Қызметке деген құлшынысымызды бәсеңдетпейік
1 Ехоба куәгерлері 1992 жылдан бері дүние жүзі бойынша Патшалық туралы уағыздау мен шәкірт дайындау ісін құлшыныспен атқарып, оған жыл сайын миллиардтан астам сағат жұмсап келеді. Біз осы керемет іске аз болса да үлесімізді қосып жатқанымызға қуаныштымыз! (Мат. 28:19, 20).
2 Әрине, бұл үшін мадаққа осы “қиын-қыстау” күндері қызметімізді атқаруға күш беріп отырған Ехоба лайық (Тім. 2-х. 3:1). Алайда осы маңызды іске құлшына атсалыса беру үшін не істеуіміз керек?
3 Құлшыныс танытуға не көмектеседі? Құдайға және маңайымыздағыларға деген сүйіспеншілігіміз бен бағышталуымызға сай өмір сүруге деген шынайы ықыласымыз бізді Патшалық үшін қызмет етуге талпындырады (Мат. 22:37—39; Жох. 1-х. 5:3). Сондай-ақ сүйіспеншілік бізді уағыздау ісіне барынша атсалысу үшін құрбандыққа баруға талпындырады (Лұқа 9:23).
4 Құлшынысыңды сақтауға күш сал. Қарсыласымыз Ібіліс құлшынысымызды бәсеңдету үшін кез келген нәрсені қолданып, жанталасуда. Учаскеміздегі адамдардың енжарлығы, осы дүниедегі алаңдататын нәрселер, күнделікті тіршіліктің қам-қарекеті және денсаулықтың нашарлауына қатысты туындайтын уайым — ұнжырғамызды түсіру үшін ол қолданатын нәрселердің кейбірі ғана.
5 Сондықтан, құлшынысымызды бәсеңдетіп алмау үшін барымызды салуымыз керек. ‘Алғашқы сенген кездегі сүйіспеншілігімізді’ әрі қарай да күшейте бергеніміз маңызды. Бұл үшін Құдай Сөзі Киелі кітапты үнемі оқып, оқығанымыз туралы ой жүгіртуіміз керек және ‘адал да ақылды қызметші’ дайындап отырған рухани шаралардың барынша пайдасын көруіміз керек (Аян 2:4; Мат. 24:45, ЖД; Заб. 118:97).
6 Киелі кітаптағы пайғамбарлықтар Ехобаның зұлымдарды жоятын күні тез жақындап келе жатқанын нақты көрсетеді (Пет. 2-х. 2:3; 3:10). Осыны есте сақтайық және бүгінгі дүние жүзі бойынша жүріп жатқан Патшалық туралы хабарды уағыздау мен шәкірт дайындау ісіне барынша атсалыса отырып, қызметке деген құлшынысымызды сақтауға барынша тырысайық!