Қайғырып жүргендерді жұбатыңдар
1. Неге жақынынан айырылған адамдар жұбанышқа мұқтаж?
1 Жақынының өлімі адамның жанына қатты батады. Ал Патшалыққа деген үміті жоқ адамдарға бұл әсіресе ауыр тиеді (Сал. 1-х. 4:13). Сол себепті көп адамды “Адамдар неге өледі? Өлген соң олармен не болады? Біз жақындарымызды қайта көреміз бе?” деген сұрақтар жиі толғандырады. Төменде туысынан не досынан айырылып, қайғырып жүрген адамдарды қызметте кездестіргенде, оларды қалай жұбатуға болатынына қатысты кеңестер берілген (Ишая 61:2).
2. Үй иесі қайғылы екенін айтса, онымен ұзақ сөйлескеніміз орынды бола ма?
2 Үйме-үй жүргенде. Үй иесі отбасындағы бір адамның жақында ғана қайтыс болғанын айтуы мүмкін. Оның қайғы үстіндегі адам екенін түрінен байқауға бола ма? Мүмкін, оның үйі жылап-сықтаған адамға толы шығар. Мұндайда онымен ұзақ сөйлескеніміз орынсыз болар (Екк. 3:1, 7). Бәлкім, оған көңіл айтқан соң, лайықты трактат, журнал немесе кітапша қалдырып, кетіп қалғанымыз дұрыс шығар. Кейін қолайлырақ уақытта келіп, Киелі кітаптағы жұбаныш беретін ойларды айтып беруімізге болады.
3. Егер мүмкіндік болса, жақынынан айырылған адамға қандай тармақтарды көрсетуге болады?
3 Ал кейде алғаш келген кезде-ақ көбірек куәлік беруімізге болады деп шешетін шығармыз. Мұндайда адамның бұрыс көзқарастарын түзетіп жату орынды болмас, дегенмен оған Киелі кітаптағы қайта тірілуге қатысты сөздерді оқып беруімізге болатын шығар (Жох. 5:28, 29). Сондай-ақ Жазбалардан өлген адамдардың қандай күйде болатынын көрсетіп беруімізге болады (Жар. 3:19). Адамның қайта тірілуі туралы Киелі кітапта жазылған оқиғаға назар аударғанымыз да үй иесіне жұбаныш беруі мүмкін (Жох. 11:39—44). Елші Пауылдың Ехобаға үміт артатыны жайлы сөздерін қарастырғанымыз да орынды болар еді (Ел. іс. 24:15). Ал кетер кезде адамға “Өлген соң адаммен не болады?” кітапшасын немесе басқа бір лайықты кітапша не трактат қалдырып кетуімізге болады. Сондай-ақ “Киелі кітап үйретеді” басылымын ұсынып, үй иесінің назарын 6-тарауға аударған соң, ондағы мәліметті келесі жолы бірге талқылауға келісуге болады.
4. Адамдарды жұбатудың тағы қандай мүмкіндіктері бар?
4 Басқа жағдайларда. Жерлеу рәсімі Патшалық сарайында өтсе, ол жерде қайтыс болған адамның Куәгер емес туыстары бола ма? Егер болса, олардың жұбаныш беретін қандай да бір әдебиетті алып кетуіне жағдай жасауға болатын шығар. Сондай-ақ кейбір жерлеу бюролары жақындарынан айырылған адамдар келгенде алып оқуларына болатын әдебиеттерді ризашылықпен қабыл алған. Кейде қайтыс болған адамның отбасына басқалар газет арқылы көңіл айтып жатады. Мұндайда бұл отбасына жұбаныш беретін қысқаша хат жазудың мүмкіндігі туындайды. Бірде әйелінен айырылған кісіге ішіне трактаттар салынған осындай хат келеді. Сонда ол қызымен бірге хатты жіберген жариялаушының үйіне келіп: “Маған мына хатты жіберген сіздер ме? Мен Киелі кітап жайында көбірек білгім келеді”,— дейді. Осыдан кейін бұл кісі қызымен бірге зерттеу сабағын бастап, қауым кездесуілеріне келіп тұратын болды.
5. Неге қайғыға батқан адамдарды жұбатудың мүмкіндіктерін жібермеуіміз керек?
5 Екклесиаст 7:2-де: “Той-думан болып жатқан үйге барғанша, өлгенді аза тұтқан үйге кіріп шыққан жөн”,— деп айтылған. Әдетте той тойлап жатқан адамнан гөрі қайғылы адам Құдай Сөзіне құлақ асуға бейім келеді. Сондықтан жақынынан айырылып, қайғыға батқан адамдарды жұбатудың мүмкіндіктерін жібермеуіміз керек.