Біз құнды қазынамен бөлісеміз
1 Құдай Сөзінде жанымызға жақын тұтып бағалайтын рухани қазына көп (Заб. 11:7; 118:11, 14). Бірде Иса Патшалықтың әртүрлі қырын көрсететін астарлы әңгімелерді айтып, шәкірттерінен былай деп сұрайды: “Мұның бәрін түсіндіңдер ме?” Шәкірттері: “Иә, түсіндік, Мырза”,— деп жауап бергенде, Иса оларға: “Құдай Патшалығы туралы тәлім алып, Киелі жазбаларды оқытушы әрбір ғұлама өз қазынасынан жаңасын да, көнесін де шығарып отырған үй иесіне ұқсайды”,— деп айтады (Мат. 13:1—52).
2 Алғашқыда білген шындықтарымызды көне қазынаға теңеуге болады. Құдай Сөзіндегі терең ойларды жеке зерттеп, білімімізге білім қосу арқылы жаңа қазына деп есептеуге болатын Киелі кітаптың басқа да шындықтарын білдік (Қор. 1-х. 2:7). Сондай-ақ адал да ақылды құлдың көмегімен осы шындықтарды түсінеміз (Мат. 24:45 ЖД).
3 Көне болсын, жаңа болсын, осы рухани қазыналарды біз жоғары бағалаймыз. Бұл бізді Құдай Сөзінен тәлім беруді үйреніп, тәжірибе жинай беруге және білген құнды шындықтарды адамдармен жомарттықпен бөлісуге талпындырады.
4 Исадан үйрен. Иса Құдай Сөзіндегі қазынаны адамдарға жеткізу үшін бар күшін салу арқылы бұл шындықтарды жоғары бағалағанын көрсеткен. Тіпті шаршап тұрса да, ол өзіндегі қазынамен бөлісуді доғармаған (Жох. 4:6—14).
5 Рухани жағынан бейшара адамдарға деген сүйіспеншілігі Исаны Құдайдың өмір беретін құнды шындықтарымен бөлісуге талпындыратын (Заб. 71:13). Ол рухани аш адамдарға қатты жаны ашығандықтан, “көп тәлім” беретін (Мар. 6:34).
6 Исаға елікте. Өзіміздегі қазыналарды жоғары бағаласақ, Исаға еліктей отырып адамдарға құнды рухани шындықтарды тікелей Киелі кітаптан көрсетуге тырысамыз (Нақ. с. 2:1—5). Кейде шаршауымыз мүмкін, сөйтсе де Жазбалардағы шындықтарды ынты-шынтымызбен айтамыз (Мар. 6:34). Құдай Сөзіндегі қазыналарға деген шын жүректен шыққан ризашылық бізді жан сала қызмет етуге талпындырады.