін де алға баса беріңдер!

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Жастар, шомылдыру рәсімінен кейін де алға баса беріңдер!
  • Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2022
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • РУХАНИ ТОЛЫСҚАН МӘСІХШІ БОЛУДЫҢ ЖОЛДАРЫ
  • МАҚСАТТАР РУХАНИ ТОЛЫСУҒА БАСТАЙДЫ
  • Сүйіспеншілігіңізді жетілдіре беріңіз
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2023
  • Рухани алға басасыз ба?
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2016
  • Рухани алға баса беріңіз
    Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз! (интерактивті Киелі кітап сабақтары)
  • Рухани мақсаттар қойып, оларға жете беріңіз
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2022
Көбірек мәлімет
Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2022
w22 тамыз 2—7 бет.

32-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Жастар, шомылдыру рәсімінен кейін де алға баса беріңдер!

“Сүйіспеншілікпен жан-жақты өсіп жетіле берейік” (ЕФЕС. 4:15).

56-ӘН Шындық жолын таңда

АҢДАТПАa

1. Қауымдағы көп жастар қандай жетістіктерге қол жеткізген?

ЖЫЛ сайын шомылдыру рәсімінен мыңдаған жастар өтеді. Сен солардың бірі болсаң, бауырластарың да, көктегі Ехоба да саған қарап, қатты қуанғаны сөзсіз! (Нақ. с. 27:11). Осы күнге дейін сен көп нәрсеге қол жеткіздің. Мысалы, Киелі кітапты оқып-зерттедің. Бұған, бәлкім, бірнеше жыл жұмсаған шығарсың. Осылай Киелі кітапты терең зерттегеннің арқасында оның Құдайдың Сөзі екеніне көз жеткіздің. Ал ең маңыздысы — оның Авторымен танысып, оны жақсы көріп кеттің. Ехобаға деген сүйіспеншілігің өсе келе, сен бүгін оған өмірін бағыштап, шомылдыру рәсімінен өткен қызметшілерінің бірісің. Жарайсың!

2. Бұл мақалада не туралы білеміз?

2 Шомылдыру рәсіміне дейін сенімің талай рет сыналған шығар. Бірақ есейе келе сен жаңа сынақтарға кезігуің мүмкін. Өйткені Шайтан Ехобаға деген сүйіспеншілігіңді ұрлап, сені одан алып кеткісі келеді (Ефес. 4:14). Ал сен бұған жол берме. Ендеше, Ехобаға адалдық сақтап, оған қызмет етемін деген уәдеңде тұру үшін не істесең болады? “Алға жылжып, рухани толыса беруге” бар күшіңді сал (Евр. 6:1). Қазір рухани толыса берудің кейбір жолдарын көреміз.

РУХАНИ ТОЛЫСҚАН МӘСІХШІ БОЛУДЫҢ ЖОЛДАРЫ

3. Шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін әр мәсіхші не істеу керек?

3 Шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін әр мәсіхші елші Пауылдың кеңесіне құлақ асқаны жөн. Ол Ефестегі мәсіхшілерді “толысқан адам” болуға талпындырған, былайша айтқанда, әрі қарай да жетіле беруге шақырған (Ефес. 4:13). Пауыл рухани өсіп-жетілуді сәбидің өсуімен салыстырған. Сәби жаңа туғанда ата-анасы оны жақсы көріп, айналып-толғанып, қатты қуанады. Бірақ ол мәңгі бала болып қалмайды ғой. Өсіп-жетіліп, уақыты келгенде “балалығын тастайды” (Қор. 1-х. 13:11). Дәл сол сияқты, мәсіхшілер де шомылдыру рәсімінен кейін өсіп-жетіле берулері керек. Осы орайда көмек болатын кейбір кеңестерді көрейік.

