Қызметте жақсы серіктес бола біл
1. Бауырластармен қызметке шыққанда, Пауылға қалай еліктей аламыз?
1 Елші Пауыл бір сенімдегі бауырластармен өткізген уақытты “өзара жігерленудің” мүмкіндігі деп қарастырған (Рим. 1:12). Сен қызметке шыққанда серіктесіңді жігерлендіріп, оған көмектесудің мүмкіндігін қолданасың ба? Оның жанында жай ғана үнсіз жүрмей, өзіңе тәжірибелі жариялаушы болуға көмектескен жайттар туралы неге айтып бермеске?
2. Қызметтегі серіктесіміздің сенімділігін қалай арттыра аламыз және неге бұл маңызды?
2 Сенімділік ұялат. Кейбір жариялаушыларға сенімділік жетіспейді. Бұл олардың бет әлпеті мен дауыс ырғағынан байқалуы мүмкін. Алайда шын жүректен мақтау сөздер айту арқылы біз олардың сенімділіктерін арттыра аламыз. Сенімділік ұялатудың тағы қандай жолдары бар? Бір аралаушы бақылаушы қызметке шыққан серіктесіне өзі уағызда қорқыныш сезінетінін және оны жеңу үшін жиі дұға ететінін айтып береді екен. Ал басқа бір ер бауырлас өзіне сенімді болуға не көмектесетіні туралы былай дейді: “Алдымен адамға қарап күлімсіреу керек. Кейде осындай қарапайым нәрсенің өзін істеу үшін маған дұға айту қажет”. Ал саған қызметте сенімділік танытуға не көмектеседі? Бұл жайлы қызметтегі серіктесіңе айтып берсең болады.
3. Серіктесіңе тәжірибелі жариялаушы болуға көмектесу үшін қызметте не жайлы әңгімелесуге болады?
3 Уағыздау тәсіліңмен бөліс. Жергілікті жерде болған бір оқиғаға қатысты адамдармен әңгіме бастау үшін қандай алғы сөз айтуға не сұрақ қоюға болатынын ойластырдың ба? Ұсыныс үлгісін жергілікті жағдайға бейімдеп қолданғаның жақсы нәтиже әкелген бе? Неге бұл жайлы қызметтегі серіктесіңе айтпасқа? (Нақ. с. 27:17). Қызығушылық білдірген адамға бара жатқанда, қандай мақсатты көздейтініңді және соған қол жеткізу үшін не істемек екеніңді айтып берсең болады. Ал Киелі кітап зерттеу сабағын жүргізіп болған соң, зерттеушінің назарын неліктен белгілі бір ойға не жазба орнына аударғаныңды және неліктен қандай да бір тәлім беру тәсілін қолданғаныңды түсіндір.
4. Неге біз бір сенімдегі бауырластарға көмектесуіміз керек?
4 Бірінші ғасырдағы жариялаушылар Ехобаға сенбейтін адамдарға көмектесуді ғана ойламаған. Олар бір-бірін жігерлендіріп, нығайтудың маңыздылығын да түсінген (Ел. іс. 11:23; 15:32). Елші Пауыл жас Тімөтені көп нәрсеге үйреткен және білгендерін басқалармен бөлісуге талпындырған (Тім. 2-х. 2:2). Қызметте бір сенімдегі бауырластарға жақсылық жасауды ұмытпасақ, олардың қуанышы мен тәжірибелерін арттырып қана қоймай, көктегі Әкемізді қуантамыз (Евр. 13:15, 16).