Еске алу кешіне шақыруға қатысты арнайы науқан!
1. 2009 жылдың 21 наурызынан бастап дүниежүзіндегі Патшалықты жариялаушылар қандай іске атсалысады және неге?
1 2009 жылдың 9 сәуірінде, бейсенбі күні, бүкіл дүниежүзі бойынша Ехоба Құдайдың қызметшілері оның адамзатқа деген сүйіспеншілігінің зор көрінісі жайлы ой жүгірту үшін жиналады (Рим. 5:6—8). Сол күні Исаның өлімін бізбен бірге еске алуға қызығушылық білдіріп жүрген миллиондаған адамның келгенін қалаймыз. Сондықтан 21 наурыздан бастап Еске алу кешіне шақыруға қатысты дүниежүзілік науқанға атсалысамыз.
2. Шақыру қағазын ұсынғанда, қандай жайттарды есте ұстауың керек?
2 Есте ұстайтын жайттар. Шақыру қағазындағы жазба орны мен мәтінді қолданып, қысқаша ұсыныс айтуға болады. Мысалы, былай дей аласың: “Сізді 9 сәуірде, бейсенбі күні, өтетін Иса пайғамбардың өлімін еске алу кешіне шақырамыз”. Сосын, шақыру қағазында келтірілген жазба орнына назар аудар. Сондай-ақ үй иесіне отбасын және таныстарын ертіп келуіне болатынын айтуды ұмытпа.
3. Адамдарды Еске алу кешіне шақырған соң, не істеуіңе болады?
3 Егер қауымның аумағы үлкен болса, ақсақалдар жариялаушыларға тұрғындарын таппаған үйлерге шақыру қағазын тастап кетуге нұсқау беруі мүмкін. Демалыс күндері шақыру қағазымен бірге журналдарды да ұсынуға болады. Еске алу кешіне Киелі кітап жайлы әңгімелесіп тұратын және зерттеп жүрген адамдарды, туыстарыңды, сыныптастарыңды, әріптестеріңді, көршілеріңді және басқа да таныстарыңды шақыруды мақсат етіп қой. Өткен жылы бір әйел бауырлас 30 туысқанын шақырып, кейін сол кештің маңыздылығын естеріне салып тұрған. Олардың 25-сі Еске алу кешіне келіп, ал кейінірек төртеуі Киелі кітап зерттеуге келіскенде, ол қалай қуанды десеңші!
4. Біз қазірден бастап нені жоспарлауымыз керек және неге?
4 Қазірден жоспарла. Көп жариялаушы наурыз және сәуір айларында қызметке көбірек қатыса алатын шығар. Егер рухани жетістіктер жасап жатқан балаларың немесе сенімен Киелі кітапты зерттеп жүргендер болса, бәлкім, осы уақыт олар үшін шомылдыру рәсімінен өтпеген жариялаушы болуға қолайлы болар. Сүйіспеншіліктің екі керемет үлгісін еске алуға шақыру науқанына барынша қатысу үшін қазірден бастап дайындал (Жох. 3:16; 15:13).