Уағыздауға бізді не талпындырады?
1. Сүйіспеншілік пен қызметіміздің қандай байланысы бар?
1 Құдай патшалығы туралы ізгі хабарды уағыздау — бүгінгі таңдағы ең маңызды іс. Осы іске қатысу арқылы ең басты екі өсиетті орындайтынымызды, атап айтқанда, Ехобаны және жақынымызды сүйетінімізді көрсетеміз (Мар. 12:29—31). Шынында да, сүйіспеншілік бізді құлшыныспен қызмет етуге талпындырады (Жох. 1-х. 5:3).
2. Уағыздау арқылы Ехобаға деген сүйіспеншілігімізді қалай көрсетеміз?
2 Ехобаға деген сүйіспеншілік. Ең жақын Досымыз Ехобаға деген сүйіспеншілігіміз бізді оны қорғап сөйлеуге талпындырады. Шамамен 6000 жыл бойы Шайтан оның есіміне күйе жағып келеді (Қор. 2-х. 4:3, 4). Сол себепті адамдар Құдай күнәкарларды тозақ отында қинайды не ол бейне бір үштік деп сенеді, сондай-ақ олар Құдай адамдардың қамын ойламайды деп жатады. Көбісі тіпті Құдай жоқ деген тұжырымға келеді. Адамдардың көктегі Әкеміз жайлы шындықты білгенін біз қаншалықты қалаймыз десеңші! Құдайдың куәгері болуға көп күш салғанымыз оны қуантады, ал Шайтанды ызаландырады (Нақ. с. 27:11; Евр. 13:15, 16).
3. Қызметіміз арқылы жақынымызды жақсы көретінімізді қалай көрсете аламыз?
3 Жақынымызға деген сүйіспеншілік. Қандай да бір адамға куәлік еткен кезде біз оны жақсы көретінімізді көрсетеміз. Осы қиын-қыстау күндері адамдар ізгі хабарды естуге аса мұқтаж. Себебі көбісі “жақсы мен жаманды айыра алмайтын” Жүністің күндеріндегі ниневиліктер іспетті (Жүніс 4:11). Біздің айтып жүрген хабарымыз болса адамдарға бақытты да мағыналы өмір сүруге көмектеседі (Ишая 48:17—19). Оларға үміт береді (Рим. 15:4). Ал үйренгендеріне сай өмір сүрсе, олар құтқарылатын болады (Рим. 10:13, 14).
4. Ехоба не нәрсені ешқашан ұмытпайды?
4 Ата-анасын жақсы көретін балалар оларға деген сүйіспеншілігін тек белгілі бір уақытта ғана көрсетпейді. Олар мұны әрдайым істеуге тырысады. Сол сияқты Құдайға және жақынымызға деген ыстық сүйіспеншілік бізді тек арнайы жоспарлаған уақытта ғана емес, әрбір мүмкіндікті пайдаланып куәлік етуге талпындырады. Біз уағыздау ісінде құлшынысымызды бәсеңдетпейміз (Ел. іс. 5:42). Мұндай сүйіспеншілігімізді Ехоба ешқашан ұмытпайды (Евр. 6:10).