Біз Патшалыққа деген үмітімізді жариялаймыз
1 Осы қиын-қыстау соңғы күндері көп адамның болашаққа деген үміті жоқ (Ефес. 2:12). Ал басқа біреулер парасаттылық танытпай, дүние-мүлікке, билік иелеріне, ғылымға және тағы басқа нәрселерге арқа сүйейді. “Берік зәкір сияқты жанымыздың сенімді сүйеніші” болып табылатын нағыз үмітке ие болғанымыз біз үшін неткен бақыт! (Евр. 6:19)
2 Құдай Патшалығы билік еткенде, жер беті жұмақ бағына айналады. Қайтыс болған жақын адамдарымыз қайта тіріледі (Ел. іс. 24:15). Кедейлік, әділетсіздік, ауру-сырқау, кәрілік және өлім болмайды (Заб. 9:19; Мат. 12:20, 21; Аян 21:3, 4). Бұл — Ехобаның жақында орындалатын уәделерінің кейбірі ғана. Ал сен әсіресе қандай уәденің орындалуын көруге үміттенесің?
3 Ізгі хабарды жариялаңдар. Патшалыққа деген үмітті ішімізде сақтамауымыз керек. Құдайға және маңайымыздағыларға деген сүйіспеншілік Исаға еліктеп, ‘жарлыларға Ізгі хабар жеткізуге, тұтқындарға босатылып, соқырларға көре алатындарын жар салуға, езілгендерді қанаудан азат етуге’ талпындырады (Лұқ. 4:18). Елші Пауыл ізгі хабарды базарда және адамдарды кездестіруге болатын кез келген жерде уағыздаған. Ол өзін түгелдей қызметке арнаған (Ел. іс. 18:5). Оның үлгісіне еліктей отырып қызметке құлшына атсалысатын болсақ, бұл дүниенің тұрмыс қамын ойлап абыржып, байлыққа алданбайтын боламыз, осылайша үмітімізді сақтап қаламыз (Мар. 4:19).
4 Немқұрайды, ізгі хабарға аса қызығушылық танытпаған не ашықтан-ашық қарсылық көрсеткен адамдарға кезіксек те, Патшалыққа деген үмітіміз әлсіремейді. Біз “үмітімізді ел алдында қысылмай жариялауда берік боламыз” (Евр. 10:23, ЖД). Сондай-ақ ‘ізгі хабар үшін еш ұялмаймыз’ (Рим. 1:16). Кейбіреулерді түбінде ізгі хабарға құлақ асуға айқын көрініп тұрған сенімділігіміз бен табандылығымыз тарпындыруы мүмкін.
5 Адамдарға Киелі кітаптағы пайғамбарлықтарға сай дүниедегі жағдайдың нашарлап жатқанын айтқанымыз орынды, дегенмен біз қайғылы хабардың жариялаушылары емеспіз. Керісінше, біз адамдардың назарын негізінен Патшалыққа деген үмітке — Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарға — аударамыз. ‘Үмітімізді соңына дейін берік ұстануымыз үшін’ осы ізгі хабарды сенімділікпен әрі құлшына уағыздалық (Евр. 6:11).