Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w22 ақпан 2—7 бет.
  • Ехоба үнемі дұрыс әрекет ететініне сенесіз бе?

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Ехоба үнемі дұрыс әрекет ететініне сенесіз бе?
  • Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2022
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • КИЕЛІ КІТАПТЫ ОҚЫҒАНДА, ЕХОБАҒА СЕНІМ АРТЫҢЫЗ
  • ҰЙЫМ НҰСҚАУЛАР БЕРГЕНДЕ, ЕХОБАҒА СЕНІМ АРТЫҢЫЗ
  • ЕХОБАҒА СЕНІМ АРТҚАНЫҢЫЗ — БОЛАШАҚҚА ДАЙЫНДЫҚ
  • Бауырластарымызға сенім артайық
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2022
  • Сенім арту бақытты өмір үшін аса маңызды
    2003 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Әрқашан Ехобаға арқа сүйеңдер!
    2015 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Ехобадан келген кітапқа сай ұйымдасқанбыз
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2016
Көбірек мәлімет
Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2022
w22 ақпан 2—7 бет.

6-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Ехоба үнемі дұрыс әрекет ететініне сенесіз бе?

“Ол — Жартасымыз, істері оның кемелді, Жолдарының бәрі әділетті. Құдай адал, еш әділетсіздік жасамайды, Ол әділ әрі шыншыл” (МҰС. 5-Ж. 32:4).

3-ӘН Сен бізге күш бердің, үміт бердің

АҢДАТПАa

1, 2. а) Көп адамға билік басындағыларға сенім арту неге қиын? ә) Бұл мақалада не қарастырамыз?

БҮГІНДЕ көп адам билік басындағыларға сенім артудан қалған. Өйткені заң мен үкімет өкілдері көбінесе бай әрі ықпалды адамдардың ғана құқықтарын қорғап, ал кедейлердікін таптап жатады. Киелі кітапта “адамның адамға билік етуі тек зиян келтіреді” деп рас айтылған (Уағ. 8:9). Оның үстіне, діни жетекшілер де халықтың көңілін әбден қалдырған. Соның кесірінен көпшілігі адам түгіл, Құдайға да сенбей кеткен. Сондықтан да Киелі кітапты жаңадан зерттей бастағандарға бірден Ехобаға және оның жердегі ұйымына сенім арту қиын болып жатады.

2 Киелі кітапты зерттеушілерге ғана емес, ұзақ уақыт шындықта жүрген біздерге де Ехобаның әрдайым дұрыс әрекет ететініне сенімімізді нығайту керек. Өйткені сеніміміз сыналатын жағдайлар болуы мүмкін. Осы мақалада солардың үшеуіне тоқталамыз: 1) Киелі кітаптан қандай да бір оқиғаны оқығанда, 2) Ехобаның ұйымынан нұсқаулар алғанда, 3) болашақтағы қиындықтар кезінде.

КИЕЛІ КІТАПТЫ ОҚЫҒАНДА, ЕХОБАҒА СЕНІМ АРТЫҢЫЗ

3. Киелі кітапты оқығанда қалайша Ехобаға деген сеніміміз сыналуы мүмкін?

3 Киелі кітапты оқыған кезде бізде “Ехоба бұл адамға неге олай жасаған? Неге бұлай шешкен?” деген сұрақтар болуы мүмкін. Мысалы, Мұсаның 4-жазбасында Демалыс күні отын жинаған бір исраилдікті Ехоба өлімге кескені айтылған. Ал Самуилдің 2-жазбасын оқысақ, неке адалдығын бұзып, кісі өлтірген Дәуіт патшаны Ехобаның кешіргенін көреміз (Мұс. 4-ж. 15:32, 35; Сам. 2-ж. 12:9, 13). Сол кезде біз: “Қалайша Ехоба Дәуіттің сондай ауыр күнәларын кешіріп, ал әлгі исраилдік кісіні өлімге кесті?”— деп ойланып қалатын шығармыз. Бұған жауап беру үшін, алдымен, Киелі кітапты оқығанда қандай үш жайтты ескеруіміз керектігін біліп алайық.

4. Мұсаның 1-жазбасы 18:20, 21 мен Мұсаның 5-жазбасы 10:17 Ехобаның әрдайым дұрыс әрекет ететініне деген сенімімізді қалай нығайтады?

4 Киелі кітапта оқиғаның мән-жайы толық айтыла бермейді. Мәселен, біз Дәуіттің жасаған күнәсі үшін қатты опық жеп, шын өкінгенін білеміз (Зәб. 51:2—4). Ал Демалыс күніне қатысты заңды бұзған исраилдік жайлы не білеміз? Ол қандай адам болған? Жасаған ісіне өкінді ме? Ол бұған дейін де Ехобаның заңдарын бұзған ба? Айтылған ескертулерді елемей жүре берді ме? Біз бұның жауабын білмейміз. Бірақ біз Ехобаның “еш әділетсіздік жасамайтынына” нық сенімдіміз (Мұс. 5-ж. 32:4). Ехоба Құдай пенделер сияқты емес. Оның көзқарасына алалаушылық не біреулердің сөздері әсер етпейді. Ол барлық мән-жайды ескеріп барып шешім қабылдайды (Мұсаның 1-жазбасы 18:20, 21; Мұсаның 5-жазбасы 10:17 оқыңыз). Ехобаның қандай Құдай екенін, нормаларының қандай екенін жақсырақ түсінген сайын, біз оның шығарған үкімдерінің дұрыс екеніне еш күмәнданбайтын боламыз. Киелі кітапқа байланысты кейбір сұрақтарымыздың жауабын әзірге білмесек те, біздің Ехоба жайлы білетініміз өте көп. Сондықтан біз оның “барлық әрекетінде әділ екеніне” сенімдіміз (Зәб. 145:17).

5. Кемелсіздік біздің әділдікке қатысты көзқарасымызға қалай ықпал етеді? (“Кемелсіз адам жағдайға әрдайым дұрыс баға бере алмайды” деген қоршауды да қараңыз.)

5 Кемелсіз болғандықтан, біздің әділдік деп ойлағанымыз әділдік бола бермейді. Біз Құдайға ұқсас етіп жаратылғандықтан, барлық жерде әділдік болғанын қалаймыз (Мұс. 1-ж. 1:26). Алайда бойымыздағы кемелсіздіктің кесірінен мән-жайды түгел білеміз деп ойласақ та, дұрыс тұжырым жасамай жатамыз. Мысалы, Жүніс пайғамбарды алайықшы. Ехоба ниневиялықтарды жоямын деген райынан қайтқанда, ол бұған ренжіп, қатты ашуланды (Жүніс 3:10—4:1). Бірақ Ехобаның рақымдылығының арқасында 120 000-нан астам шын өкінген ниневиялық тірі қалды! Көргеніміздей, бұл жағдайда әділдік танытпаған Ехоба емес, Жүніс болды.

Кемелсіз адам жағдайға әрдайым дұрыс баға бере алмайды

Ер кісінің көзілдірігі буланып, айналасын анық көре алмай тұр.

Кемелсіз болғандықтан, біз жағдайға Ехоба сияқты әділ баға бере алмаймыз. Бір жағдайда тым қатал соттап жіберсек, басқасында көз жұма салуымыз мүмкін (Сам. 1-ж. 16:7). Сол себепті кейде Ехобаның да шешімдерінің әділдігіне күмәнданып қаламыз. Бірақ Ехобаның емес, біздің көзқарасымыз қате екенін ұмытпайық. Өйткені біз көзілдірігі буланып қалған адамға ұқсаймыз. Ол қанша тырысса да, айналасын анық көре алмайды, көзілдірігі бәрін бұлыңғыр етіп көрсетеді. Ендеше, Ехобаның қандай да бір шешімінің дұрыстығына күмәнданып жатсақ, көзімізді кемелсіздік тұмандандырып тұратынын есте ұстайық (Езек. 18:29).

6. Неге Ехоба өзінің шешімдерін түсіндіруге міндетті емес?

6 Ехоба адамдарға әрекеттерінің себебін түсіндіруге міндетті емес. Рас, Ехоба бұрында өзінің қабылдап қойған я қабылдағалы жатқан шешіміне қатысты қызметшілерінің ойын тыңдаған (Мұс. 1-ж. 18:25; Жүніс 4:2, 3). Кейде не үшін ондай шешім қабылдағанын да түсіндірген (Жүніс 4:10, 11). Алайда Жаратушымыз болғандықтан, Ехоба бізге есеп беріп отыруға міндетті емес. Ол бізбен санасуды не мақұлдауымызды қажет етпейді (Ишая 40:13, 14; 55:9).

ҰЙЫМ НҰСҚАУЛАР БЕРГЕНДЕ, ЕХОБАҒА СЕНІМ АРТЫҢЫЗ

7. Бізге не қиын болуы мүмкін және неге?

7 Ехобаның әрдайым дұрыс әрекет ететініне еш күмәніміз жоқ, әрине. Бірақ оның тағайындаған адамдарына сенім арту қиын болуы мүмкін. Біз: “Ұйымдағы жетекшілік ететін ер адамдар шынымен де Ехобаның нұсқауымен әрекет етті ме, әлде өз бетінше ме?”— деп күмәндануымыз мүмкін. Осындай жағдай Киелі кітап жазылған заманда да болса керек. Мысалы, Демалыс күніне қатысты заңды бұзған әлгі исраилдікті алайықшы. Оның туысы: “Бауырыма үкім шығарарда Мұса шынымен де Ехобамен ақылдасты ма, әлде оны өлім жазасына өзі кесе салды ма?”— деп ойлаған болуы мүмкін. Ал хеттік Ұрияның досы не ойлады екен? Оған “Дәуіт өзінің патша екенін пайдаланып, тиісті жазасынан құтылып кетті” деген ой келген шығар. Алайда мынаны ұмытпайық: Ехобаның ұйымында тағайындалған жауапты адамдарға сенім артпасақ, Ехобаға сенім артамыз деп айта алмаймыз. Себебі Ехобаның өзі оларға сенім артып отыр.

8. Елшілердің істері 16:4, 5-ті ескерсек, I ғасырдағы қауымдар мен бүгіндегі қауымдар қай жағынан ұқсас?

8 Бүгінде Ехоба ұйымының жердегі бөлігін “адал да ақылды құл” арқылы жетелейді (Мат. 24:45). I ғасырдағы басқарушы кеңес сияқты, адал да ақылды құл дүниежүзіндегі Құдайдың халқын басқарады әрі қауым ақсақалдарына басшылық беріп отырады (Елшілердің істері 16:4, 5 оқыңыз). Ақсақалдар болса сол басшылықтардың қауымдарда орындалуын қадағалайды. Егер біз ұйымнан және ақсақалдардан келген басшылықтарға құлақ ассақ, Ехобаның шешімдеріне сенім артатынымызды көрсетеміз.

9. Қандай жағдайларда ақсақалдардың шешіміне мойынсұну қиын болуы мүмкін және неге?

9 Кейде ақсақалдарға мойынсұнып, олармен қызметтесу оңай болмауы мүмкін. Мысалы, соңғы жылдары кейбір қауымдар басқа қауымдарға қосылып, аудандары ауысып кетті. Ал кей жерлерде ақсақалдар Патшалық сарайларындағы бос орындарды барынша тиімді пайдалану үшін, кейбір жариялаушылардан басқа қауымға өтуді сұраған. Бізден де осылай өтінсе, отбасымызды, достарымызды қиып кету оңай болмайтын шығар. Әрине, бұл жағдайда ақсақалдар кімді қай қауымға жіберу керектігін көктен аян алып айтпайды. Сондықтан оларға бағыну қиын болатын шығар. Бірақ мұндай шешім қабылдауды Ехоба ақсақалдарға тапсырған әрі оларға сенім артады. Сондықтан біз де сенім артуымыз керекb.

10. Еврейлерге 13:17-ге сай, ақсақалдардың шешімін не үшін қолдауымыз керек?

10 Ақсақалдардың шешімдері көңілімізден шықпаса да, неліктен оларды қолдағанымыз дұрыс? Өйткені осылай біз Құдай халқының арасындағы бағалы бірлікті сақтаймыз (Ефес. 4:2, 3). Барлығымыз ақсақалдардың кеңесі шығарған шешімдерді кішіпейілділікпен қолдасақ, қауымымыз құлпыра түседі (Еврейлерге 13:17 оқыңыз). Ал бұдан да маңыздысы, осылай біз Ехобаға сенім артамыз, өйткені біздің қамымызды ойлауды Ехоба сол ақсақалдарға сеніп тапсырған (Ел. іс. 20:28).

11. Ақсақалдардың нұсқауларына көбірек сенім артуға не көмектеседі?

11 Ақсақалдардың беріп жатқан нұсқауларына сенім артуға не көмектеседі? Олар қауымға байланысты мәселелерді шешкенде әрдайым киелі рух сұрап дұға ететінін ұмытпайық. Сондай-ақ олар Киелі кітаптағы принциптерді және Ехобаның ұйымы беріп отырған басшылықтарды мұқият қарастырады. Бұған қоса, олар Ехобаға ұнамды болғылары келеді және оның халқы үшін ең жақсы шешім шығарғылары келеді. Сондай-ақ осы адал адамдар міндеттерін қалай атқарып жатқандары үшін Ехобаның алдында есеп беретіндерін де ұмытпайды (Пет. 1-х. 5:2, 3). Ойлап көріңізші, мына дүниеде адамдар ұлтына, дініне, саяси көзқарасына қарай жік-жікке бөлініп жатқанда, Ехобаның халқы бір Құдайға бірлікте ғибадат етіп жүр! Бұл тек Ехобаның өз ұйымына батасын беріп отырғанының арқасында.

12. Ақсақалдар адамның шын өкінетінін қалай анықтайды?

12 Ехоба ақсақалдарға өте үлкен жауапкершілік жүктеген. Бұл — қауымды таза сақтау жауапкершілігі. Егер бір бауырлас ауыр күнә жасаса, оның қауымда қалу-қалмауын шешуді Ехоба ақсақалдарға тапсырған. Бұл үшін ақсақалдар келесі жайттарды есепке алады: ол адам күнәсіна шын өкіне ме? Өкінемін деп айтқанымен, жасаған ісін жек көретіні байқала ма? Күнәсін қайталамауға бекінген бе? Оны күнә жасауға жаман орта итермелеген болса, сол ортамен байланысын үзуге дайын ба? Оны қауымда қалдыру-қалдырмауды шешпес бұрын, ақсақалдар дұға етеді. Сосын барлық айғақтарды, Киелі кітапта не айтылғанын және адамның жасаған ісіне деген көзқарасын ескеріп, шешім қабылдайды. Кейбір жағдайларда адам қауымнан шығарылады (Қор. 1-х. 5:11—13).

13. Жақын адамымыз қауымнан шығарылғанда не деп уайымдауымыз мүмкін?

13 Егер қауымнан шығарылған адам біздің туысымыз да, досымыз да болмаса, бұл шешімді оңай қабылдайтын шығармыз. Ал егер ол жақын адамымыз болса, біздің ақсақалдарға деген сеніміміз сыналуы мүмкін. Қалай? Біз ақсақалдар мән-жайды түгел қарастырды ма екен, олар шынымен де Ехоба қалағандай шешім қабылдады ма деп уайымдауымыз мүмкін. Осындайда ақсақалдардың шешімін дұрыс қабылдауға не көмектеседі?

14. Жақын адамымыз қауымнан шығарылса, ақсақалдардың шешімін дұрыс қабылдауға не көмектеседі?

14 Қауымнан шығару Ехобаның ұйымдастырған шарасы екенін және бүкіл қауымның да, күнә жасаған адамның да пайдасы үшін екенін ұмытпайық. Ойлап көрейікші, егер күнәсіна өкінбейтін адам қауымда қала берсе, не болуы мүмкін? Ол басқаларды да күнәға еліктіруі мүмкін (Ғал. 5:9). Жасаған күнәсінің қаншалықты ауыр екенін түсінбей, Ехобаның ықыласына ие болуға тырыспай, көзқарасын да, ісін де түземей жүре берер еді (Уағ. 8:11). Ақсақалдар адамды қауымнан шығаруға өте үлкен жауапкершілікпен қарайтынына сенімді болайық. Ежелгі Исраилдегі билер сияқты, олар да “адамның емес, Ехобаның атынан төрелік ететіндерін” жақсы түсінеді (Шеж. 2-ж. 19:6, 7).

ЕХОБАҒА СЕНІМ АРТҚАНЫҢЫЗ — БОЛАШАҚҚА ДАЙЫНДЫҚ

Бауырластар жертөледе жиналды. Бір ер бауырлас нұсқау беріп жатса, басқа ер бауырлас оған күмәнмен қарап тұр.

Зор алапатта берілетін нұсқауларға сенім артып, мойынсұнуға не көмектеседі? (15-абзацты қараңыз)

15. Ехобаның шешімдеріне неліктен әсіресе қазір сенім артуымыз керек?

15 Осы дүниенің соңы жақындаған сайын, біз Ехобаның шешімдерінің дұрыстығына бұрынғыдан бетер сенуіміз керек. Өйткені зор алапатта біз тиімсіз, ақылға қонымсыз, біртүрлі көрінетін нұсқаулар алуымыз мүмкін. Ехоба нұсқауларын бізге жеке келіп, құлағымызға сыбырлап айтпайды. Бұл үшін ол жердегі тағайындалған өкілдерін қолданатын болса керек. Сол уақыт “айтылған нұсқаулар шынымен Ехобадан ба, әлде ақсақалдар өз бетінше әрекет етіп жатыр ма?” деп күмәнданатын кез емес. Сол маңызды, шешуші сәтте сіз қалай әрекет етесіз? Басшылықтарға бағынасыз ба? Егер сіз қазірдің өзінде Ехобаның ұйымы беріп жатқан басшылықтарға мойынсұнсаңыз, зор алапатта да мойынсұну сізге қиын болмайды (Лұқа 16:10).

16. Ехобаның шешімдеріне деген сеніміміз жақын болашақта қалай сыналуы мүмкін?

16 Қазір біз көп адам, әсіресе сенуші емес туыстарымыз, Армагеддон келмес бұрын шындыққа келеді деп үміттеніп отырмыз. Алайда Армагеддон кезінде Ехоба Иса арқылы оларға қатысты соңғы шешімін шығарады (Мат. 25:31—33; Сал. 2-х. 1:7—9). Сонда Ехобаның шешімін қалай қабылдар екенбіз? Сол жайлы қазірден ойланып көрсек болады (Мат. 25:34, 41, 46). Кімнің құтқарылатынын, ал кімнің жойылатынын шешетін — біз емес, Ехоба. Сол кезде Ехобаның шешімі әділ екеніне сенім артамыз ба, әлде сүрінеміз бе? Алдағы уақытта Ехобаға толықтай сенім арту үшін, қазірден бастап оған сенімімізді нығайту қаншалықты маңызды!

17. Осы дүниенің соңы келгенде Ехобаның шешімдерінің қандай нәтижесін көреміз?

17 Біз Ехобаның шешімдерінің керемет нәтижесін жаңа дүниеде көретін боламыз. Сол уақытта жалған дін болмайды. Ақшаға тойымсыз сауда-саттық әлемі жоқ болады. Ғасырлар бойы адамдарды қанап, түрлі қасірет шектірген саяси жүйе де болмайды. Ауру-сырқау, кәрілік пен өлім де ұмыт болады. Шайтан мен жын-перілері мың жылға бұғауланады. Олардың бүліктерінің кесірінен болған жамандықтың бәрінен құтыламыз (Аян 20:2, 3). Сол кезде біз: “Ехобаның дұрыс әрекет ететініне сенім артқаным қандай жақсы болған!”— дейміз.

18. Мұсаның 4-жазбасы 11:4—6 мен 21:5-те айтылған жағдайдан қандай сабақ аламыз?

18 Ал жаңа дүниеде ше? Ехобаның дұрыс әрекет ететініне деген сеніміміз сыналуы мүмкін бе? Мысырдағы құлдықтан шыққаннан кейін көп ұзамай исраилдіктермен болған жағдайды еске алайықшы. Кейбіреулері Мысырда жеген түрлі дәмді тамақтарын аңсап, Ехобаның беріп отырған маннасынан жеркеніп, нали бастады (Мұсаның 4-жазбасы 11:4—6; 21:5 оқыңыз). Зор алапаттан өткеннен кейін бізге де осындай ойлар келуі мүмкін. Өйткені Армагеддон соғысынан кейін жерді тазартуға және оны жұмаққа айналдыруға біраз уақыт пен күш кететін көрінеді. Сондықтан басында өміріміз оңай болмауы мүмкін. Сол кезде Ехобаның беріп отырғандарына наразы болып, күңкілдеп жүрмейміз бе? Бір анығы, Ехобаның қамтамасыз етіп отырған нәрселеріне қазір риза болсақ, сол кезде одан бетер бағалайтын боламыз.

19. Мақаланың негізгі ойларын айтып өтіңіз.

19 Ехоба әрқашан дұрыс әрекет етеді. Біз соған сенімді болуымыз керек. Сондай-ақ оның нұсқауларын жеткізетін адамдарға да сенім артуымыз керек. Ендеше, Ехобаның Ишая пайғамбар арқылы айтқан мына сөздерін есте ұстайық: “Сабыр сақтап, маған сенім артсаңдар, күшті боласыңдар” (Ишая 30:15).

МЫНА ЖАҒДАЙЛАРДА ЕХОБАНЫҢ ДҰРЫС ӘРЕКЕТ ЕТЕТІНІНЕ ДЕГЕН СЕНІМІМІЗ СЫНАЛСА, НЕНІ ҰМЫТПАУЫМЫЗ КЕРЕК:

  • Киелі кітаптағы бір оқиғаны оқығанда?

  • нұсқаулар алғанда?

  • болашақтағы қиындықтар кезінде?

98-ӘН Рухтың жетелеуімен жазылған Жазбалар

a Осы мақалада біз Ехобаға және оның жердегі өкілдеріне толық сенім артқанымыз неге маңызды екенін білеміз. Осылай еткеніміздің бүгінде біз үшін қандай пайдасы бар? Ал болашақтағы қиындықтар кезінде қандай пайдасы болмақ?

b Кейде бір бауырлас не бір отбасы келелі себептер бойынша өз қауымында қалатын жағдайлар болады (2002 жылдың қараша айындағы “Біздің қасиетті қызметіміздің” “Сауалдар жәшігін” қараңыз).

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу