Қызметтегі уақытыңды барынша тиімді қолдан
Ехоба куәгерлері 2014 қызмет жылында қызметке 1 945 487 604 сағат жұмсады. Бұл — біздің Ехобаның қызметіне білек сыбана кіріскеніміздің айқын дәлелі! (Зәб. 110:3; Қор. 1-х. 15:58). “Уақыт аз қалғандықтан”, қызметте анағұрлым көп адаммен сөйлесу үшін, алтын уақытымызды тиімдірек қолдана аламыз ба? (Қор. 1-х. 7:29).
Қызметте уақытымызды барынша тиімді қолдану үшін, бізге бейімделгіш болу қажет. Мысалы, осы уақытқа дейін қандай да бір қызметтің түрінде жүргенде, бір не одан да көп сағат бойы ешкіммен сөйлеспей қалатын кезің жиі болып тұрды ма? Олай болса, уақытты босқа жоғалтпай, сөйлесетін адам іздеудің не куәлік берудің амалын жасай аласың ба? Әрине, әр жердің жағдайы әртүрлі. Алайда төмендегі кеңестер саған уақытыңды тиімдірек пайдаланып, босқа “ауаны жұдырықтамауыңа” көмектеседі (Қор. 1-х. 9:26).
Үйден үйге уағыздау. Көптеген жылдар бойы жариялаушылар күндіз қызметтерін бастағанда, үйден үйге жүріп уағыздайды. Бірақ адамдардың көбі күндіз жұмыста болатындықтан, неге бұл қызметтің түрін түстен кейін не кешке таман бастап көрмеске?! Өйткені осы уақытта адамдардың көбі үйінде демалып жатады. Ал күндіз көшемен не іскерлік аумақта қызмет еткеніміз анағұрлым тиімді болады.
Қайта барулар және Киелі кітап зерттеу сабақтары. Қайта баруларың мен Киелі кітап зерттеу сабақтарыңды өзге қызметтің түрлері тиімсіз болатын уақытқа жоспарлай аласың ба? Мысалы, сенбі күні таңертең үйден үйге қызмет ету тиімді болса, Киелі кітап зерттеу сабағыңды түстен кейін не кешкісін өткізе аласың ба?
Әрине, қызметте жүрген уақытымыздың барлығын есебімізге жаза аламыз. Алайда қызметіміз жемісті болса, қуанышымыз арта түседі. Егер белгілі бір қызметтің түрі қандай да бір уақытта тиімсіз болса, қызметтің басқа түріне ауыс. Қызметтегі уақытты барынша тиімді пайдалану үшін, “егіннің Иесі” Ехобаға дұға етіп, басшылық сұра (Мат. 9:38).