Телефонмен уағыздау — куәлік берудің тиімді жолы
1. Неге телефон арқылы куәлік берудің маңызы зор?
1 Неліктен телефон арқылы куәлік беру жайлы ойланғанымыз жөн? Өйткені бұл — адамдардың тура білім алып, құтқарылуына көмектесудің бір жолы (Пет. 2-х. 3:9). Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды жеткізудің бірден-бір жолы үйме-үй уағыздау болғанымен, үйінде бола бермейтін адамдарға куәлік берудің басқа да әдістерін қолданғымыз келеді (Мат. 24:14; Лұқа 10:1—7; Аян 14:6).
2. Телефонмен уағыздағанда нені ескеру керек?
2 Нені ескеру керек? Үйме-үй уағыздағанда учаскелер қолданатынымыздай, телефонмен куәлік етуге де арнайы учаскелер беріледі. Телефонмен жалғыз не екі-үш адам болып уағыздауға болады. Еш нәрсе кедергі етпейтін тыныш жерде отырып уағыздаған дұрыс. Көп жариялаушылар үстел басында отырып, алдына үйме-үй уағыздағанда қолданып жүрген құралдарын қойып қоюды пайдалы деп табады.
3. Телефон арқылы қалай уағыздау керек?
3 Қалай уағыздау керек? Телефонмен уағыздағанда ұсынысты өз сөзімізбен айтқанымыз дұрыс. Қызметтің бұл түрінде тәжірибесі аз бауырластар ұсынысты оқып берсе болады, бірақ күнделікті сөйлеп жүрген мәнерімен айтқаны жөн. Әңгімені бастауға “Пікір алысу” кітабы мен “Біздің патшалық қызметіміздегі” ұсыныстарды және “Шындықты білгіңіз келе ме?” трактатындағы сұрақтарды қолдануға болады. Өз ұсынысыңды дайындағанда белгілі бір тақырыпты таңдап, қандай сұрақ қоятыныңды және соған жауап ретінде қандай жазба орындарын оқитыныңды анықтап ал. Әдетте үйме-үй уағыздағанда таратып жүрген әдебиеттерді ұсынуыңа болады. Келесі жайттарды ескер: өзіңді еркін ұста және асықпай сөйле. Шыдамды бол, ізетпен әрі жылы сөйле. Өзіңмен сөйлесіп тұрған адам мұны сезінуі керек. Ол өз ойын айтып жатқанда мұқият тыңда және пікірі үшін ризашылық білдір. Ақша тіленіп отыр деп ойлап қалмас үшін ерікті садақа жайлы сөз қозғамағаның жөн.
4. Телефонмен уағыздау арқылы не нәрсеге қол жеткізуге болады?
4 Телефонға үйінен шыға алмайтын не жұмыстан қолы босамағандықтан үйінде сирек болатын адам жауап беруі мүмкін. Кейбіреулер күзетілетін не есігіне құлып қойылып, шақырусыз кіруге болмайтын көп қабатты не жер үйлерде тұрады. Сондықтан қызметіңді түбегейлі әрі толықтай атқару үшін телефон арқылы уағыздауды куәлік берудің тиімді жолы деп қарастыр.