Қызметке жеткілікті уақыт бөліп жүрмін бе?
1. Адал мәсіхшілерді қандай ой мазалауы мүмкін?
1 Осындай сұрақ сені мазалаған ба? Бәлкім, жасың ұлғайғаннан, денсаулығың нашарлағаннан және отбасындағы міндеттерің көбейгендіктен уағызға аз шығып, ұнжырғаң түсіп жүрген болар. Үш баласы бар бір әйел бауырлас отбасының қамын жасауға уақыты мен күші кетіп, қалағанынша қызмет етуге мүмкіндігі болмағандықтан, өзін кінәлі сезінеді екен. Олай болса, дұрыс көзқарас сақтауға не көмектеседі?
2. Ехоба бізден не күтеді?
2 Ехоба бізден не күтеді? Бәріміз де көбірек қызмет етуді қалайтынымыз сөзсіз. Алайда бір нәрсені істеуді қалағанымыз оны шынымен істей аламыз дегенді білдірмейді. Көбірек істеуге деген ықыласымыз қазір істеп жүргенімізді қанағат тұтып қоймайтынымызды көрсетеді. Ехоба мүмкіндіктеріміздің шектеулі екенін жақсы білетінін естен шығармайық. Ол бізден қолдан келетіннен артық нәрсені ешқашан талап етпейді (Заб. 102:13, 14). Олай болса, Ехоба бізден не күтеді? Ол біздің жан-тәнімізбен қызмет етіп, қолда бардың ең жақсысын бергенімізді қалайды (Қол. 3:23).
3. Қызметте қанша істей алатынымызға тура баға беруге не көмектеседі?
3 Шамамызды білуге не көмектеседі? Ехобадан жағдайымыздың шын мәнінде қандай екенін көре алуымызға көмек сұрап, дұға ету қажет (Заб. 25:2). Сондай-ақ өзімізді жақсы білетін және жақсаруымыз керек екенін айтуға қысылмайтын сенімді әрі толысқан мәсіхші досымыздың көмегіне жүгінген дұрыс (Нақ. с. 27:9). Өмірде үнемі өзгерістер болып тұратындықтан арагідік жағдайымызды тексеріп тұру керек екенін де ұмытпайық (Ефес. 5:10).
4. Ескертулерге қалай қарауымыз керек?
4 Ескертулерге қалай қараймыз? Жарыс кезінде жанкүйерлер әдетте дауыстап қолдау көрсетіп отырады. Олардың мақсаты — спортшыларды берілмеуге және мәреге жетуге жігерлендіру. Сол сияқты, қауым кездесулерінде және әдебиеттерімізде жиі “Құдай сөзін кейінге қалдырмай уағыздауға” қатысты ескертулер беріледі. Бұл жеткілікті күш салмай жатқанымызға меңзеу үшін емес, қайта, бізді жігерлендіріп, маңызды істі есімізге салып отыру үшін қажет (Тім. 2-х. 4:2). Біз қолымыздан келетіннің бәрін істей жүріп, Ехобаның ‘игі істеріміз бен көрсеткен сүйіспеншілігімізді’ ұмытпайтынына сенімді бола аламыз (Евр. 6:10).