Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w21 шілде 26—29 бет.
  • Ехобаға қызмет етумен өткен бақытты ғұмырым

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Ехобаға қызмет етумен өткен бақытты ғұмырым
  • Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2021
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • ОҢТҮСТІК АФРИКАҒА ЖОЛ ТАРТУЫМ
  • ҮЙЛЕНІП, ЖАҢА ҚЫЗМЕТКЕ ТАҒАЙЫНДАЛУЫМ
  • БЕТЕЛГЕ ҚАЙТА ОРАЛУЫМ
  • БАСПА ІСІНЕ ҚАЙТА ОРАЛУЫМ
  • ЖАҢА ҚЫЗМЕТКЕ ТАҒАЙЫНДАЛУЫМ
  • Қымбатты Патшалықтың жариялаушылары!
    Біздің патшалық қызметіміз. 2006
  • Бетелге қош келдіңдер!
    2010 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2021
w21 шілде 26—29 бет.
Джон мен Лаура Кикот.

ӨМІРБАЯН

Ехобаға қызмет етумен өткен бақытты ғұмырым

АЙТЫП БЕРГЕН: ДЖОН КИКОТ

МЕН 1958 жылы Канададағы филиалда қызмет ете бастадым. Ол кезде жасым небәрі он сегізде еді. Мен баспаханада әдебиеттер басып шығарылғаннан кейін еденді сыпыратынмын. Уақыт өте басылып шыққан журналдарды кесетін машинада жұмыс істейтін болдым. Мен өміріме де, бетелдік қызметіме де өте риза едім.

Бір жылдан кейін Бетел отбасына бір хабарландыру айтылды. Оңтүстік Африка филиалында су жаңа айналмалы баспа машинасы орнатылатындықтан, ол жаққа ерікті қызметшілер керек екен. Мен ниет білдіріп, атымды тізімге жазып қойдым. Ал таңдалғанымда, қатты қуандым. Менімен бірге үш ер бауырлас та таңдалыпты. Олар: Деннис Лич, Бил Маклеллан, Кен Нордин. Бауырластар бізге тек бір жаққа ғана баратын билет сатып әперді.

Мен анама хабарласып: “Сізге бір жаңалығым бар, мен Оңтүстік Африкаға тағайындалдым”,— дедім. Анам көп сөйлемейтін адам болғанымен сенімі мықты, рухани мәсіхші еді. Менің жаңалығымнан кейін анам көп сөз айтпаса да, ол мені іштей қолдайтынын білетінмін. Анам да, әкем де бұл шешіміме қарсылық білдірмеді, бірақ алыс жаққа кетіп бара жатқаныма көңілдері түсті.

ОҢТҮСТІК АФРИКАҒА ЖОЛ ТАРТУЫМ

Деннис Лич, Кен Нордин, Бил Маклелланмен бірге Кейптауннан Йоханнесбургқа баратын пойызда отырмыз, 1959 жыл

60 жылдан кейін төртеуіміздің Оңтүстік Африка филиалында бас қосқан кезіміз, 2019 жыл

Біз төрт ер бауырлас болып Бруклиндегі Бетелде үш ай бойы типографиялық баспа машинасында жұмыс істеуді үйрендік. Кейін біз жүк кемесіне мініп, Оңтүстік Африканың Кейптаун қаласына жол тарттық. Ол кезде жиырма жасқа енді толған едім. Кейін Кейптаунға келгенде, кешкісін пойызға отырып, Йоханнесбургқа бет алдық. Бұл ұзақ сапар болды. Таңертең алғаш тоқтаған бекетіміз Кару деген шөлейттегі кішкентай бір қала болды. Ол жердің ауа райы өте ыстық еді әрі жан-жақтың бәрі шаң-топалаң болып жатты. Төртеуміз терезеден телміріп, “қандай жерге бара жатырмыз өзі” деп ойладық. Біраз жыл өткеннен кейін біз осы жолдармен қайта жүргенде, бұл кішкентай қалалар бізге ыстық көрінетін. Ол жердегі адамдардың тыныш өмірі бізге ұнайтын.

Мен бірнеше жыл бойы ерекше де күрделі линотип машинасында жұмыс істедім, яғни “Күзет мұнарасы” мен “Ояныңдар!” журналының мәтінін металл жолақтарға түсіріп, баспаға дайындайтынмын. Мұндағы филиал Оңтүстік Африканың түрлі тілдерінде ғана емес, солтүстіктегі елдерге де журналдар басып шығаратын. Жаңа айналмалы баспа машинасының көп кәдеге жарағаны бізді қатты қуантты.

