Әрдайым куәлік берейік
1. Исаның құдықтың басында әйелге куәлік бергенінен не нәрсеге үйренеміз?
1 Иса бірнеше сағат бойы жаяу жүрді. Ол әбден шаршап, шөлдегені сөзсіз. Шәкірттері тамақ сатып алуға кеткенде, Иса тынығу үшін Самариядағы құдықтың қасына отыра кетеді. Ол шәкірттерімен мұнда уағыздауға келген жоқ-тын. Олар жай ғана қызметін жалғастыру үшін осы аймақ арқылы Ғалилеяға қарай беттеген еді. Әйтсе де Иса су алуға келген әйелге куәлік берудің мүмкіндігін қалт жібермеді (Жох. 4:5—14). Неліктен? Себебі Иса Ехобаның ‘адал да шынайы Куәгері’ болған (Аян 3:14). Біз де әрдайым Ехобаның куәгерлері болуымызбен Исаға еліктейміз.
2. Бейресми куәлік беруге қалай дайын бола аламыз?
2 Дайын бол. Егер әдебиеттерді үнемі өзімізбен алып жүрсек, бейресми куәлік беруге дайын боламыз. Мысалы, көп жариялаушы дүкен сатушыларына, жанармай бекетінінің жұмысшыларына және кезігетін басқа да адамдарға трактаттар ұсынады (Екк. 11:6). Жиі жол жүретін бір әйел бауырлас үнемі өзімен бірге кішкентай Киелі кітапты және “Киелі кітап үйретеді” басылымын алып жүреді, әрі қасына отырған кісімен әңгімелесуге тырысады.
3. Адамдарды әңгімеге қалай тарта аламыз?
3 Әңгіме баста. Адаммен әңгіме бастау үшін міндетті түрде Киелі кітаптағы тақырыпты қозғаудың қажеті жоқ. Иса құдықтың жанында әйелді әңгімеге тартқанда, бірден өзінің Мәсіх екенінен бастамаған. Иса одан жай ғана су сұрап, қызығушылығын оятты (Жох. 4:7—9). Бір әйел бауырласымыз осылай еткен болатын. Адамдар одан мерекелерді неге тойламайтынын сұрағанда: “Мен Ехоба куәгері болғандықтан ғана бұлай етпеймін”, — деудің орнына, ол: “Мерекелерді тойламау — өзімнің жеке шешімім”,— деп жауап береді. Нәтижесінде адамдар мұның себебін білгісі кеп бауырласымызға сұрақтар қоя бастайды, ал оның куәлік беруге мүмкіндігі туады.
4. Матай 28:18—20-дағы сөздер сені не істеуге талпындырады және неліктен?
4 Жердегі қызметі аяқталса да, Иса уағыздау ісін өзі қалай атқарса, қазір де солай атқарылғанын қалайды (Мат. 28:18—20). Сондықтан Исаға еліктеп, кез келген уақытта сеніміміз жайлы адамдарға куәлік беруге дайын болайық (Евр. 10:23).