Сенің отбасың Құдайдың күніне дайын ба?
1 Орындалған пайғамбарлықтар осы зұлым дүниенің ақыры тез жақындап келе жатқанын анық көрсетеді. Біз Топан судың алдындағы күндерге қатты ұқсайтын қиын-қыстау күндерде өмір сүрудеміз (Мат. 24:37—39). Құдай сол зұлым дүниені жойғанда, Нұх аман қалған болатын, себебі ол “Құдаймен байланысып өмір сүрген адам еді” (Жар. 6:9). Отбасының Топан судан аман өткеніне қарағанда, Нұх оларға да Ехобаның жолдарын үйреткенге ұқсайды. Олай болса, Нұхқа еліктей отырып, осы зұлым дүние жойылғанда аман қалуымыз үшін отбасымызбен бірге не істеуімізге болады?
2 Әділдікті уағыздаушы. Нұх табандылық таныта отырып, қырық-елу жыл бойы әділдікті уағыздаған (Пет. 2-х. 2:5). Оның замандастары адам кейпіне енген бүлікші періштелердің ықпалымен болсын, өз зұлымдықтарынан болсын, оны күлкіге айналдырса керек. Бүгінде де адамдар біздің қызметімізге жиі немқұрайдылықпен қарап, кейде күлкіге айналдырады, ал бұл осы дүниенің ақырының таяғанын көрсетеді (Пет. 2-х. 3:3, 4). Алайда Нұхтың күндерінен айырмашылығы, бүгінде көп адам хабарымызды қабыл алып, Ехобаның қасиетті тауына ‘ағылуда’ (Ишая 2:2). Біз табандылық танытсақ қана, ‘өзімізді де, тыңдаушыларымызды да құтқаратын’ боламыз (Тім. 1-х. 4:16, Тт). Олай болса, ата-аналардың балаларына уағыз ісінің қаншалықты қауырт екенін сөзімен де, ісімен де үйретіп отырғаны қандай маңызды! (Тім. 2-х. 4:2).
3 “Оған қалай бұйырса, солай істеді”. Нұх пен оның отбасы құтқарылу үшін Ехобаның басшылығын дәл орындаулары керек еді (Жар. 6:22). Тап сол сияқты біздің де Киелі кітап пен адал құлдың басшылығына “құлақ асқыш” болғанымыз маңызды (Жақ. 3:17, Тт). Бір бауырластар әкелерінің Ехобаның ұйымынан алған кеңестерді өз отбасында қалай қолданғанын естеріне алады. Ол кеңестерді қолдана отырып, апта сайын отбасылық зерттеу жүргізіп отырған, сондай-ақ демалыс күндері отбасымен бірге қызметке шығып тұрған және апта сайын қызметке бір баласын ертіп шығуға тырысқан. Оның табандылық танытып, ‘Құдай қалай бұйырса, солай істегені’ балаларына қатты әсер еткендіктен, қазір олардың алтауы да Ехобаға адал қызмет етуде.
4 Бұл дүниенің ақыры күтпеген сәтте келеді (Лұқа 12:40). Сондықтан Нұхқа еліктесек әрі Құдайдың құтқаратынына сенсек, өзіміз де, отбасымыз да Ехобаның күніне дайын боларымыз сөзсіз! (Евр. 11:7).