Сауалдар жәшігі
◼ Ехоба куәгерлерінің Патшалық, Конгресс сарайларына, Бетел үйі мен филиалға қалай киініп барған дұрыс?
Дүниежүзі бойынша Патшалық, Конгресс сарайлары, Бетел үйлері мен филиалдар Ехобаға қызмет етуге бағышталған ғимараттар болып есептеледі. Олар қарапайым, таза әрі ұқыпты. Шайтанның дүниесінде жиі көруге болатын нәрселер бұл ғимараттармен салыстыруға да келмейді. Бұл ғимараттар Ехобаға қызмет етуге лайықты орындар болып табылатындықтан, осы жерлерге келген адамдардың да сырт көрінісінен Ехобаға қызмет ететіндері бірден көрініп тұру керек.
Мәсіхшілер ретінде біз ‘барлық істе де Құдайдың қызметшілеріне лайық болуға ұмтыламыз’, бұған сырт көрінісіміздің лайықты әрі ұқыпты болуы да жатады (Қор. 2-х. 6:3, 4). Сондай-ақ өзімізді лайықты түрде ұстағанымыз жөн. Біздің сырт көрінісімізден барлық уақытта Ехоба Құдайдың қызметшілеріне тән әдептілік көрініп тұруы керек. Мұны әсіресе Нью-Йорктағы бас басқарма мен дүниежүзіндегі басқа да филиалдарға барғанда естен шығармаған дұрыс.
“Ехобаның еркін орындау үшін ұйымдасқанбыз” (ор.) кітабында қызметке және қауым кездесулеріне барғанда, сырт көрінісіміздің таза әрі қарапайым болуы керек екеніне ерекше назар аударылған болатын. Бұдан соң 138-беттің 3-абзацында былай деп айтылған: “Бетел “Құдайдың үйі” дегенді білдіретіні есімізде шығар. Ендеше, Бетелге келгенде киіміміз, сырт көрінісіміз және жүріс-тұрысымыз Патшалық сарайына ғибадат етуге келгендегідей болу керек”. Бұл нормаларды Бетел үйлеріне алыс-жақын маңнан келген барлық жариялаушылар ұстануы тиіс. Осылайша олар өздерінің ризашылықтарын білдіріп, құрмет көрсетеді (Заб. 28:2).
Киімдерімізден “Құдайға ұнамды болуға ұмтылған” адамдар екеніміз көрініп тұру керек (Тім. 1-х. 2:10). Сырт көрінісіміздің лайықты болғаны басқалардың шынайы ғибадатқа дұрыс қарауына ықпал етеді. Алайда Ехобаға қызмет етуге арналған ғимараттарға келген бауырластардың арасында тым еркін, олпы-солпы немесе ашық киініп келгендері де болған. Мұндай киімдер мәсіхшілер үшін қай кезде болмасын лайықсыз. Біз өміріміздің басқа саласындағыдай бұл жағдайда да Құдайдың халқын ерекшелендіріп тұратын жоғарғы нормаларды ұстанғымыз келеді. Осылайша “бәрін Құдайды дәріптеу үшін істеңдер” деген қағидаға сай әрекет етеміз (Рим. 12:2; Қор. 1-х. 10:31).
Сондықтан Нью-Йорктегі бас басқармаға, Алматыдағы Бетел үйіне не басқа бір филиалға арнайы жоспарлап барсаң да, қыдырып жүріп жол-жөнекей соғып кетсең де, өзіңнен былай деп сұра: “Менің сырт көрінісімнен барған жеріме лайық болатындай тазалық пен қарапайымдылық көріне ме? Киімім өзім ғибадат етіп жүрген Құдайды дәріптей ме? Менің сырт көрінісім өзгелерді ыңғайсыз жағдайға қалдырып не оларда жағымсыз сезім оятпай ма? Сырт көрінісіміз әрқашан “Құтқарушымыз Құдайдың ілімін көркейтсін”! (Тит. 2:10).