Кейін мен әдебиеттерді аударатын, басатын және тасымалдайтын бөлімде қызмет еттім. Қызметтен қолым босамайтын. Өмірім қызықты әрі мән-мағынаға толы болды.

ҮЙЛЕНІП, ЖАҢА ҚЫЗМЕТКЕ ТАҒАЙЫНДАЛУЫМ

Лаура екеуіміздің арнайы ізашар болып қызмет етіп жүрген кезіміз, 1968 жыл

1968 жылы мен Лаура Боуен деген ізашарға үйлендім. Ол Бетелге жақын жерде тұратын әрі аударма бөліміне көмектесіп, әдебиеттердің мәтінін теретін. Сол уақыттары жаңадан үйленген ерлі-зайыптылар Бетелде қызмет ете алмайтын. Сондықтан бізді арнайы ізашар етіп тағайындады. Мен Бетелде он жыл қызмет еткенімде не ішемін, не жеймін, қайда тұрамын деп уайымдамайтынмын. Ал енді өмірім қалай болады екен деп біраз уайымдадым. Сол кезде ұйым Лаура екеуімізге 25 рандтан (сол уақытта 35 АҚШ доллары) беретін. Бірақ бұл үшін біз белгілі бір сағат уағыздап, белгілі бір мөлшерде қайта барулар жасап, әдебиеттер таратуымыз керек еді. Бұл ақшаны пәтер ақысына, тамаққа, жолкіреге, дәрі-дәрмекке және басқа да шығындарды жабуға жеткізуіміз керек болды.

Біз Дурбан (Үнді мұхиты) қаласының маңындағы шағын топқа тағайындалдық. Ол жерде негізінен үнді халқы тұратын. Олардың көбісі 1800 жылдары қант плантациясындағы жұмысқа жегілген үнділердің ұрпақтары еді. Олар қазір басқа жұмыспен айналысқанымен, салт-дәстүрлерін, мәдениеттерін, карри сияқты дәмді ұлттық тағамдарын сақтап қалған. Бұл халықтың ағылшын тілінде сөйлей алатыны бізге өте ыңғайлы еді.

Сол кездері арнайы ізашарлар ай сайын 150 сағат қызмет ететін. Сөйтіп, Лаура екеуіміз қызметіміздің ең бірінші күні 6 сағат қызмет етуді жоспарладық. Ауа райы аптап ыстық әрі дымқыл болып тұрды. Біздің қайта баратын адамдарымыз бен зерттеу сабақтарымыз болмағандықтан, 6 сағат тек қана үйме-үй уағыздауымыз керек еді. Біраз уақыт уағыздағаннан кейін, мен сағатыма қарасам, небәрі 40 минут өтіпті! Сонда мен “мына түрімізбен 150 сағатты қалай жасаймыз” деп ойладым.

Кейін біз жоспарымызды ретке келтіріп алдық. Біз күн сайын тіске басар сэндвич дайындап, термосқа кофе не көже құйып алатынбыз. Сөйтіп, шаршағанда, кішкентай Фольксваген көлігімізді талдың астына қойып, үзіліс жасап алатынбыз. Кейде бізді сүйкімді-сүйкімді үнді балалары қоршап, бізге қызықтап қарап тұратын. Бірнеше күн өткеннен кейін біз қызметте алғашқы екі-үш сағаттан кейін уақыттың зымырап өтетінін байқадық.

Үнді халқы мейірімді, қонақжай, өзгелерді сыйлайтын, Құдайдан қорқатын адамдар екен. Олардың көбісі хабарымызға құлақ асты. Олар Ехоба, Иса, Киелі кітап, болашақта тыныш өмір болатыны және өлгендердің қайта тірілетіні жайлы білгенді қатты ұнататын. Бір жылдың ішінде бізде жиырма зерттеу сабағы пайда болды. Біз зерттеу сабақтарына барғанда, күніне бір рет бір отбасымен түскі ас ішетінбіз. Қызметіміз де, өміріміз де өзімізге өте ұнайтын.

