Пайғамбарлардан үлгі алыңдар. Амос
1. Амостың өмірі бізге несімен жігер бере алады?
1 Қарапайым отбасынан шығып, жетік білім алмағандықтан, уағыздауға жарамсызбын деп ойлағансың ба? Осылай сезінген болсаң, Амос пайғамбардың өмірі саған жақсы жігер бере алады. Ол қой бағумен, науқан кезінде жеміс жинаумен айналысқан қарапайым адам болған. Сөйтсе де Ехоба оған маңызды хабар айтуды тапсырды (Амос 1:1; 7:14, 15). Бүгінде де Ехоба қарапайым ортадан шыққан адамдарды қолданады (Қор. 1-х. 1:27—29). Амос пайғамбардан қызметімізге байланысты не үйрене аламыз?
2. Қызметте қарсылыққа кезіккенде бекем болуға не көмектеседі?
2 Қарсылыққа кезіккенде бекем бол. Амос он рулы солтүстік Исраил патшалығында пайғамбарлық еткенде, бұзауға табынатын діни қызметкер Амазиях оған ашуланып, қарсы болды. Былайша айтқанда ол: “Үйіңе кет! Бізді жайымызға қалдыр! Біздің өз дініміз бар!”— деді (Амос 7:12, 13). Амазиях Еробоғам патшаға шағымданып, Амостың айтқанын бұрмалап жеткізеді, әрі оның ісіне тыйым салуды сұрайды (Амос 7:7—11). Бірақ Амос тайсалмады. Біздің күнімізде де кей дінбасылар Ехобаның халқын қудалау үшін билік иелеріне жүгініп жатады. Алайда Ехоба өз халқына қарсы жасалған қару-жарақтың ешқайсысы да оларды құртып жібере алмайтынына сөз береді (Ишая 54:17).
3. Біз жариялап жүрген хабар қандай екі бөліктен тұрады?
3 Құдайдың соты мен болашақ баталарды жарияла. Амос пайғамбар он рулы Исраил патшалығына қарсы пайғамбарлық етіп, Құдайдың сотына ұшырайтындарын айтқан. Әйтсе де ол өз атымен аталған кітаптың соңында Ехобаның бәрін қалпына келтіріп, халқына мол батасын төгетін уәдесі жайында жазған (Амос 9:13—15). Біз де адамдарға Құдайдың келе жатқан “сот күні” туралы айтқанымызбен, бұл жариялауымыз керек “ізгі хабардың” бір бөлігі ғана екенін түсінеміз (Пет. 2-х. 3:7; Мат. 24:14). Ехобаның Армагеддонда зұлымдарды жоятыны жер бетінде жұмақ орнататынының кепілі болып табылады (Заб. 36:34).
4. Ехобаның еркін орындай алатынымызды қайдан білеміз?
4 Қарсылықтар көп осы дүниеде уағыздағанда, бағышталғанымызға сай өмір сүруге және Ехобаның еркін орындауға қатысты шешіміміздің қаншалықты берік екені сыналады (Жох. 15:19). Алайда Ехоба оның еркін орындауымыз үшін, Амосқа көмектескендей, бізге де қажеттінің бәрін беретініне сенімдіміз (Қор. 2-х. 3:5).