Неге бүгінгі күнгі конгрестерді бағалауымыз керек?
Иерусалимдегі мейрамдар бүгінгі таңдағы Құдай халқы үшін керемет үлгі болып табылады. Құдайдың ертедегі қызметшілері үлкен жиындарға қатысу үшін құрбандықтарға баратын. Біз де солай етуге дайынбыз, өйткені конгрестен көп пайда алатынымызды білеміз. Бұл жиындар әлі де ғибадатымызда маңызды рөл атқарады. Онда біз Құдаймен тығыз қарым-қатынас сақтау үшін қажетті білім мен түсінікке ие боламыз. Сондай-ақ конгрестер білгенімізді іс-жүзінде қолдануға талпындырады, тұзақтарды айналып өтуге көмектеседі және уайым-қайғы әкелетін нәрселерге емес, бақыт әкелетін істерге баса назар аударуға шақырады (Заб. 122:1—4).
Конгрестер қатысушыларға әрдайым қуаныш әкеледі. 1946 жылы болған үлкен конгресс туралы мынадай есеп жазылған: “Сан мыңдаған Куәгердің бір жерге жиналғанын көру бір ғанибет! Әсіресе көп халықтың үлкен оркестрдің сүйемелдеуімен Ехобаны мадақтайтын Патшалық әндерін бір дауыстан шырқағанда, тіптен қуанышың қойныңа сыймайды”. Әрі қарай есепте былай делінген: “Ерікті қызмет көрсету бөліміне жазылғандар түрлі қызмет атқарды. Бауырластарына қызмет еткендері үшін олар өздерін бақытты сезінді”. Аймақтық немесе халықаралық конгрестерде сенде де осындай сезімдер болған ба? (Заб. 110:3; Ишая 42:10—12).
Бүгінде конгрестердің кейбір тұстарында өзгешелік бар. Мысалы, бұрында конгрестер сегіз күнге созылатын. Бағдарлама таңертеңгі, түскі және кешкі бөліктерден тұратын. Конгрестің барысында бауырластар қызметке шығып тұратын. Кейде бағдарлама таңғы тоғызда басталып, кешкі тоғызда аяқталатын. Ерікті қызметшілер конгреске келген адамдарға таңғы, түскі және кешкі асты әзірлеу үшін көп тер төгетін. Ал бүгінде конгресс күндері қысқартылған. Сондай-ақ әр отбасы тамағын өздері дайындап әкеледі. Осылайша олар бар назарларын рухани нәр беретін бағдарламаға аудара алады.
Бәріміз де конгресс бағдарламасының кейбір бөліктерін тағатсыздана күтеміз. Мысалы, біз Киелі кітаптағы пайғамбарлықтарды және ілімдерді жақсырақ түсінуге көмек болатын уақтылы “ас-суды” конгрестегі баяндамалар мен сонда берілетін жаңа әдебиеттерден аламыз (Мат. 24:45). Біз мұндай әдебиеттердің көбісін ақжүрек жандарға Жазбалардағы шындықты түсінуге көмектесу үшін қолданамыз. Киелі кітапқа негізделген жігерлендірерлік драмалар жастарды да, қарттарды да ниеттерін саралауға және осы дүниенің жаман ықпалына қарсы тұруға талпындырады. Шомылдыру рәсіміне арналған баяндама баршамызды өмірімізде нені басты орынға қоятынымызды қайта қарастыруға талпындырады және жаңа шәкірттердің Ехобаға бағышталғандарын паш етіп, шомылдыру рәсімінен өткендерін тамашалауға мүмкіндік береді.
Иә, ежелден бері шынайы ғибадаттың ажырамас бөлігі болып келген конгрестер Ехобаның бақытты халқына осы қиын-қыстау күндері оған лайықты түрде қызмет етуге көмектесуде. Мұндай жиындар бізді рухани сергітеді, жаңа достар тауып, дүниежүзілік бауырластығымызды бағалауға көмектеседі. Конгрестер Ехобаның өз халқын жарылқап, қамқорлау үшін қолданатын маңызды құралы болып табылады. Сол үшін де конгрестердің бір де бір бөлігін жіберіп алғымыз келмейтіні сөзсіз! (Нақ. с. 10:22).