Уағыз ісі бізге рухани берік болып қалуға көмектеседі
1. Уағыз ісіне қатысудың қандай пайдасы бар?
1 Уағыздау ісіне белсенді түрде атсалысқанымыз бізді рухани мықты әрі қуанышты етеді. Бұл іске Ехобаны қуанту үшін қатысамыз. Алайда “Құдай сөзін уағызда” деген шақыруға құлақ асатындар Ехобаның батасына бөленеді әрі басқа да игіліктер көреді (Тім. 2-х. 4:2; Ишая 48:17, 18). Қалай уағыздау қызметі бізді нығайтады әрі қуанышқа бөлейді?
2. Уағыз ісіне қатысу бізді қалай нығайтады?
2 Бата әкеледі және нығайтады. Уағыздау ісі бүгінгі қиыншылықтарға емес, Патшалық әкелетін баталарға баса назар аударуға көмектеседі (Қор. 2-х. 4:18). Киелі кітап ілімдерін түсіндіргеніміз Ехобаның уәделеріне деген сенімімізді нығайтады және шындыққа деген ризашылығымызды арттырады (Ишая 65:13, 14). Сондай-ақ адамдарға рухани өсіп, “осы дүниелік” болмауға көмектескеніміз өзіміздің де осы дүниеден аулақ болу шешімімізді нығайтады (Жох. 17:14, 16; Рим. 12:2).
3. Қызметке қатысқанымыз мәсіхшілерге тән қасиеттерді дамытуға қалай көмектеседі?
3 Қызметке қатысқанда біз мәсіхшілерге тән қасиеттерді дамытамыз. Мысалы, ‘әр түрлі адамдарға бейімделгенде’, кішіпейілділік қасиетін көбірек танытамыз (Қор. 1-х. 9:19—23). “Бағушысы жоқ қойлардай қалжыраған бейшара” адамдармен сөйлескенде, жанашырлыққа үйренеміз (Мат. 9:36). Адамдардың немқұрайдылығы не қарсылығына қарамастан қызметімізді жалғастырғанымыз төзімділігімізді шыңдай түседі. Сондай-ақ беруден келетін қуанышқа кенелеміз (Ел. іс. 20:35).
4. Қызметімізге қалай қарауымыз керек?
4 Жалғыз шынайы Құдайға даңқ әкелетін қызметке қатысу неткен бата! Бар күшімізді салып, “ізгі хабар туралы түбегейлі куәлік етуге” ұмтылғанымыз бізді рухани нығайтады және мол батаға кенелтеді (Ел. іс. 20:24 ЖД).