“Ас-суларын уақтылы беру”
1. Арнайы бір күндік конгрестің бағдарламасы саған және басқаларға қалай көмектесті?
1 Арнайы бір күндік конгреске қатысып келген соң, біз жиі “Маған керегі дәл осы еді!” дейміз. Бір аудандық бақылаушының айтуынша, конгрестің бағдарламасы кей бауырластарда көбірек қызмет етуге ықылас оятқан. Басқа аудандық бақылаушы былай деді: “Конгресс бағдарламасы бізді қай уақытта өмір сүріп жатқанымыз жайлы ойлануға және өмірлік мақсатымызды тексеруге көмектесті”. Тағы біреуі: “Бірталай жариялаушыдан конгресте айтылған ойлардың оларға қатты әсер етіп, ең маңызды іске, қызметтеріне, баса назар аударып жүргендерін тексеруге талпындырғанын естідім”,— деді. Ал саған ше, арнайы бір күндік конгресс қалай көмектесті?
2. Алдағы конгрестің бағдарламасы қандай?
2 Алдағы конгресте де бізге қажетті ойлар айтылатыны сөзсіз. Оның тақырыбы “Ехобадан пана тап” деп аталады, ол Забур 117:8, 9-ға негізделген. Конгресте келесі тақырыптар қарастырылады: “Қиын кезде қалай Ехоба бізге пана болады?”, “Өзгелерге Ехобаның қанатының астынан пана табуына көмектес”, “Адамдарға пана болатын Ехобаға еліктеңдер”, “Жастар, Ехобаға сенім артыңдар!”, “Рухани жұмағымыз — Ехоба берген пана”.
3. Конгрестің толық пайдасын көру үшін не істеуіміз қажет?
3 Толық пайдасын көру үшін: Конгрестің күні хабарланған соң, баруды жоспарла және Киелі кітап зерттеушілерді де шақыр. ‘Шыдамдылықпен өнім беру’ үшін, біз естігендерімізге ден қоюымыз қажет (Лұқа 8:15). Сондықтан бағдарламаны мұқият тыңдап, күнделікті өмірде және қызметімізде басшылық ретінде қолданатын негізгі ойларды түртіп алып отыруымыз керек. Конгрестен кейін уақыт бөліп, бағдарламадағы ойларды отбасыңмен талқыла және нақты бір кеңестерді өзің және отбасың қалай қолдана алатынын қарастыр.
4. Неліктен алдағы арнайы бір күндік конгресті асыға күтудеміз?
4 Осы арнайы бір күндік конгрестің бағдарламасы, дәмді де нәрлі тағам әзірленгендей, мұқият ойластырылып әрі сүйіспеншілікпен дайындалады. Конгреске қатысып, мәсіхшілік қызметімізде бізді рухани нығайтатын ‘уақтылы ас-судың’ пайдасын көре алуымыз үшін, Ехоба талпынысымызға батасын бергей! (Мат. 24:45).