Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w20 наурыз 24—29 бет.
  • “Бір-біріңді барынша жақсы көріңдер”

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • “Бір-біріңді барынша жақсы көріңдер”
  • Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2020
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • ТАТУЛАСТЫРУШЫ БОЛЫҢЫЗ
  • ЕШКІМДІ АЛАЛАМАҢЫЗ
  • ҚОНАҚЖАЙ БОЛЫҢЫЗ
  • Көңілді хош ететін қонақжайлылық аса қажет!
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2018
  • Сүйіспеншілігіңізді жетілдіре беріңіз
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2023
  • Келіспеушіліктің шешімін сүйіспеншілікпен табайық
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2016
  • “Бір-бірімізді... іс жүзінде әрі шын жүректен сүйейік”
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2017
Көбірек мәлімет
Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2020
w20 наурыз 24—29 бет.

13-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

“Бір-біріңді барынша жақсы көріңдер”

“Бір-біріңді барынша жақсы көріңдер” (ПЕТ. 1-Х. 1:22).

109-ӘН “Бір-біріңді барынша жақсы көріңдер”

АҢДАТПАa

Иса адал елшілерімен сөйлесіп отыр.

Елшілерімен бірге өткізген соңғы түні Иса сүйіспеншілікке айрықша мән берді (1, 2-абзацты қараңыз)

1. Иса шәкірттеріне қандай нұсқау берді? (Мұқабадағы суретті қараңыз.)

ИСА өлер алдындағы түні шәкірттеріне ерекше бір нұсқау берді. Ол былай деді: “Мен сендерді қалай сүйсем, сендер де бір-біріңді солай сүйіңдер”. Сосын: “Менің шәкірттерім екендеріңді жұрттың бәрі өзара сүйіспеншіліктеріңнен білетін болады”,— деп қосты (Жох. 13:34, 35).

2. Бір-бірімізге сүйіспеншілік таныту неліктен маңызды?

2 Иса өзінің шынайы шәкірттерін не ерекшелендіретінін айтқан: егер олар Исанікіндей сүйіспеншілік танытса, шынайы шәкірттер екендерін көрсетер еді, бүгінде де тура солай. Сондықтан қиын болса да өзара сүйіспеншілік таныту қаншалықты маңызды десеңізші!

3. Бұл мақалада не қарастырамыз?

3 Кемелсіздіктің кесірінен бір-бірімізді барынша жақсы көру кейде қиын. Десе де Мәсіхке еліктеуге тырыса беруіміз керек. Бұл мақалада сүйіспеншілік бізге татуластырушы болуға, ешкімді алаламауға және қонақжай болуға қалай көмектесетінін қарастырамыз. Мақаланы зерттеу барысында “қиын болғанына қарамай, сүйіспеншілік таныта берген бауырластардан не үйренемін?” деп ойланып көріңіз.

ТАТУЛАСТЫРУШЫ БОЛЫҢЫЗ

4. Матай 5:23, 24-ке сай, бізге реніші бар бауырласпен неге татуласуымыз керек?

4 Иса егер бауырласымыздың бізге реніші бар болса, онымен татуласудың маңызды екенін айтқан (Матай 5:23, 24 оқыңыз). Ол Құдайға ұнамды болғымыз келсе, өзгелермен жақсы қарым-қатынас сақтауымыз керектігіне баса назар аударған. Бауырластармен тату болу үшін қолымыздан келгеннің бәрін істесек, Ехоба қуанады. Ал егер біреумен ренжісіп жүре берсек және татуласуға тырыспасақ, Ехоба ғибадатымызды қабылдамайды (Жох. 1-х. 4:20).

5. Бір бауырласқа татулық сақтау неге қиын болды?

5 Кейде татулық сақтау бізге қиын болуы мүмкін. Робертпенb болған жағдайды қарастырайық. Бір бауырлас оны сынап-мінеп, қауымдағыларға ол жайлы жаман нәрселер айтады. Бұл Роберттің көңіліне қатты тиеді. Сонда ол не істеді? “Өзімді ұстай алмай, ашуға булықтым”,— дейді Роберт. Бірақ кейін ол мұнысына өкініп, бауырластан кешірім сұрауға және татуласуға тырысады. Алайда әлгі бауырлас татуласқысы келмейді. Сонда Роберт: “Егер ол татуласқысы келмесе, неге мен күш салуым керек?”— деп ойлайды. Бірақ аудандық бақылаушы оған берілмеуді айтты. Содан Роберт не істеді?

6. а) Роберт қалай татулық орнатуға тырыса берді? ә) Роберт Қолостықтарға 3:13, 14-тегі сөздерді қалай қолданды?

6 Роберт өз көзқарасын салмақтап-саралағанда, кішіпейілділік жетіспейтінін және өзін тым әділ санайтынын түсінеді. Сөйтіп, ой қалпын өзгерту керек екенін ұғады (Қол. 3:8, 9, 12). Сосын ол кішірейіп, әлгі бауырласқа барып әрекеті үшін тағы да кешірім сұрайды. Сондай-ақ оған өкінетінін және қайтадан дос болғысы келетінін айтып хаттар жазады. Роберт оған ұнайды-ау деген кішігірім сыйлықтар да береді. Бірақ өкінішке қарай, ол бауырластың өкпе-реніші еш тарқамайды. Сонда да Роберт Исаның нұсқауына құлақ асып, бауырласын сүюді және кешірімді болуды жалғастыра береді (Қолостықтарға 3:13, 14 оқыңыз). Тіпті біз татулық сақтауға тырысып, ал өзгелер бұған ұмтылмаса да, шын мәсіхшілік сүйіспеншілік оларды кешіре беруге, татуласу үшін дұға ете беруге көмектеседі (Мат. 18:21, 22; Ғал. 6:9).

Коллаж: Әйел бауырлас өзіне реніші бар досымен татуласу үшін қайта-қайта күш салды. 1. Реніші бар бауырлас досының қоңырауына жауап бермеді. 2. Реніші бар бауырлас досының сыйлығын қабыл алмады. 3. Реніші бар бауырлас досын тыңдап отыр. Ал досы оны жақсы көретініне сендіріп жатыр.

Бізге реніші бар адаммен татуласу үшін көп күш салу қажет болуы мүмкін (7, 8-абзацты қараңыз)c

7. а) Иса бізді не істеуге шақырды? ә) Бір әйел бауырлас қандай жағдайға кезікті?

7 Иса өзгелер бізге қалай қарағанын қаласақ, оларға да солай қарауға шақырды. Сондай-ақ ол өзімізді жақсы көретіндерді ғана жақсы көрмеуді айтты (Лұқа 6:31—33). Бұндай жағдай жиі болмаса да, біреу қауымда сізден қашқақтап, амандаспаса, не сезінер едіңіз? Лара осындай жағдайды бастан кешірген. Ол былай дейді: “Қауымдағы бір бауырлас мені байқамағандай сыңай танытатын. Ал мен оның неге бұлай ететінін еш түсінбедім. Оның әрекеті көңіліме қатты тиіп, қауым кездесулеріне барғым келмейтін”. Алғашында Лара: “Менің еш кінәм жоқ. Оның үстіне қауымдағы басқалар да оның біртүрлі әрекет ететінін байқап жүр”,— деп ойлады.

8. Татулық сақтау үшін Лара не істеді және одан не үйренеміз?

8 Лара татуласу үшін қадамдар жасайды. Ол Ехобаға дұға етіп, әлгі бауырласпен сөйлесуге бекінеді. Олар ашық сөйлеседі, сосын бір-бірін құшақтап, татуласады. Енді бәрі қалпына келгендей көрінеді. Лара былай дейді: “Бірақ кейінірек ол қайтадан бұрынғыдай әрекет ете бастады. Бұған қатты көңілім түсті”. Сонда Лара әлгі бауырлас өзгерсе ғана бақытты боламын деп ойлады. Бірақ кейін ол ең дұрысы сол бауырласқа сүйіспеншілікпен қарап, оны “кеңпейілмен кешіре” беру керек екенін түсінді (Ефес. 4:32—5:2). Лара шынайы мәсіхшілік сүйіспеншіліктің “кек те сақтамайтынын”, қайта, “бәріне төзетінін, бәріне сенетінін, еш үмітін үзбейтінін, бәріне төтеп беретінін” есіне түсіреді (Қор. 1-х. 13:5, 7). Бұдан кейін Лараның жүрегінде тыныштық орнады. Уақыт өте келе, әлгі бауырлас та оған жақсы қарай бастады. Егер бауырластармен татуласу үшін барыңызды салсаңыз және оларды жақсы көре берсеңіз, “сүйіспеншілік пен тыныштықтың Құдайы [сізбен] бірге болады” (Қор. 2-х. 13:11).

ЕШКІМДІ АЛАЛАМАҢЫЗ

9. Елшілердің істері 10:34, 35-ке сай, неге ешкімді алаламауымыз керек?

9 Ехоба ешкімді алаламайды (Елшілердің істері 10:34, 35 оқыңыз). Біз де солай етсек, оның балалары екенімізді көрсетеміз. Біз “өзге адамды өзіңдей сүй” деген нұсқауға мойынсұнамыз, әрі рухани отбасымыздың татулығын сақтаймыз (Рим. 12:9, 10; Жақ. 2:8, 9).

10, 11. Бір бауырлас жағымсыз сезімнен қалай арылды?

10 Өзгелерді бөліп-жармау оңай болмауы мүмкін. Бұған мысал — Рут есімді бауырластың жағдайы. Жасөспірім шағында оның отбасы басқа елдің адамынан жапа шегеді. Бұл оған қалай әсер етті? Рут былай деп мойындайды: “Мен сол елмен байланысы бар нәрсенің бәрін жек көрдім. Сол елдің адамдарының бәрі бірдей, тіпті бауырластар да сондай деп ойладым”. Рут осы жағымсыз сезімінен қалай арылды?

11 Рут жағымсыз ойлардан арылу керек екенін түсінді. Сөйтіп, “Жылнамадан” сол ел жайлы оқиғалар мен мәліметтер оқи бастады. Ол былай дейді: “Мен сол елдің адамдары жайлы жақсы ойда болуға көп күш салдым. Содан сол бауырластардың Ехобаға құлшыныспен қызмет етіп жүргенін байқай бастадым. Олардың да дүниежүзілік бауырластықтың бір бөлігі екенін түсіндім”. Алайда кейін Рут бұдан да көп нәрсе істеу керектігін байқады. Ол: “Сол елдің бауырластарымен көрісіп қалғанда, достық пейіл таныту үшін ерекше күш салатын болдым. Мен олармен сөйлесіп, оларды жақсырақ тани бастадым”,— дейді. Бұның нәтижесі қандай болды? “Уақыт өте жағымсыз сезімдерден арылдым”,— дейді Рут.

Патшалық сарайында екі ерлі-зайыпты телефондарына қарап, күліп жатыр. Ал арт жағында үш ер бауырлас өзара әңгіме-дүкен құрып тұр. Ешкім әңгімеге тартпағандықтан, қарт бауырластың көңілі түсіп кетті.

“Барлық бауырластарды” барынша жақсы көрсек, ешкімді бөліп-жармаймыз (12, 13-абзацты қараңыз)d

12. Сара есімді бауырластың қандай қиындығы болды?

12 Кейбіреулер өздері аңдамай өзгелерді бөліп-жаруы мүмкін. Мысалы, Сара өзгелерді алаламаймын, өйткені ешкімді ұлтына, әлеуметтік жағдайына, ұйымдағы жауапкершілігіне қарап бөліп-жармаймын деп ойлаған. Бірақ ол өзін шындап тексергенде, өзгелерді алалайтынын байқайды. Қалайша? Сара жоғары білімді кісілердің отбасында өскендіктен, өзі де тек сондай адамдармен араласқанды ұнататын. Тіпті ол бірде досына: “Мен жоғары білім алған бауырластармен ғана араласамын, ал басқаларымен араласпауға тырысамын”,— деген. Расында да, Сараға көзқарасын өзгерту керек еді.

13. Сараның көзқарасын өзгерткенінен не үйренеміз?

13 Аудандық бақылаушы Сараға көзқарасы жөнінде ойлануға көмектеседі. Сара былай дейді: “Ол мені адал қызметім үшін, түсініктемелерім мен Жазбаларды жақсы білетінім үшін мақтады. Сосын біліміміз артқан сайын, кішіпейілдік, қарапайымдылық, мейірімділік сияқты мәсіхшілік қасиеттерді де дамытуымыз керектігін түсіндірді”. Сара аудандық бақылаушының кеңесін қолданды. Ол: “Мен мейірімділік пен сүйіспеншіліктің бәрінен де маңызды екенін түсіндім”,— дейді. Нәтижесінде ол бауырластарына басқаша қарай бастады. “Ехобаның бауырластарды қандай қасиеттері үшін бағалы санайтынын түсінуге тырыстым”,— дейді Сара. Ал біз жайлы не деуге болады? Ешқашан білімімізге қарап, өзімізді өзгелерден жоғары санағымыз келмес еді! Егер “барлық бауырластарды сүйсек”, ешкімді алаламаймыз (Пет. 1-х. 2:17).

ҚОНАҚЖАЙ БОЛЫҢЫЗ

14. Еврейлерге 13:16-ға сай, өзгелерге қонақжай болсақ, Ехоба бұған қалай қарайды?

14 Ехоба қонақжайлылықты жоғары бағалайды (Еврейлерге 13:16 оқыңыз). Ол қонақжайлылықты, әсіресе мұқтаж жандарға көмектесуді, ғибадатымыздың бір бөлігі деп қарастырады (Жақ. 1:27; 2:14—17). Сондықтан Жазбалар бізді “әрдайым қонақжай болуға” шақырады (Рим. 12:13). Қонақжай болсақ, өзгелердің қамын ойлайтынымызды, оларды сүйетінімізді және дос болғымыз келетінін көрсетеміз. Басқаларға ішетін сусын не жейтін тамақ ұсынсақ немесе уақытымызды аямасақ, көңіл бөлсек, Ехоба қуанады (Пет. 1-х. 4:8—10). Бірақ кейбір нәрселер қонақжай болуға кедергі жасауы мүмкін.

Әйел бауырлас құрылысқа келген ерлі-зайыптыға қонақ бөлмесін көрсетіп жатыр.

“Бұрын мен қонақжай емес едім, бірақ өзгеріп, бұдан көп қуаныш алатын болдым” (16-абзацты қараңыз)e

15, 16. а) Неге кейбіреулер қонақжайлылық танытудан тартыншақтайды? ә) Эдитке қонақжай болуға не көмектесті?

15 Кейбір себептермен қонақжайлылық танытуға тартыншақтауымыз мүмкін. Эдит есімді жесір бауырластың мысалын қарастырайық. Куәгер болғанға дейін ол адамдармен онша араласа бермейтін. Эдит бауырлас “қонақжай болуға маған қарағанда өзгелердің жағдайы көбірек келеді” деп ойлаған.

16 Эдит Куәгер болғаннан кейін, ой қалпын өзгертіп, қонақжай болуға күш салады. Ол былай дейді: “Жаңа Патшалық сарайы соғылып жатқан кезде, ақсақалымыз жобаға көмектесуге бір ерлі-зайыпты келетінін айтып, оларды екі аптаға үйіме қонақ етуді сұрады. Мен Ехобаның сарепталық әйелді қалай жарылқағанын есіме түсірдім” (Пат. 1-ж. 17:12—16). Содан Эдит ерлі-зайыптыны үйіне қабылдауға келіседі. Ол қандай батаға кенелді? “Олардың менің үйімде екі апта ғана емес, екі ай тұрғанына қатты қуандым. Осы уақыт аралығында біз жақын дос болып кеттік”,— дейді Эдит. Сондай-ақ ол қауымнан да жақсы достар тапты. Қазір ол — тұрақты ізашар және қызметтегі серіктестерін үйіне қонаққа шақырудан қуаныш алып жүр. Эдит бауырлас былай дейді: “Бергеннен көп қуаныш аламын! Бірақ шын мәнінде, менің алып жатқан баталарым одан да көп” (Евр. 13:1, 2).

17. Люк пен әйелі өздерінен не байқады?

17 Егер қонақжай болсақ, одан сайын жақсара аламыз ба? Мәселен, Люк пен жұбайы өте қонақжай жұп. Олар ата-аналары мен туыстарын, жақын достарын, аудандық бақылаушы мен жұбайын жиі қонаққа шақыратын. Алайда Люк: “Біз тек өзіміз жақын араласатын адамдарды ғана қонаққа шақырады екенбіз”,— дейді. Люк пен әйелі қонақжайлылық танытуда қалай жақсарды?

18. Люк пен жұбайы қонақжай болуда қалай жақсарды?

18 Люк пен әйеліне көзқарастарын өзгертуге Исаның: “Егер өздеріңді жақсы көретіндерді ғана жақсы көрсеңдер, қандай сый күтесіңдер?”— деген сөздері әсер етті (Мат. 5:45—47). Олар барлық адамға жомарттық танытатын Ехобаға еліктеулері керек екендерін түсінді. Содан үйлеріне ешқашан шақырмаған бауырластарды қонаққа шақыруды мақсат етті. “Қазір бәрімізге де осылай жиналған ұнайды. Барлығы жігерленіп, бір сергіп қалады”,— дейді Люк.

19. Исаның шәкірті екенімізді қалай дәлелдейміз және не істеуге бел будыңыз?

19 Бұл мақаладан сүйіспеншілік танытқанымыз татуластырушы болуға, ешкімді алаламауға және қонақжай болуға көмектесетінін білдік. Біз жағымсыз сезімдерімізден арылып, бауырластарды барынша жақсы көруге тиіспіз. Осылай етсек, бақытты боламыз және Исаның шынайы шәкірті екенімізді дәлелдейміз (Жох. 13:17, 35).

БІР-БІРІМІЗДІ БАРЫНША ЖАҚСЫ КӨРЕТІНІМІЗДІ...

  • татуластырушы болу арқылы қалай көрсетеміз?

  • ешкімді алаламау арқылы қалай көрсетеміз?

  • қонақжай болу арқылы қалай көрсетеміз?

88-ӘН Ақ жолыңнан таймайын

a Иса шынайы мәсіхшілерді ерекшелендіретін сүйіспеншіліктері екенін айтқан. Бауырластарымызға деген сүйіспеншілігіміз татуластырушы болуға, ешкімді алаламауға, қонақжай болуға талпындырады. Бірақ бұл әрдайым оңай бола бермеуі мүмкін. Бұл мақалада бауырластарды барынша жақсы көре беруге көмектесетін тиімді кеңестер бар.

b Мақаладағы кейбір есімдер өзгертілген.

c СУРЕТТЕР СИПАТТАМАСЫ: Әйел бауырластың татуласуға деген талпынысы бастапқыда еш нәтиже бермеді, бірақ ол берілмеді. Сүйіспеншілік таныта бергенінің арқасында ол соңында мақсатына жетті.

d СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Қарт бауырлас өзін шетте қалғандай сезініп тұр.

e СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Қонақжайлылық танытудан тартыншақтаған әйел бауырлас ой қалпын өзгертті, ал бұл оны бақытты ете түсті.

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу