Бәрін ізгі хабардың таралуы үшін істейік
1. Патшалықты уағыздаушылардың әрқайсысы не істеуге дайын және неліктен?
1 Елші Пауыл ізгі хабарды уағыздауға өзін міндетті деп санаған (Қор. 1-х. 9:16, 19, 23). Біз де адамдардың мәңгілік игілігін ойлағандықтан, ізгі хабарды уағыздау ісінде ерекше күш салғымыз келеді.
2. Біз уағыздау қызметіне қатысты қандай өзгерістер жасауға дайынбыз және неге?
2 Адамдар бар жерде және оларды табуға болатын уақытта уағыздаңдар. Жақсы балықшы өзіне ыңғайлы жерде әрі қалаған уақытында емес, қайта, балықтың қайда және қашан жиналатынын біліп ау салады. Балықшы сияқты, біз де уағызда көп адамды кездестіре алу үшін, қандай да бір өзгерістер жасаймыз. Сонда ‘әр түрлі балықтарды’ жинау ісі көбірек қанағат әкеледі (Мат. 4:19; 13:47). Бәлкім, кешкісін адамдар жұмыстан келген уақытта үйме-үй, я болмаса таңертең ертерек көшеде уағыздай алармыз. Пауыл “ізгі хабар туралы түбегейлі куәлік етуді” мақсат еткен әрі осылай етудің мүмкіндігін қалт жібермеген (Ел. іс. 17:17; 20:20, 24 ЖД).
3, 4. Қызмет кезінде адамдарға қалай бейімделе аламыз және бұл қандай нәтиже беруі мүмкін?
3 Ұсынысты адамның қажеттілігіне бейімде. Балықшы балықтың қай түрін аулайтынына қарай әдісін өзгертіп отырады. Ал біз Патшалық туралы ізгі хабарды адамдарға қалай қызықты етіп айта аламыз? Біз аумағымыздағы көпшілікті ойландыратын тақырыпқа адамның сезімін ескере отырып әңгіме бастап, сосын, мұқият тыңдауымыз керек (Жақ. 1:19). Оның көзқарасын білуге көмектесетін сұрақ қоюымызға болады (Нақ. с. 20:5). Сонда біз ұсынысымызды адамға бейімдеп, ізгі хабарды оған әсер ететіндей етіп жеткізе аламыз. Пауыл әртүрлі адамдарға бейімделген (Қор. 1-х. 9:22). Бейімделу — адамдардың жүрегіне жол табудың бірден бір әдісі.
4 Адамдарға “бақыттың жақсы хабарын” айту бізді зор қуанышқа бөлейді (Ишая 52:7). Осының бәрін ізгі хабардың мүмкіндігінше көп адамға таралуы үшін істейік (Қор. 1-х. 9:23).