Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w22 маусым 14—19 бет.
  • Ехобаның сүйіспеншілігі қорқыныштан үстем

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Ехобаның сүйіспеншілігі қорқыныштан үстем
  • Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2022
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • ОТБАСЫМДЫ ҚАЛАЙ АСЫРАЙМЫН ДЕП ҚОРҚУ
  • АДАМНАН ҚОРҚУ
  • ӨЛІМНЕН ҚОРҚУ
  • ҚОРҚЫНЫШЫМЫЗДЫ ЖЕҢЕЙІК
  • Адамнан емес Құдайдан қорқу керектігінің бес себебі
    2009 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Жүректеріңде Ехобаға деген қорқыныш дамытыңдар!
    2002 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Ехобадан қорқып, оның өсиеттерін орында
    2002 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Жауыңызды жақсы біліңіз
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2018
Көбірек мәлімет
Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2022
w22 маусым 14—19 бет.

26-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Ехобаның сүйіспеншілігі қорқыныштан үстем

“Ехоба менің жағымда; мен еш қорықпаймын” (ЗӘБ. 118:6).

105-ӘН “Құдай — сүйіспеншілік”

АҢДАТПАa

1. Қандай кездері біз әдетте қорқынышқа бой алдырамыз?

ӨМІРДЕ болған мына үш жағдайды қарастырып өтейікші. Нестор мен Мария бауырластар қажеттілік бар жерде қызмет еткілері келедіb. Бірақ бұл үшін оларға тұрмыстарын қарапайым ету қажет болады. Сол кезде олар азырақ ақша тапсақ, бұрынғыдай өмір сүре алмай, қиналып қалмаймыз ба деп уайымдайды. Біздің ісімізге қатаң шектеулер қойылған бір елде тұратын Биниам бауырлас Ехоба куәгері болғанда, енді мен сенімім үшін қудаланатын болдым деп қорқады. Бірақ “менің басқа дінді қабылдағанымды білгенде, үйімдегілер не дер екен” деген ой оған бәрінен де қорқынышты көрінді. Қатерлі ісіктің ауыр түріне шалдыққан Валерия бауырлас қансыз емдеуге келісетін дәрігер таба алмай, біраз қиналады. Сөйтіп, енді мен өліп кетем бе деп қорқады.

2. Неліктен қорқынышпен күресуіміз керек?

2 Сіздің де осылай қорыққан кездеріңіз болған ба? Көбімізде болды. Бірақ егер біз өз-өзімізді қолға алып, қорқынышымызды тізгіндеп үйренбесек, соның жетегінде кетіп, бұрыс шешімдер қабылдап қоюымыз әбден мүмкін. Соның кесірінен Ехобамен қарым-қатынасымызды бұзып алуымыз ғажап емес. Ал Шайтанның бар қалайтыны — осы. Ол біздің Ехобаның заңдарынан аттап кетуіміз үшін және ізгі хабарды уағыздамай қоюымыз үшін, қорқынышымызды пайдасына асырып кетуге тырысады (Аян 12:17). Өйткені ол өте зұлым, жауыз әрі күшті. Бірақ сіз өзіңізді одан қорғай аласыз. Қалай?

3. Қорқынышымызды жеңуге не көмектеседі?

3 Шайтанға қарсы тұру үшін Ехобаның бізді сүйетініне нық сенімді болуымыз қажет (Зәб. 118:6). 118-жырды жазған зәбүр жыршысын мысалға алайықшы. Оның басына өте ауыр қиындықтар түскен болатын. Оның дұшпандары көп болған, арасында билігі бар кісілер де болған (9, 10-тармақтар). Қатты қыспаққа ұшырап, жаны қиналған кездері де болды (13-тармақ). Бұған қоса, Ехоба оны қатаң түзеткен (18-тармақ). Бірақ осының бәріне қарамастан ол: “Мен еш қорықпаймын”,— деген. Не себепті ол ештеңеден қорықпай, өзін қауіпсіз сезінген? Өйткені Ехоба оны жазаласа да, қатты жақсы көретінін білген. Басына қандай күн тумасын, қандай жағдайға ұшырамасын, көктегі сүюші Әкесі оған көмекке келуге әзір екеніне еш күмәнданбаған (Зәб. 118:29).

4. Құдайдың бізді сүйетініне сенімді болсақ, неден қорықпаймыз?

4 Ехобаның дәл сізді жақсы көретініне сенімді болғаныңыз өте маңызды. Сонда сіз жиі кездесетін мына үш қорқынышқа бой алдырмайсыз. Атап айтқанда: 1) отбасымды қалай асыраймын деп қорқу, 2) адамнан қорқу және 3) өлімнен қорқу. Мақаланың басында айтып кеткен бауырластар Ехобаның сүйіспеншілігіне сенімді болғанның арқасында өздерінің үрей-қорқыныштарын жеңе алған.

ОТБАСЫМДЫ ҚАЛАЙ АСЫРАЙМЫН ДЕП ҚОРҚУ

Ер бауырлас баласымен бірге суға ау салып, балық аулап жатыр.

Отағасы үй-ішін асырау үшін, ұлымен бірге балық аулап жатыр (5-абзацты қараңыз)

5. Отағалары қандай жағдайларда уайымға салынып жатады? (Мұқабадағы суретті қараңыз.)

5 Мәсіхші отағалары отбасын асырау міндетіне асқан жауапкершілікпен қарайды (Тім. 1-х. 5:8). Мысалы, пандемия кезінде сіз жұмысыңыздан айырыла жаздаған шығарсыз. Сол кезде отбасым тамақсыз қалар ма екен, қалай күн көреміз, пәтер ақшасын қалай төлейміз деп уайымға салынған боларсыз. Жұмыстан шығарып жіберсе, басқа жұмысты қалай табам деп те қорыққан шығарсыз. Я болмаса, Нестор мен Марияның жағдайындағыдай, өміріме кері әсері тиіп, қиналып қалмаймын ба деп қорқып, жұмысыңызды қысқартудан не өзгертуден тартыншақтайтын боларсыз. Шайтан осындай қорқынышты талай рет пайдасына асырып, жеңіске жеткен.

6. Шайтан бізге қандай ой салуға тырысады?

6 Шайтан бізге “Ехоба әрқайсысымыздың қамымызды ойлап отырмайды, әркім өз отбасының күйін өзі күйттеуі керек” деген ой салып, соған сендіргісі келеді. Соның нәтижесінде “мейлі, Киелі кітап принциптеріне көз жұмуға тура келсе де, осы жұмысымнан айырылып қалмаудың бар амалын жасауым керек” деген тұжырымға келуіміз мүмкін.

7. Иса бізді не деп сендірген?

7 Біздің көктегі Әкеміздің қандай екенін Исадан артық ешкім білмейді. Ал ол былай деген: “Әкелерің өздерің сұрамай тұрып-ақ, сендерге не керек екенін біледі” (Мат. 6:8). Бұған қоса, ол Ехобаның бізді қажетімізбен қамтамасыз етуге дайын екенін біледі. Мәсіхші ретінде біз Ехобаның отбасының бір мүшесіміз. Ендеше, осы отбасының Отағасы Ехоба Тімөтеге 1-хат 5:8-дегі өзі жаздырған принципті өзі ұстанатынына сенімді болайық!

Әйел бауырлас кішкентай қызымен кірді қолмен жуып отыр. Бір ерлі-зайыпты оларға тамақ әкеле жатыр.

Ехоба бізді қажетімізбен қамдайды. Бұл үшін ол бауырластарды қолдануы мүмкін. (8-абзацты қараңыз)d

8. а) Отбасымды асырай алмай қалам деген қорқынышты жеңуге не көмектеседі? (Матай 6:31—33) ә) Суретте әйел бауырласқа тамақ әкеле жатқан ерлі-зайыптыдан не үйренеміз?

8 Ехобаның бізді және отбасымызды сүйетініне сенімді болсақ, қажетіміз болмай қалмас па екен деп уайымдамаймыз (Матай 6:31—33 оқыңыз). Ехоба біздің қамымызды жасауға асық. Ол неткен жомарт та қамқор Құдай! Ол әуел баста жерді жаратқанда, бізге ең қажет дегенді ғана беріп, әйтеуір өлместің қамын жасап қоя салған жоқ. Ол жер бетін бізді рақатқа бөлейтін таңғажайып нәрселерге толтырды (Мұс. 1-ж. 2:9). Кейде бізде күнелтуге қажетті нәрселер ғана болуы мүмкін. Бірақ біз соның барына қуанып, ол нәрселердің бізде Ехобаның арқасында бар екенін ұмытпауымыз керек (Мат. 6:11). Есімізде болсын, біз қандай құрбандыққа бармайық, бұл Ехобаның қазір және болашақта беретін баталарымен салыстырғанда түк емес! Нестор мен Мария осыған қалай көз жеткізгендерін білейік (Ишая 65:21, 22).

9. Нестор мен Марияның үлгісінен өзіңізге не түйдіңіз?

9 Колумбиялық Нестор мен Мария бауырластар табысы жақсы жұмыс істеп, әдемі үйлерінде тұрып жатты. Бір кезде олар тұрмысымызды қарапайым етіп, Ехобаға көбірек қызмет етсек қайтеді деп ойлана бастайды. Бірақ табысымыз азайса, қуанышты өмір сүре алмай қалмаймыз ба деп те қорқады. Олар бұл қорқынышты қалай жеңді? Олар Ехобаның өздеріне талай рет сүйіспеншілігін көрсеткені жайлы жақсылап ойланады. Ехобаның ешқашан тастамайтынына көзі жеткен олар жалақысы жоғары жұмыстарын тастап, үйлерін сатып, қажеттілік бар жерге көшіп барады. Қазір олар осы шешімдеріне өкіне ме? Күйеуі Нестор былай дейді: “Біз Матай 6:33-тегі сөздердің растығын өз көзімізбен көрдік. Осы күнге дейін таршылық көрген кезіміз болмады. Тіпті десеңіз, біз бұрынғыдан да бақытты өмір кешіп жатырмыз”.

АДАМНАН ҚОРҚУ

10. Неліктен адамдар өзгелерден қорқады?

10 Адам мен Хауа Құдайдан бас тартқалы бері адамдар бір-біріне жәбір көрсетіп келеді (Уағ. 8:9). Мысалы, біреулер билігін пайдаланып басқаларға қорлық көрсетеді, қылмыскерлер жауыз әрекеттерге барады, мектептегі бұзақы балалар басқаларға тиісіп, қорқытып жатады. Тіпті бір үйде өз отбасы мүшесінен соққы жеп, жәбір көріп жүргендер бар. Сондықтан да адамдардың бір-бірінен қорқатыны түсінікті жағдай. Бірақ Шайтан осы сезімді де өзімізге қарсы пайдаланып кетуі мүмкін. Қалай?

11, 12. Шайтан адам алдындағы қорқынышты қалай өзіңізге қарсы қолданады?

11 Шайтан біздің адам алдындағы қорқынышқа бой алдырып, уағыздамай қойғанымызды және Ехобаның өсиеттерінен аттап кеткенімізді қалайды. Мысалы, Шайтанның ықпалымен кейбір үкіметтер біздің ісімізге тыйым салып, бауырластарды қудалап келеді (Лұқа 21:12; Аян 2:10). Оның үстіне, Шайтанның дүниесіндегі көптеген адамдар біз жайлы жалған ақпарат таратып, өте жаман өтірік сөздер айтады. Соған сеніп қалғандар кейін бізді келеке-мазақ етеді, тіпті күш көрсетеді (Мат. 10:36). Десе де Шайтанның бұндай әрекеттері бізге жаңалық емес. Ол I ғасырда да мәсіхшілерге қарсы дәл осындай тәсілдерді қолданған (Ел. іс. 5:27, 28, 40).

Ата-анасы артында айқайлап ұрсып жатса да, ер бауырлас киініп, қауымға сенімділікпен кетіп бара жатыр.

Туған-туыстарымыз бізге қарсы шықса да, Ехобаның сүйіспеншілігіне сенімді болайық. (12—14 абзацтарды қараңыз)e

12 Шайтан бізді қорқыту үшін тек үкіметті ғана қолданбайды. Кейбір адамдар шындықты білгенде, туыстары бұны қалай қабылдайтынын уайымдайды. Олар үшін соққыға жығылғаннан гөрі сол қорқыныштырақ көрінеді. Әрине, олар отбасы мүшелерін қатты жақсы көргендіктен, олардың да Ехобаны танып-біліп, жақсы көріп кеткенін қалайды. Ал егер туыстары шынайы Құдай жайлы және оның халқы жайлы ауыр сөздер айтып жатса, бұл олардың жандарына батады. Алайда кейбір бауырластардың туысқандары алғашында қарсы болғанмен, кейін шындыққа келген. Егер сіздің туысқандарыңыз сеніміңізге бола сізбен арақатынасын үзіп, араласпай қойса, не істейсіз?

13. Отбасымыз бізден бас тартқанда, неге Ехобаның бізді сүйетініне сенімді болуымыз керек? (Зәбүр 27:10)

13 Зәбүр 27:10-дағы (оқыңыз) жанға қуат беретін сөздер жайлы ой жүгіртетін болсақ, бұл көңілімізге жұбаныш сыйлайды. Ехобаның бізге деген ыстық сүйіспеншілігін ұмытпасақ, үрейге беріліп, уайымдамаймыз. Табандылықпен соңына дейін төтеп берсек, Ехоба міндетті түрде жарылқайтынына да сенімді боламыз. Расында да, бірде-бір адам Ехобадан артық біздің рухани, тәндік, эмоциялық жағдайымызды жасай алмайды! Жоғарыда айтылған Биниам бұны өз басынан өткерген.

14. Биниамның оқиғасынан қандай сабақ алдыңыз?

14 Биниам Куәгерлер аяусыз қудаланатын елде тұрып жатса да, Ехоба куәгері болады. Ехобаның оны сүйетініне сенімді болғаны оған қуғын-сүргінге төтеп беруге қалай көмектесті? Ол былай дейді: “Мұншалықты қатты қуғын-сүргін көрем деп ойламаппын. Бірақ мен отбасымның қарсылығынан бұдан да қатты қорықтым. Әкемді жерге қарататын болдым, отбасымның көз алдында шіріген жұмыртқа болып, қадір-қасиетімнен айырылатын болдым деп уайымдадым”. Бірақ ол Ехоба өзінің сүйікті қызметшілерін ешқашан тастамайтынына көз жеткізді. Қалай? “Қызметшілері ақшадан қысылғанда, өзгелер оларды бөліп-жарғанда, топ болып шабуыл жасағанда, Ехоба оларды қалай қамқорлағаны жайлы ой жүгірттім. Сонда адалдығымнан таймай тұратын болсам, Ехоба мені жарылқайтынын түсіндім. Бірнеше рет тұтқындалғанда, тіпті азапталған кезімде де Ехоба өзіне адал жандарға әрдайым көмекке келетінін өз көзіммен көрдім”,— дейді ол. Ехоба Биниамға асқар таудай Әке болып, оның халқы Биниамның отбасына айналды.

ӨЛІМНЕН ҚОРҚУ

15. Өлімнен қорқатынымыз не себепті қалыпты жайт?

15 Киелі кітапта өлім біздің жауымыз екені айтылған (Қор. 1-х. 15:25, 26). Өзіміз не туысқандарымыз ауыр дертке шалдыққанда, өлімді ойлап, үрейленіп кететін шығармыз. Өлімнен қорқатын себебіміз — Ехоба бізді өмірден рақат алып, мәңгі жасасын деп жаратқан (Уағ. 3:11). Бұл қорқыныштың пайдасы да бар. Өмірімізді сақтау үшін біз дұрыс тамақтанамыз, дене жаттығуларын жасаймыз, қажет кезде дәрігерге барып, ем-дом қабылдаймыз және қауіпті жағдайлардан аулақ жүреміз.

16. Шайтан өлім алдындағы қорқынышты қалай пайдаланып кетуге тырысады?

16 Шайтан біздің өмірді қастерлі санайтынымызды жақсы біледі. Оның айтуынша, біз жанымызды сақтау үшін барлық нәрсеге дайынбыз, тіпті Ехобадан бас тартып кетуден де тайынбаймыз (Әйүп 2:4, 5). Бұл — барып тұрған өтірік! Бірақ Шайтан адамды “өлімге ұшырата алады”, сондықтан ол Ехобаны тастап кетуіміз үшін, өлімнен қорқатынымызды пайдалануға тырысады (Евр. 2:14, 15). Мысалы, ол өз ықпалындағы адамдар арқылы кейбір бауырластарды “сеніміңнен бас тартпасаң, өлтіреміз” деп қорқытады. Ауыр дертке шалдығып, өліммен алысып жатқан кезімізді де пайдаланып кетуге тырысады. Сондайда дәрігерлер не туысқандарымыз жан-жақтан бізді қыспақтап, Құдайдың заңын бұзып, қан құюға көндірмек болатын шығар. Немесе кейбіреулер Ехобаның принциптеріне қайшы келетін ем түрін үгіттеуі мүмкін.

17. Римдіктерге 8:37—39 тармақтарға сай, неге өлімнен қорқудың қажеті жоқ?

17 Әрине, ешқайсысымыз өлгіміз келмейді. Бірақ қандай жағдайға ұшырасақ та, тіпті өліп қалсақ та, Ехобаның сүйіспеншілігінен айырылмайтынымызды білеміз (Римдіктерге 8:37—39 оқыңыз). Қайтыс болған достарын ол еш ұмытпайды, Ехоба үшін олар әлі де тірі (Лұқа 20:37, 38). Құдайымыз оларға қайтадан өмір сыйлайтын кезді аңсайды (Әйүп 14:15). Біз “мәңгілік өмірге ие болуымыз” үшін Ехоба өте жоғары құн төлеп қойған (Жох. 3:16). Біз Ехоба Құдайымыздың бізді қаншалықты жақсы көретінін, қамымызды ойлайтынын білеміз. Сондықтан ауырып қалғанда не біреулер өліммен қорқытқанда, біз Құдайымызды тастап кетпейміз. Қайта, оны пана етіп, одан жұбаныш, даналық, күш сұраймыз. Валерия мен күйеуі дәл осылай еткен (Зәб. 41:3).

18. Валериядан не үйрендіңіз?

18 Валерия 35 жасында өте сирек кездесетін қатерлі ісіктің ауыр түріне шалдығады. Ол былай дейді: “Бұл хабарды естігенде, бір сәтте өміріміз астан-кестен болып, есімізді жия алмай қалдық. Аман қалу үшін маған өте күрделі ота жасау керек болды. Бірақ қанша іздесек те, бірде-бір хирург қансыз ота жасауға келіспеді. Сонда енді мен өліп қалам ба деп қорқып кеттім. Бірақ Ехобаның заңын бұзып, қан құйдырудан үзілді-кесілді бас тарттым”. Қалай Валерия сүйіспеншіліктің арқасында қорқынышын жеңді? “Ехоба мені осы уақытқа дейін сүйіспеншілігіне бөлеп келді емес пе? Ал енді бұл менің оған деген сүйіспеншілігімді дәлелдейтін сәт еді. Дәрігерлер маған жаман хабар айтқан сайын, Ехобаның жүрегін қуантамын, Шайтанның жеңуіне жол бермеймін деген шешімім беки түсті. Түбінде маған қансыз-ақ сәтті ота жасалды. Денсаулығым әлі де сыр беріп тұрады, бірақ Ехоба бізді әрдайым қажетімізбен қамдап келеді. Мысалы, маған нақтама қойылардың алдындағы аптада қауымда “Қиындықтарға тойтарыс бер!”c деген мақаланы қарастырдық. Бұл мақала күйеуім екеумізге жұбаныштың көзі болды. Оны қайта-қайта оқып шықтық. Басқа да мақалалардың және рухани істермен айналыса бергеніміздің арқасында сабыр сақтап, жантыныштығына ие болдық, әрі дұрыс шешімдер қабылдадық”.

ҚОРҚЫНЫШЫМЫЗДЫ ЖЕҢЕЙІК

19. Жақын арада не болады?

19 Ехобаның көмегімен жер-жердегі мәсіхшілер әртүрлі қиындықтарды еңсеріп, Шайтанға тойтарыс беріп келеді (Пет. 1-х. 5:8, 9). Бұл сіздің де қолыңыздан келеді! Өте жақын арада Ехоба бұйрық беріп, Иса мен онымен бірге билік ететіндер “Ібілістің істерін талқандайды” (Жох. 1-х. 3:8). Содан кейін жер бетінде Ехобаға қызмет ететін халықты “ештеңе қорқытпайды, шошытпайды да” (Ишая 54:14; Миха 4:4). Ал сол уақыт келгенше, қорқынышымызға бой алдырмай, онымен күресе берейік.

20. Қорқынышты жеңуге не көмектеседі?

20 Біз Ехобаның өз қызметшілерін сүйетініне, қорғайтынына одан бетер сенімді бола беруіміз керек. Бұл үшін оның ежелгі қызметшілеріне қалай қорған болғаны жайлы ой жүгіртіп, бұл туралы өзгелермен сөйлессек болады. Сондай-ақ Ехоба уайымға батыратын жағдайларға кезіккенімізде жеке бізге қалай көмектескенін де есте ұстайық. Осылайша Ехобаның көмегінің арқасында қорқынышты жеңе аламыз! (Зәб. 34:4).

ЕХОБАНЫҢ СҮЙІСПЕНШІЛІГІНЕ СЕНІМДІ БОЛСАҚ, ҚАЛАЙ БІЗ...

  • отбасымды асырай алмаймын деген қорқынышты жеңе аламыз?

  • адамнан қорықпайтын боламыз?

  • өлімнен қорықпайтын боламыз?

129-ӘН Табанды боламыз

a Қорқыныш — адамға тән сезім, әрі ол бізді қауіптен сақтайды. Бірақ кейде біз қорқынышқа бой алдырсақ, оның зиянын көруіміз мүмкін. Өйткені Шайтан сол сезімді өзімізге қарсы пайдаланып кетеді. Ендеше қорқынышты тізгіндеп үйренгеніміз жөн. Бұл үшін Ехобаның бізді сүйетініне, қолдайтынына сенімді болуымыз керек. Сонда кез келген қорқынышымызды жеңе аламыз.

b Кейбір есімдер өзгертілген.

c “Күзет мұнарасының” 2012 жыл, 15 қазандағы санының 7—11 беттерін қараңыз.

d СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Тер төгіп жатқан әйел бауырласымыз бен оның отбасына қауымдағы ерлі-зайыпты тамақ әкеле жатыр.

e СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Ата-анасы сеніміне қарсы болса да, жас бауырласымыз Ехобаның тастамайтынына сенімді.

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу