Мен Құдайдың алдында қандай адаммын?
1. Киелі кітап қай жағынан айнаға ұқсайды?
1 Сен айнаға қаншалықты жиі қарайсың? Барлығымыз сырт көрінісімізді ретке келтіру үшін күн сайын айнаға қараймыз. Киелі кітапты айнамен салыстыруға болады. Оны оқығанда біз өзіміздің ішкі болмысымызды, яғни Ехобаның алдында қандай адам екенімізді көре аламыз (Пат. 1-ж. 16:7; Жақ. 1:22—24). Құдайдың сөзі адамның “жүрегіндегі ой-ниетін аян ете” алады (Евр. 4:12). Киелі кітапты күнделікті оқып, ой жүгірткеніміз шебер жариялаушы бола түсу үшін қай жағынан жақсару керектігін көруге көмектеседі. Қалайша? (Заб. 1:1—3).
2. Киелі кітап өз-өзімізді тексеруге қалай көмектеседі?
2 Киелі кітапты айна ретінде қолдан. Ехобаның адал қызметшілері жайлы оқиғалардан Құдайға қандай қасиеттердің ұнамды екенін біле аламыз. Мысалы, Дәуіт Құдайдың есімін құлшыныспен қорғаған (Пат. 1-ж. 17:45, 46). Ишая қиын аумақта қызмет ету үшін батылдықпен дайындық рухын танытқан (Ишая 6:8, 9). Иса көктегі Әкесіне деген ыстық сүйіспеншілігінің арқасында қызметті ауыртпалық емес, қуаныш пен қанағат алудың жолы деп қарастырған (Жох. 4:34). Бірінші ғасырдағы мәсіхшілер құлшыныспен уағыздаған, Ехобаға арқа сүйеген және қиындықтарға еш берілмеуге бел буған (Ел. іс. 5:41, 42; Қор. 2-х. 4:1; Тім. 2-х. 4:17). Ехобаның осындай қызметшілері жайлы ой жүгірткеніміз қасиетті қызметімізді жақсырақ атқару үшін бойымызда қандай қасиеттер дамыту керектігін көруге көмектеседі.
3. Неге қажетті өзгерістер жасауды кейінге қалдырмауымыз керек?
3 Кемшіліктеріңді түзету үшін әрекет ет. Ешқайсымыз да айнаға қарағанда байқаған кемшіліктерімізді түземей қоймаймыз. Ехобадан өзімізді шыншылдықпен тексеруге және қажетті өзгерістер жасауға көмектесуін сұрасақ болады (Заб. 138:23, 24; Лұқа 11:13). Уақыт аз қалғандықтан және хабарымыз адамдардың өмірімен байланысты болғандықтан, қажетті өзгерістер жасауды кейінге қалдырмауымыз керек (Қор. 1-х. 7:29; Тім. 1-х. 4:16).
4. Құдай Сөзіне үңіліп қарап, байқаған кемшіліктерін түзету үшін әрекет ететін адам қандай болады?
4 Ехоба үшін адамның сырт көрінісі емес, ішкі болмысы әлдеқайда маңызды. Өйткені ол біздің жан дүниемізге назар аударады (Пет. 1-х. 3:3, 4). Құдай Сөзіне үңіліп қарап, байқаған кемшіліктерін түзету үшін әрекет ететін адам қандай болады? Ол “ұмытшақ тыңдаушы емес, істі жүзеге асырушы болып, бұдан бақыт табады” (Жақ. 1:25). Иә, біз “Ехобаның ұлылығын айна іспетті шағылыстырып”, бұдан қуаныш табамыз әрі қызметіміз нәтижелі бола түседі (Қор. 2-х. 3:18).