Киелі кітап зерттеуді ұсынуға дайын бол
1. Матай 28:19, 20-дағы Исаның тапсырмасын орындауға не жатады?
1 Иса бізге адамдарды ‘шәкірт етіп, үйретуді’ тапсырды (Мат. 28:19, 20). Сондықтан біз Киелі кітап зерттеу сабақтарын аптаның арнайы бір күнінде ғана емес, әрдайым ұсынуды қалаймыз. Осыған қатысты берілген келесі кеңестерге назар аудар.
2. Зерттеу сабағын кімге ұсына аламыз?
2 Ұсын. Киелі кітап зерттеу сабағын неғұрлым көп ұсынсақ, оны қабыл алатын бір адамның табылу мүмкіндігі соғұрлым арта түседі (Екк. 11:6). Зерттеу сабағын тікелей ұсынуға тырысып көргенсің бе? Құрама Штаттарындағы бір қауым бір ай бойы бұған күш салды. Нәтижесінде 42 жаңа зерттеу сабағы басталғанда, бауырластардың қуанышында шек болмады! Қызығушылық білдіргендер сенің зерттеу сабағын өткізетініңді біледі деп күтпе. Оларға қайта барғанда, неге зерттеу сабағын ұсынып көрмеске? Егер қабылдамаса, мұнда тұрған ештеңе жоқ. Әрі қарай да олардың қызығушылығын арттыра бер. Көршілеріңе, туысқандарыңа, әріптестерің мен сыныптастарыңа Киелі кітап зерттеуді ұсынып көрдің бе? Зерттеушілерден де олардың зерттеу сабағын өтуді қалайтын достары мен туыстары бар-жоғын сұрап көр.
3. Зерттеу сабағын бастауға көмектесетін қандай жақсы құрал бар және оны қай кезде қолдана аламыз?
3 Қажетті құрал. “Шындықты білгіңіз келе ме?” трактаты Киелі кітап зерттеу сабағын бастауға жақсы көмектеседі. Үй иесі басқа әдебиет алса да, алмаса да трактатты ұсынсаң болады. Оны іскерлер аумағында, көшеде уағыздағанда, хат жазғанда және адамдарға қайта барғанда қолдана аласың. Үйінде ешкім болмаған жағдайда да трактатты қалдырып кетуге болады. Қоғамдық көлікпен жүретін болсаң, дүкенге және жұмысқа бара жатсаң, неге оны ала шықпасқа?! Трактаттың соңғы бетінде “Киелі кітап үйретеді” басылымының көмегімен зерттеу сабағын өткізетініміз түсіндіріледі.
4. Зерттеу сабағын бастау үшін “Шындықты білу” трактатын қалай қолдануға болады?
4 Адамға трактатты берген соң, бірінші бетіндегі сұрақтарға назарын аударып, қайсысы оны қызықтыратынын сұра. Содан кейін трактаттағы жауабын бірге қарастырыңдар да, Киелі кітап зерттеу сабағы түсіндірілген соңғы бетті оқып не айтып бер. Сосын, талқыланған сұраққа қатысты көбірек мәліметтің “Киелі кітап үйретеді” басылымының қай жерінде қарастырылатынын көрсетіп, кітапты ұсын да, әңгімені жалғастыру үшін тағы келетініңді айт.
5. Неге Киелі кітап зерттеу сабағын ұсынуға дайын болуымыз керек?
5 Учаскемізде Киелі кітаптың шынымен неге үйрететінін білгісі келетін адамдар әлі де бар. Сондықтан зерттеу сабағын ұсынуға дайын болсақ, адамдарға өмір жолын таңдауға көмектесуден келетін қуаныштың дәмін тату мүмкіндігі де арта түседі (Мат. 7:13, 14).