Ұтымды болатын ұсыныстарды қолдан
1. Ертедегі мәсіхшілердің әртүрлі ұсыныстар қолданғанынан қандай сабақ аламыз?
1 Ертедегі мәсіхшілер ізгі хабарды мәдениеті мен діні әртүрлі адамдарға уағыздаған (Қол. 1:23). Олардың хабары бірдей, яғни Құдай Патшалығы туралы болғанмен, олар тыңдаушыларының көзқарасын ескеріп, әртүрлі ұсыныстарды қолданған. Мысалы, Петір Жазбаларды терең құрметтейтін яһудилерге уағыздағанда, Жоел пайғамбардың сөзін келтірген (Ел. іс. 2:14—17). Ал Елшілердің істері 17:22—31 тармақтардан Пауылдың гректермен қалай ой жүгірткенін көруге болады. Бүгінде Жазбаларға құрметпен қарайтын адамдар тұратын аумақта үйме-үй уағыздағанда, тікелей Киелі кітапқа назар аударсақ болады. Алайда Киелі кітапқа да, дінге де қызықпайтын адамдарға немесе христиан дініне жатпайтын діндегілерге уағыздағанда, парасатты әрі мұқият болуымыз керек.
2. Киелі кітапты құрметтейтіндерге және оны құрметтемейтіндерге қандай ұсыныс айтуға болады?
2 Әдебиеттерді тиімді қолданыңдар. Аумағымыздағы адамдар негізінен Киелі кітапқа қызықпайтын болса, олардың қызығушылығын оятатын басқа ұсыныс айтуымыз керек. Бәлкім, адаммен алғаш рет сөйлескенде, Киелі кітаптан тармақ оқымаған не Киелі кітап жайлы сөз қозғамаған болсақ, бірақ адам қызығушылық білдірсе, оған қайта барғанда, Жаратушыға және оның Сөзіне сенімін дамытатын тақырыпты қозғауға тырысайық. Ал егер адам Киелі кітапты құрметтейтін болса, осыны ескеріп ұсыныс айтайық не әдебиеттерді қолданайық. Киелі кітап тақырыптарына әңгімелесу үшін “Киелі кітап үйретеді” не “Құдайды тыңдаңыз, сонда мәңгі жасайсыз” басылымдарын қолдана аламыз. Ең бастысы — ұтымды болатын ұсыныстарды қолдану.
3. Аймағымыздағы адамдардың жүрегін қай жағынан “жерге” теңеуге болады?
3 “Жерді” дайында. Адамның жүрегін тұқым себетін жермен теңеуге болады (Лұқа 8:15). Киелі кітап шындығының дәні тамыр жайып, өсіп шығуы үшін, кейбір “жерді”, яғни адамның жүрегін, көбірек дайындау керек болады. Бірінші ғасырдағы уағыздаушылар шындық дәнін әртүрлі “жерге” себе білген, әрі бұдан қанағат пен қуаныш алған (Ел. іс. 13:48, 52). Қандай ұсыныс айтатынымызға мұқият болсақ, біз де қызметте жемісті бола аламыз.