Киелі кітап зерттеу сабақтарын бастауға арналған жаңа бейнеролик
Біздің jw.org сайтымызда “Неліктен Киелі кітапты зерттеу керек?” деп аталатын қысқаша бейнеролик көпшілікке қолжетімді. Бұл бейнеролик қызығушылық білдірген адамдарды тегін Киелі кітап зерттеу сабағын бастауға талпындыратындай етіп жасалған. Оны табу үшін сайтымыздағы негізгі беттің төмен жағындағы “Киелі кітапты зерттеуге өтініш” деп аталатын түймені шерту не жаңа трактаттарымыздың соңғы бетінде орналасқан жылдам кіруге арналған штрих-кодты (QR-код) сканерлеу қажет. Төменде бұл бейнероликті қалай қолдануға болатынының бірнеше жолдары көрсетілген:
Қызығушылық білдірген адамға қайта барғанда: “Сізге бір бейнеролик көрсетсем бола ма? Онда сұрақтарыңызға Киелі кітаптың қалай жауап беретіні туралы айтылады”,— десең болады. Егер үй иесі келіссе, бейнероликті өзіңнің мобильді құрылғыңнан не оның жеке компьютерінен көрсетсең болады.
Көпшілік орындарында не бейресми куәлік еткенде жаңа трактаттарымыздың көмегімен уағыздаған болсаң, адамның назарын штрих-кодқа аударып, оны мобильді құрылғы арқылы сканерлеуді ұсын. Көп тілдерде мұндай штрих-код біздің веб-сайтымыздағы бейнероликке тікелей апаратындықтан, бұл бейнероликті мобильді құрылғының көмегімен бірден сол жерде көрсетуге болады.
Бейнеролик жайлы әріптестеріңе, сыныптастарыңа және тағы басқа таныстарыңа айтып, оларға көрсет. Я болмаса, оларға бейнероликті табуға көмектесетін нұсқауды электронды хат арқылы жібер.
Біз осы жаңа мүмкіндікті пайдалану арқылы көбірек Киелі кітап зерттеу сабақтарын бастап, “мәңгі өмірге ыңғай танытқандарға” көмектесе аламыз (Ел. іс. 13:48).