4. Рухани толысуыңа қандай қасиет көмектеседі? Түсіндір. (Філіпіліктерге 1:9)

4 Ехобаға деген сүйіспеншілігіңді тереңдете бер. Сен Ехобаны қазірдің өзінде қатты жақсы көресің. Енді осы сүйіспеншілігіңді әрі қарай да нығайта бер. Елші Пауыл філіпілік бауырластардың “сүйіспеншіліктері арта берсе екен” деп дұға еткен (Філіпіліктерге 1:9 оқыңыз). Алайда оны қалай арттыруға болады? Пауылдың сөздеріне сай, “тура білім мен терең түсінік” арқылы. Расында да, Ехоба туралы көбірек білген сайын, оны көбірек жақсы көреміз және қасиеттерін, істері мен шешімдерін көбірек бағалай түсеміз. Сондай-ақ ешқашан оның жүрегін ауыртпай, тек қуантуға бекінеміз. Бұған қоса, Ехобаның еркі неде және мен оған қалай сай бола аламын деп ойланып, соны білу үшін барымызды саламыз.

5, 6. Ехобаға деген сүйіспеншілігімізді қалай тереңдетсек болады? Түсіндір.

5 Ехобаға деген сүйіспеншілігімізді Исаны жақсырақ танып-білу арқылы да тереңдете аламыз, өйткені ол Әкесінің болмысын айна-қатесіз танытады (Евр. 1:3). Исаны танып-білудің ең жақсы жолы — төрт Ізгі хабарды зерттеу. Киелі кітапты күнде оқуға әдеттенбеген болсаң, неге сол төрт кітаптан бастап көрмеске? Иса туралы оқығанда, оның қасиеттеріне баса назар аударуға тырыс, өйткені осылай Ехобаны тани түсесің. Мысалы, адамдар Исаға еркін жақындап, оның қасында өздерін еркін сезінгенін байқарсың. Өйткені ол кішкентай балаларды жанына жақын тартып, құшақтаған және шәкірттері де оған өз ойларын ашық айта алған (Мар. 10:13—16; Мат. 16:22). Біз де Ехобаға еркін дұға ете аламыз. Өз ойларымыз бен сезімдеріміздің бәрін ашық айтсақ, ол бізді айыптайды деп қорықпайық. Өйткені Ехоба бізді жақсы көреді және қамымызды ойлайды (Пет. 1-х. 5:7).

6 Иса адамдарға жанашыр болған. Елші Матай: “Жиналған қалың жұртты көргенде, Иса оларды аяп кетті. Өйткені олар бағушысы жоқ қойлардай азып-тозған, бейшара күйде еді”,— деп жазған (Мат. 9:36). Ал Ехобаның не сезінетінін Исаның айтқан сөздерінен көреміз. Ол: “Көктегі Әкем де осы кішілердің бірде-біреуінің құрып кеткенін қаламайды”,— деген (Мат. 18:14). Неткен жан тебірентер жылы сөздер! Расында да, Исаны жақсырақ таныған сайын Ехобаға деген сүйіспеншілігіміз тереңдей бермек.

7. Толысқан мәсіхшілермен араласудың қандай көмегі бар?

7 Ехобаны одан сайын жақсы көріп, мәсіхші ретінде толыса түсуге тағы не көмектеседі? Қауымыңдағы толысқан бауырластармен араласқаның. Сол бауырластармен таныса келе, олардың Ехобаға қызмет етуді шешкендеріне еш өкінбейтіндерін, қайта, бақытты екендерін байқарсың. Олардан бастарынан өткен қызықты оқиғаларын айтып беруді сұрап көр. Ал бір маңызды шешім қабылдау керек болса, олармен ақылдас. Өйткені “кеңесшілер көп болса, жетістікке жетесің” (Нақ. с. 11:14).

Коллаж: 1. Қыз бауырлас “Тіршілік өздігінен пайда болды ма?”, “Тіршіліктің бастауы. Бес маңызды сұрақ” кітапшаларын зерттеп отыр. 2. Қыз бауырлас мұғалімнің және сыныптың алдында презентациясын ұсынып жатыр.

Эволюция туралы сабаққа қалай дайындалсаң болады? (8, 9-абзацтарды қараңыз)

8. Киелі кітап ілімдеріне күмәнданғанда не істесең болады?

8 Күмәніңді сейілт. 2-абзацтан байқағанымыздай, Шайтан сенің рухани өсуіңе кедергі жасауға тырысады. Бұл үшін сенің санаңа Киелі кітаптың кейбір ілімдеріне қатысты күмән себуі мүмкін. Мектепте оқитын мәсіхшілердің бәрі ертелі-кеш эволюция теориясымен бетпе-бет келеді. Кішкентай кезіңде бұл тақырып жайлы ешқашан ойланбаған шығарсың. Ал енді мұғалімдерің сол сабақты түсіндіргенде, саған эволюция ілімі қисынды, ақылға қонымды болып көрінуі мүмкін. Бірақ олар тіршілікті Құдай жаратқанының дәлелдерін зерттеп көрген бе екен? Бәлкім, ешқашан зерттемеген болар. Сондықтан Нақыл сөздер 18:17-дегі мына принципті ұмытпа: “Сотта бірінші сөйлегендікі жөн көрінер, Ал қарсыласы келгенде, сұрақ қойып тексерер”. Сабақта айтылатын тұжырымдардың бәріне көз жұмып сене бермей, Құдай Сөзінде не жазылғанын мұқият қарастыр. Әдебиеттерімізді қарап, ізден. Бұрында эволюцияға сенген бауырластармен сөйлес. Олардан қамқор Жаратушы бар екеніне не нәрсе көздерін жеткізгенін сұра. Осылай сен тіршілікті Құдай жаратқанын дәлелдейтін айғақтарды жинайсың.

9. Мелисса бауырластан не түйдің?

9 Мелисса деген қыз бауырлас жаратылыс тақырыбы төңірегінде ізденіп, күдік-күмәнінан қалай арылғанын айтып бердіb. Ол былай дейді: “Мектепте мұғалімдер эволюцияны тура бір шындықтай түсіндіргенде, менде күмән пайда болды. Бірақ зерттеп, ізденбей жүрдім, өйткені эволюция рас болып шықса ше деп қорықтым. Алайда Ехоба менің соқыр сеніммен жүргенімді қаламайды ғой деп ойладым. Сөйтіп, зерттеу жүргізіп, іздене бастадым. “Қамқор Жаратушы бар ма?” деген кітапты және “Тіршілік өздігінен пайда болды ма?”, “Тіршіліктің бастауы. Бес маңызды сұрақ” деген кітапшаларды оқып шықтым. Сонда бойымдағы күмән бұлттай сейіліп кетті. Жүре бермей, басында-ақ солай етуім керек еді”.

10, 11. Азғырылуға берілмеуге саған не көмектесе алады? (Салоникалықтарға 1-хат 4:3, 4)

10 Күнәдан аулақ бол. Албырт шақта адамның жыныстық қалауы күшейе түседі. Оның үстіне, сені басқалар да азғындық жасауға итермелейтін шығар. Осындайда Шайтан сенің беріліп қалғаныңды қалайды. Бірақ сен оған қарсы тұра аласың (Салоникалықтарға 1-хат 4:3, 4 оқыңыз). Бұл үшін Ехобаға сезімдеріңнің бәрін бүкпей айт, одан күш сұра (Мат. 6:13). Ехоба сені айыптамайды, қайта, көмектескісі келеді, осыны ұмытпа (Зәб. 103:13, 14). Оның Сөзі де саған үлкен көмек бола алады. Жоғарыда айтылып кеткен Мелисса азғын ойлармен күрескен. Ол былай дейді: “Киелі кітапты күнде оқығанның арқасында мен қалауларыма қарсы тұра алдым. Киелі кітап Ехобаға бағышталғанымды есіме салып тұрды және оған қызмет етуге деген ықыласымды арттырды” (Зәб. 119:9).

11 Өз әлсіздігіммен өзім күресуім керек деп ойлама, ата-анаңмен сөйлес. Қанша ыңғайсыз болса да, бұлай еткенің өте маңызды. Мелисса былай дейді: “Қиналып жүргенімді әкеме айту үшін Ехобадан батылдық сұрадым. Ақыры, әкеме бәрін ашық айтып берген соң, жаным жай тапты. Сол жағдайда Ехоба маған риза болды деп сеніммен айта аламын”.

12. Дұрыс шешім қабылдауға саған не көмектесе алады?

12 Киелі кітап принциптерімен өмір сүр. Есейген сайын, өзің шешім қабылдайтын жағдайлар көбейе береді. Бірақ өмірлік тәжірибең аз болғандықтан, қателік жасап қоюың мүмкін. Ендеше, Ехобамен достығыңды бұзып алмауға не көмектеседі? (Нақ. с. 22:3). Кари деген әйел бауырлас кезінде оған дұрыс таңдаулар жасауға не көмектескенін айтып берді. Оның айтуынша, толысқан мәсіхші болсаң, әр жағдайда не істеймін, бұлай етуге бола ма, болмай ма деп бас қатырмайсың. “Маған болады-болмайды деген ережелермен ғана өмір сүрмей, Киелі кітаптағы принциптерді түсіну керек болды”,— дейді Кари. Киелі кітапты оқығанда, былай деп ой жүгірт: “Бұл үзіндіден Ехобаның ойы, көзқарасы жайлы не білдім? Бұның астарында дұрыс әрекет етуіме көмектесетін қандай принциптер бар? Осы білгенімді қолдансам, қандай пайдасын көремін?” (Зәб. 19:7; Ишая 48:17, 18). Киелі кітапты оқып, ішіндегі принциптердің үстінен ой жүгіртсең, Ехобаға ұнамды шешімдер қабылдау оңай болады. Осылай Ехобаның әртүрлі мәселелерге қатысты не ойлайтынын біліп аласың. Сонда, әр жағдайда қалай әрекет етсем екен деп қиналып отырмайсың.

Екі қыз бауырлас “Күзет мұнарасындағы” мақаланы зерттеп отыр.

Суреттегі қыз бауырлас қандай достар тапты? (13-абзацты қараңыз)

13. Жақсы достардың ықпалы қандай? (Нақыл сөздер 13:20)

13 Ехобаны сүйетіндермен дос бол. Жоғарыда айтылып кеткендей, достарың саған толысқан мәсіхші болуға көмектесе алады (Нақыл сөздер 13:20 оқыңыз). Қуанышын жоғалтып алған Сара бауырласқа достары қалай көмектескенін көрейік. Сара былай дейді: “Мен жақсы достарды дер кезінде кезіктірдім. Бір қыз бауырлас екеуіміз апта сайын “Күзет мұнарасына” дайындаламыз. Ал тағы бір досымның көмегімен кездесулерде түсініктеме бере бастадым. Достарымның арқасында жеке зерттеуіме және дұғаларыма көбірек мән беретін болдым. Мен Ехобамен қарым-қатынасымды нығайтып, қайтадан қуанышқа кенеле бастадым”.

14. Джулиен жақсы достарды қалай тапты?

14 Саған жақсы үлгі болатын достарды қайдан тапсаң болады? Ақсақал болып қызмет етіп жүрген Джулиен бауырлас былай дейді: “Жас кезімде бауырластармен қызметке шыққанның арқасында жақсы достар таптым. Олардың ынта-жігері тасып тұратын. Солармен бірге жүріп, қызметтің қызығына бататынмын. Кейін өзім де толық уақытты қызмет етуге ұмтылдым. Бір түсінгенім — өз қатарымдағылармен ғана араласып, керемет достардан, көп қызықтан құр қалып жүрген екенмін. Мен бетелдіктердің арасынан да өзіме күшті достар таптым. Оларға қарап, қалай көңіл көтеретінімді, не көріп, не тыңдайтынымды дұрыстадым. Соның арқасында Ехобаға бұрынғыдан да жақындай түстім”.

15. Пауыл Тімөтеге араласатын ортаға қатысты қандай ескерту айтты? (Тімөтеге 2-хат 2:20—22)

15 Қауымдағылардың бәрі бірдей саған жақсы орта болмауы мүмкін. І ғасырдағы қауымда кейбіреулер мәсіхшілерге сай әрекет етпейтін. Осыны білген елші Пауыл Тімөтеге олардан аулақ жүруді ескерткен (Тімөтеге 2-хат 2:20—22 оқыңыз). Біз Ехобамен жақұттай бағалы достығымыз үшін көп тер төктік. Қасықтап жинаған осы қазынамызды басқалардың кесірінен шелектеп төгіп алғымыз келмес еді (Зәб. 26:4).

МАҚСАТТАР РУХАНИ ТОЛЫСУҒА БАСТАЙДЫ

16. Қандай мақсаттарға ұмтылғаның дұрыс?

16 Ұмтылуға тұрарлық мақсаттар қой. Сеніміңді қатайтатын және рухани толыса беруге көмектесетін мақсаттарға ұмтыл (Ефес. 3:16). Мысалы, Киелі кітапты оқуды және жеке зерттеуді жақсартқың келетін шығар (Зәб. 1:2, 3). Бәлкім, дұғаны жиірек әрі шын жүректен айтуға ұмтыларсың. Я болмаса қалай көңіл көтеретініңді не уақытыңды қалай жұмсайтыныңды ойласаң, саған көбірек ұстамдылық таныту керек екенін байқарсың (Ефес. 5:15, 16). Осы жағынан жақсаруға талпынғаныңды көріп, Ехобаның жүрегі қуанышқа толады.

Алында “Күзет мұнарасын” зерттеп отырған қыз бауырлас қарт бауырласқа азық-түлік алуға көмектесіп жатыр.

Суреттегі қыз бауырлас қандай мақсатқа ұмтылып жүр? (17-абзацты қараңыз)

17. Басқаларға көмектесудің қандай пайдасы бар?

17 Басқаларға қол ұшын бергенде де рухани толыса түсесің. Иса: “Алғаннан гөрі берген бақытты”,— деген (Ел. іс. 20:35). Уақытыңды, жастық күш-жігеріңді басқаларға көмектесу үшін жұмсасаң, сен де бақытты боласың. Мысалы, қауымдағы қарияларға, денсаулығы нашар бауырластарға қолғабыс етерсің. Олар бір жаққа жұмсаса, барып келерсің немесе электрондық құрылғыны қолдана алмай жатса, көрсетіп жіберерсің. Ер бауырлас болсаң, қызмет көмекшісі болу арқылы қауымдағы бауырластарға көмектесе аласың (Філіп. 2:4). Ал қауымнан тыс адамдарға Патшалық жайлы ізгі хабарды жариялау арқылы сүйіспеншілік көрсетесің (Мат. 9:36, 37). Сондай-ақ мүмкіндігінше толық уақытты қызмет етуге де ұмтыл.

18. Толық уақытты қызмет рухани өсуге қалай көмектеседі?

18 Толық уақытты қызмет рухани жетілуге көп көмектеседі. Ізашар болып қызмет етсең, Патшалықты жариялаушыларға арналған мектепке есік ашылады. Сондай-ақ Бетелде де қызмет ете аласың немесе теократиялық құрылыс жобаларына қатыса аласың. Кэтлин деген жас ізашар былай дейді: “Шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін рухани алға басуға тәжірибелі бауырластармен қызметтескенім көмектесті. Оларға қарап, Киелі кітапты тереңірек зерттейтін болдым және жақсырақ тәлім беруді үйрендім”.

19. Рухани толыса берсең, қандай баталарға кенелесің?

19 Рухани толыса берсең, мол батаға кенелесің. Жастық шағыңда тасып тұрған күш-жігеріңді пайдасыз, бос істерге жұмсамайсың (Жох. 1-х. 2:17). Жамандыққа ұрынып, соның ащы зардабын тартпайтын боласың. Қайта, шын бақытқа кенеліп, рухани жетістіктерге жетесің (Нақ. с. 16:3). Жастарға да, үлкендерге де жақсы үлгі боласың (Тім. 1-х. 4:12). Ал ең маңыздысы — Ехобаға ұнамды болғандықтан және онымен жақын дос болғандықтан, жүрегіңде тыныштық пен қанағат болады (Нақ. с. 23:15, 16).

ҚАЛАЙ ЖАУАП БЕРЕР ЕДІҢІЗ?

  • Неліктен шомылдыру рәсімінен кейін де рухани толыса беру керек?

  • Жас бауырластарға толысқан мәсіхші болуға қандай қадамдар көмектеседі?

  • Рухани жетілуге мақсаттар қалай көмектеседі?

88-ӘН Ақ жолыңнан таймайын

a Қауымның жастары Ехобаға өмірлерін бағыштап, шомылдыру рәсімінен өтіп жатса, бұл — біз үшін үлкен қуаныш! Әрине, осы маңызды қадаммен бәрі бітпейді. Жаңа шәкірттер әрі қарай да рухани өсе берулері керек. Бұл мақалада жақында шомылдыру рәсімінен өткен жастар, сондай-ақ барлық бауырластар да қалай рухани толыса алатындары қарастырылады.

b Кейбір есімдер өзгертілген.

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу