Жас ер бауырластар, жауапкершіліктерге ұмтылып жүрсіңдер ме?
1. Тімөтеге 1-хат 3:1-де жазылған нұсқауды жас ер бауырлас қашан орындай бастауы керек?
1 “Егер кімде-кім бақылаушы міндетіне ұмтылса, оның игілікті істі қалағаны” (Тім. 1-х. 3:1). Киелі рухтың жетелеуімен жазылған бұл сөздер ер бауырластарды қауымда жауапкершіліктер алу үшін лайықты болуға талпындырады. Сен мұндай қызметке ұмтылуың үшін ересек болуың керек пе? Негізінде, қауымдағы міндеттерге жастайынан ұмтылғаның абзал. Сонда есейген кезіңде қызмет көмекшісі болып тағайындалуың үшін тәжірибе жинап, бұл іске сай келетініңді көрсете аласың (Тім. 1-х. 3:10). Шомылдыру рәсімінен өткен ер бауырлас болсаң, жауапкершіліктерге қалай ұмтыла аласың?
2. Жанқиярлық рухын қалай дамытуға және іс жүзінде көрсетуге болады?
2 Жанқиярлық рух. Сен қандай да бір лауазымға ие болуға емес, игілікті іс істеуге ұмтылып жатқаныңды ұмытпа. Сондықтан бауырластарға көмектесуге деген ықылас дамыт. Бұған қол жеткізудің бір жолы — Исаның керемет үлгісі жайлы ой жүгірту (Мат. 20:28; Жох. 4:6, 7; 13:4, 5). Басқаларға шынайы қызығушылық таныта алуың үшін Ехобадан көмектесуін сұрап дұға ет (Қор. 1-х. 10:24). Қауымдағы егде тартқан не денсаулығы нашар бауырластарға іс жүзінде көмек көрсете аласың ба? Патшалық сарайын күтіп ұстау үшін шөп ору, қар тазалау сияқты істерге дайындықпен қатысасың ба? Теократиялық қызмет мектебінде бауырлас тапсырмамен шыға алмаса, оның орнына шығу үшін дайындық рухын танытасың ба? Өзгелердің игілігі үшін жанқиярлық рухын танытқаның сені қуанышқа бөлейді (Ел. іс. 20:35).
3. Рухани күйдің жақсы болғаны неліктен маңызды және оған қалайша қол жеткізуге болады?
3 Жақсы рухани күй. Қауымда жауапкершіліктер атқару үшін ерекше дарынды не қабілетті болғаннан гөрі, рухани күйдің жақсы болғаны әлдеқайда маңызды. Рухани адам барлық нәрсеге Ехоба мен Исаның көзімен қарауға тырысады (Қор. 1-х. 2:15, 16). Ол “киелі рухтың жемісін” құрайтын қасиеттерді танытады (Ғал. 5:22, 23). Сондай-ақ Патшалықтың мүддесін бірінші орынға қойып, құлшыныспен уағыздайды (Мат. 6:33). Жақсы қасиеттерді дамыта алуың үшін жеке зерттеуді жүйелі түрде өткіз. Бұған Киелі кітапты күнделікті оқу, журналдардың әр санын оқу және қауым кездесулеріне дайындалу жатады. Сондай-ақ кездесулерді қалдырмау да маңызды (Заб. 1:1, 2; Евр. 10:24, 25). Пауыл жас Тімөтені рухани алға басуға талпындырып: “Беріп жатқан тәліміңе әрдайым ықылас қой”,— деген (Тім. 1-х. 4:15, 16). Сол себепті Теократиялық қызмет мектебінде берілетін тапсырмаларды тиянақты дайында. Қызметке дайындалып, оған жүйелі түрде қатыс. Алдыңа ізашар болу, Бетелде қызмет ету не Салтбасты ер бауырластарға арналған Киелі кітап мектебіне бару сияқты рухани мақсаттарды қойып, оларға қол жеткізу үшін күш сал. Рухани күйіңнің жақсы болғаны “жастық шаққа тән қалаулардан аулақ болуға” көмектеседі (Тім. 2-х. 2:22).
4. Сенімді де адал болғанның қандай пайдасы бар?
4 Сенімді де адал болу. Бірінші ғасырда мұқтаждық көрген мәсіхшілерге ас үйлестіруге тағайындалған ер бауырластар “жақсатты”, яғни сенімді де адал болған. Сондықтан елшілер тапсырылған істің қалай орындалатыны жайлы уайымдамаған, қайта, бар назарларын маңызды істерге аудара алған (Ел. іс. 6:1—4). Сол себепті қауымда саған қандай да бір тапсырма берілген болса, оны барынша жақсы атқаруға тырыс. Кеме соғуға қатысты нұсқауларды мұқият орындаған Нұхқа елікте (Жар. 6:22). Ехоба адал болғандарды қатты бағалайды және бұл рухани толысудың белгісі болып табылады (Қор. 1-х. 4:2; “Үйретудің пайдасы” деген қоршауды қара.).
5. Неге жас ер бауырластар жауапкершіліктерге ұмтылу керек?
5 Алдын ала пайғамбарлық етілгендей, Ехоба адамдарды жинау ісін тездетіп жатыр (Ишая 60:22). Орта есеппен миллион адамның төрттен бір бөлігі жыл сайын шомылдыру рәсімінен өтуде. Осыншама көп адам шындыққа келіп жатқандықтан, қауымда жауапкершіліктер атқаратын лайықты әрі рухани күйі жақсы ер бауырластар қажет. Қазір Ехобаның ісінде бұрын-соңды болмағандай жұмыс көп (Қор. 1-х. 15:58). Жас ер бауырластар, сендер жауапкершіліктерге ұмтылып жүрсіңдер ме? Олай болса, сендер шынымен де игілікті істі атқаруды қалағандарың!
[2-беттегі сөздер]
Көп адам шындыққа келіп жатқандықтан, қауымда жауапкершіліктерді атқаратын лайықты әрі рухани күйі жақсы ер бауырластар қажет
[3-беттегі қоршау]
Үйретудің пайдасы
Ақсақалдардың лайықты жас ер бауырластарға тапсырма беріп, үйреткендері оларға көп пайдасын тигізеді. Бірде аудандық бақылаушы кездесуден кейін бір жариялаушыға жігер беру үшін сахнада отырып, онымен әңгімелеседі. Сонда ол сахнаның қасында тұрған жасөспірімді байқап, одан өзімен сөйлесу үшін күтіп тұр ма, жоқ па соны сұрайды. Әлгі жас ер бауырлас әр кездесуден кейін сахнаны шаңсорғышпен тазалауға тағайындалғанын айтады. Оның ата-анасы кеткелі жатқан екен, алайда ол тапсырмасын орындамайынша кеткісі келмепті. Риза болған аудандық бақылаушы сахнаны босатады. Ол былай дейді: “Сол қауымдағы ақсақалдар лайықты жас ер бауырластарға тапсырмалар беру арқылы оларды әрдайым үйретіп отыратын. Сондықтан сол қауымға сапармен барып жүргенімде қауым ақсақалдары жас ер бауырластарды қызмет көмекшісі ретінде жиі ұсына алатын”.