Көп ұзамай бізді Үнді мұхитының жағалауындағы аймаққа аудандық бақылаушы етіп тағайындады. Қауымдарға сапармен барғанда, бір отбасының үйінде тоқтайтынбыз. Біз сол үйдің балаларымен, үй жануарларымен ойнап, сол отбасының адамындай болып кететінбіз. Осылай қызыққа толы екі жылымыз өтті. Бір күні күтпеген жерден Бетелден қоңырау шалып, біздің Бетелге қайтқанымызды қалайтындарын айтты. Сонда мен: “Біз бұл жерде жап-жақсы қызмет етіп жүрміз”,— деп жауап беріппін. Бірақ, әрине, біз ұйым қайда тағайындаса, сонда барып қызмет етуге дайын болдық.

БЕТЕЛГЕ ҚАЙТА ОРАЛУЫМ

Мен Бетелде қызмет бөліміне тағайындалдым. Ол жерде рухани толысқан, тәжірибелі бауырластардан көп нәрсеге үйрендім. Ол кездері аудандық бақылаушы қауымға сапар жасағаннан кейін, сол қауым жайлы Бетелге хат жазатын. Кейін филиал сол қауымға хат жолдап, оларды жігерлендіретін және қажетті нұсқаулар беретін. Хатшы бауырластар коса, зулу сияқты тілдерде жазылған хаттарды ағылшын тіліне аударатын. Кейін филиалдың ағылшынша жазған хаттарын қайтадан сол тілдерге аударатын. Сол аудармашылардың ерен еңбектерінің арқасында мен қара нәсілді бауырластарымның қандай қиындықтарға кезігіп жүргендерін біле алдым.

Сол уақыттары Оңтүстік Африкада апартеидтік жүйе орнаған еді. Әр нәсілдік топ өзіне белгіленген аймақта ғана тұратын. Олар өзге нәсілдің адамдарымен араласа алмайтын. Сондықтан қара нәсілді бауырластар өз тілдерінде ғана сөйлеп, өз тілдерінде уағыздап, өз тілдеріндегі қауымға ғана баратын.

Мен бұған дейін тек ағылшын тілінде сөйлейтін аумақта қызмет еткендіктен, қара нәсілді африкалықтардың мәдениеті, салт-дәстүрі жайлы көп білмеппін. Ал енді бауырластарымның жергілікті діни-нанымдармен және салт-жоралармен байланысты қандай қиындықтарға кезігіп жүргендерін түсіне бастадым. Олар Жазбаларға қайшы дәстүрлерден арылған және отбасылары, ауылдастары аяусыз қуғындаса да, спиритизммен байланысты салт-жоралардан бас тартқан. Мен олардың батылдықтарына қайран қалатынмын. Елдің шалғай жерлерінде халық өте кедей тұратын. Көбісі тіпті мектепте де оқымаған. Бірақ олар Киелі кітапты құрметтейтін.

Менде сенім бостандығы мен бейтараптыққа байланысты сот істеріне қатысуға мүмкіндік болды. Куәгер балаларды әнұран айтпағандары, дұғаға қатыспағандары үшін мектептен шығарып жатты. Олардың адалдықтары мен батылдықтарын көріп сенімім нығаятын.

Африканың Свазиленд деген кішкентай елінде бауырластар тағы бір қиындыққа кезікті. Елдегі Сабуза II патша қайтыс болғанда, үкімет барлық тұрғындардан жоқтау рәсімін ұстануды талап етті. Яғни ерлер шаштарын тақыр қылып, ал әйелдер өте қысқа қылып кесіп тастаулары керек еді. Бұл дәстүр ата-баба әруағына табынумен байланысты болғандықтан, бауырластар оны ұстанудан бас тартты. Сондықтан қатты қудаланды. Олардың Ехобаға деген адалдықтарын көріп жүрегіміз елжіреп кетті. Африкалық бауырластардың адалдықтары мен шыдамдылықтары біз үшін керемет үлгі еді. Олардың үлгілеріне қарап сеніміміз қатаятын.

БАСПА ІСІНЕ ҚАЙТА ОРАЛУЫМ

1981 жылы мен қайтадан Баспа бөліміне тағайындалдым. Бұл бір ерекше кезең еді. Өйткені техника дамып, баспаханада компьютерлер қолданыла бастады. Техника сататын жергілікті бір сатушы бізге фототерім машинасын тегін қолдана тұруға берді. Содан біз тоғыз линотип машинасын су жаңа бес фототерім машинасымен алмастырдық. Бір жаңа офсеттік баспа машинасын да орнаттық. Жұмыс қыз-қыз қайнап, бұрынғыдан да көп әдебиет басатын болдық.

Компьютердің арқасында біз мәтінді беттерге құюдың жаңа әдісін ойлап таптық. Бұл MEPS, яғни көптілді электронды баспа жүйесі деп аталды. Кезінде біз сонау Канададан Оңтүстік Африкаға көп күшті талап ететін әрі баяу істейтін линотипте жұмыс істеу үшін келген едік. Ал енді бәрі басқаша болды (Ишая 60:17). Төртеуміз де рухани толысқан ізашар қыз бауырластарға үйлендік. Сол кезде Билл екеуіміз әлі де Бетелде қызмет етіп жаттық. Ал Кен мен Деннис болса бала-шағаларымен жақын жерде тұрып жатты.

Бетелдің атқаратын жұмысы көбейе берді. Киелі кітапқа негізделген әдебиеттер одан да көп тілге аударылып, басылатын болды. Біз басылымдарды басқа да филиалдарға жібере бастадық. Сонда біз жаңа Бетел кешені қажет екенін түсіндік. Содан Йоханнесбургтің батыс жағында бір әдемі жерге бауырластар Бетел ғимараттарын соғып, оны 1987 жылы бағыштады. Мен осындай өсімді көргеніме, Оңтүстік Африка филиалының комитетінде көп жыл қызмет ете алғаныма өте қуаныштымын!

ЖАҢА ҚЫЗМЕТКЕ ТАҒАЙЫНДАЛУЫМ

2001 жылы мені Құрама Штаттарда жаңадан құрылған филиал комитетінде қызмет етуге шақырғанда, қатты таңғалып қалдым. Оңтүстік Африкадағы қызметіміз бен достарымызды қимасақ та, Құрама Штаттардағы Бетел отбасының мүшесі болуға асықтық.

Бірақ біз Нью-Йоркке кетіп қалсақ, Лаураның қарт анасына көмектесе алмай қаламыз ғой деп уайымдадық. Алайда Лаураның үш сіңлісі көмектерін ұсынып, аналарына тәндік, эмоциялық жағынан және қаржылай қолдау көрсететіндерін айтты. Олар: “Біз сендер сияқты толық уақытты қызмет атқара алмаймыз. Бірақ анамызға қарайтын болсақ, сендердің атқаратын қызметтеріңе өз үлесімізді қосамыз”,— деді. Біз оларға шексіз ризамыз!

Менің де Торонтода (Канада) тұратын ағам мен жеңгем әкем қайтыс болғаннан кейін, анамды қолдарына алып, 20 жылдан көп уақыт қарады. Біз Нью-Йоркке келгеннен кейін анам қайтыс болды. Ағам мен жеңгем біздің жоқтығымызды білдірмей, анама соңына дейін қамқорлық көрсеткендеріне қатты ризамын. Өздеріне ыңғайсыз болса да, өзгерістерге бейімделіп, осындай жауапкершілік алуға дайын болған бауырлардың болғаны қандай жақсы!

Мен біраз жыл бойы Құрама Штаттардағы филиалда әдебиеттер басып шығаратын бөлімге көмектестім. Қазір әдебиеттеріміз бұрынғыға қарағанда әлдеқайда оңай әрі жылдам шығарылады. Соңғы жылдары мен жабдықтау бөлімінде қызмет етіп жүрмін. Біздің филиалда 5000-дай бетелдік, 2000-дай ерікті қызметші бар. Осындай үлкен Бетелде қызмет етіп жүргеніме 20 жылдан асыпты.

60 жыл бұрын біреу маған өмірің осылай болады десе сенбес едім. Осыншама жыл бойы Лаура менің адал серігім, қолдаушым болып келеді. Өткен өміріме өте ризамын. Біз әртүрлі қызмет атқардық. Тамаша адамдармен бірге қызметтестік. Дүниежүзіндегі көптеген филиалдарға сапар жасадық. Қазір жасым сексеннен асқандықтан, жауапкершіліктерім сәл азайды. Өйткені оларды атқаратын қабілетті жас ер бауырластар көп.

Зәбүр жыршысы: “Ехоба қай халықтың Құдайы болса, ...сол халық бақытты”,— деген (Зәб. 33:12). Неткен рас айтылған сөздер! Сол бақытты халықтың арасында болғаныма шексіз ризамын!

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу