МӘСІХШІЛІК ӨМІРІМІЗ
Пауыл Құдайға ризашылық білдіріп, жігерленіп қалды
Римдегі қауым Пауылдың келе жатқанын естігенде, бір топ ер бауырлас оның алдынан шығу үшін 64 шақырымдай жол жүрді. Олардың осындай жанқиярлығы Пауылға қатты әсер етті. “Пауыл оларды көргенде, Құдайға ризашылық білдіріп, жігерленіп қалды” (Е.і 28:15). Әдетте қауымдарға сапар жасағанда, бауырластарды жігерлендіретін Пауыл еді. Ал бұл жолы тұтқын болып келген оған бауырластар жігер берді (Қ2х 13:10).
Бүгінде аудандық бақылаушылар бауырластарды нығайту үшін қауымдарды аралайды. Бәріміз сияқты, олар да кейде шаршайды, уайымдайды, еңселері түседі. Келесі жолы қауымыңызға аудандық бақылаушы әйелімен келгенде, “өзара жігерленетіндей” болу үшін, сіз оларды қалай нығайта аласыз? (Рм 1:11, 12).
Уағызға арналған кездесулерге барыңыз. Қызметтес болатын аптада барынша атсалысу үшін жариялаушылардың құрбандықтарға барғаны аудандық бақылаушыны жігерлендіреді (Сл1х 1:2, 3; 2:20). Сол айда қосалқы ізашар болуды жоспарласаңыз болады. Аудандық бақылаушының өзімен не әйелімен қызметке шығып я зерттеу сабағына алып бара аласыз ба? Олар әртүрлі жариялаушылармен — жаңаларымен де, қызметте тәжірибесі аздау бауырластармен де — қуана-қуана уағызға шығады.
Қонаққа шақырыңыз. Оларды уақытша үйіңізде тұрғыза аларсыз, болмаса түскі асқа шақырсаңыз болады. Бұл сіздің аудандық бақылаушы мен әйеліне деген сүйіспеншілігіңіздің көрінісі болмақ. Олар да сізден ерекше еш нәрсе күтпейді (Лқ 10:38—42).
Айтқан нұсқаулары мен кеңестерін тыңдап, орындаңыз. Аудандық бақылаушы Ехоба үшін атқарып жүрген істерімізді қай жағынан жақсарту керектігін сүйіспеншілікпен айтып жеткізеді. Кейде ол қатаң кеңес беруі де мүмкін (Қ1х 5:1—5). Мойынсұнғыш әрі бағынғыш болсақ, ол қуанады (Ев 13:17).
Алғысыңызды білдіріңіз. Аудандық бақылаушы мен әйелінің еңбегі сізге қандай пайдасын тигізгенін айтып беріңіз. Мұны өздеріне жеке айтсаңыз не хатқа жазып берсеңіз болады (Қл 3:15).