Тұқым өсу үшін, оны суару керек
1. Өсу үшін нені суару керек?
1 Бақшаға егілген тұқым өсу үшін, оны суарып отыру керек. Аумағымыздағы адамдардың жүрегіне себілген шындық тұқымы да осыған ұқсайды (Қор. 1-х. 3:6). Бейнелі тұқым тамыр жайып, жайқалып өссін десек, қайта бару жасап, Құдай сөзінің көмегімен оны “суаруымыз” керек.
2. Қайта баруға негіз қалау үшін не істеуге болады?
2 Сұрақ қой. Ұсыныс дайындағанда, неге келесі жолы талқылауға болатын қызықты сұрақ дайындамасқа? Алғаш рет әңгімелескеннен кейін, ашық сұрақ қалдырып, қайта келуге нақты келісіп алғаның жақсы. Көп жариялаушылар бұл үшін “Киелі кітап үйретеді” басылымындағы мәліметті таңдайды. Бұл оларға зерттеу сабағының қалай өтетінін көрсетуге мүмкіндік береді.
3. Адаммен алғаш әңгімелескеннен кейін, қандай мәліметті жазып алған дұрыс?
3 Жазып ал. Адаммен алғаш сөйлескеннен кейін, уақыт бөліп, ол туралы мәліметті жазып ал. Оның есімі мен мекенжайын, қашан және не жайлы сөйлескендеріңді әрі қандай әдебиет қалдырғаныңды жазып алғаның дұрыс. Ол қандай да бір дінді ұстана ма? Отбасы бар ма? Өзін не қызықтыратынын және не нәрсе алаңдататынын айтты ма? Мұндай мәлімет келесі жолы үй иесімен жарасымды әңгіме құруыңа көмектеседі. Сонымен қатар қашан қайтып келуге келіскеніңді және қандай ашық сұрақ қалдырғаныңды да түртіп алғаның жақсы.
4. Адамның қызығушылығын арттыру үшін неліктен табанды болу маңызды?
4 Табанды бол. Шайтан адамның жүрегіне себілген “сөзді алып кету” үшін барын салады (Мар. 4:14, 15). Сондықтан қызығушылық білдірген адамды үйінен табу қиын болса, еш берілме. Бәлкім, оған хат жолдап не есігіне қысқаша хабарлама жазып қалдырарсың. Бір ізашар қызығушылық білдірген әйелмен есік алдында зерттеу сабағын бастайды. Алайда кейіннен оны үйінен таба алмағандықтан, хат жазады. Ақырында оны тапқанда, әлгі әйел ізашардың жеке қызығушылық білдіргені қатты әсер еткенін айтады. Шындықтың тұқымын суара жүріп, оның өсіп жетілгенін әрі “отыз, алпыс және жүз еседен өнім бергенін” көргенде, зор қуанышқа кенелеріміз анық (Мар. 4:20).