Бір-бірімізді жігерлендірейік
1. Аралаушы бақылаушы қауымға келгенде, қандай ерекше мүмкіндіктер туады?
1 Елші Пауыл Римдегі қауымға: “Өздеріңді көруді қатты аңсаудамын. Сендерді күшейту үшін рухани дарындарыммен бөліссем, яғни сендермен болған кезімде Құдайға деген ортақ сенімімізді көріп, бір-бірімізді жігерлендірсек деймін”,— деп жазған болатын (Рим. 1:11, 12). Бүгінде де аралаушы бақылаушылар қауымға келгенде, осылай өзара жігерленудің мүмкіндігі туады.
2. Неге аудандық бақылаушының келетін уақыты алдын ала хабарланады?
2 Қауым. Аудандық бақылаушының қашан келетіні қауымда шамамен үш ай бұрын хабарланатындықтан, мұның толық пайдасын көру үшін жоспарымызға алдын ала қажетті өзгерістер енгізіп қоюымызға болады (Ефес. 5:15, 16). Егер жұмыс істейтін болсаң, мүмкін, аудандық бақылаушы келетін аптадағы уағыздау қызметіне қатысу үшін бастығыңнан сұрана алатын шығарсың. Кейбіреулер сол айда қосалқы ізашар болуды жоспарлайды. Егер бір жаққа баруды ойлап жүрсең, бұл уақытты аудандық бақылаушы келетін аптаға сай келмейтіндей етіп жоспарлай аласың ба?
3. Аудандық бақылаушы бізді жігерлендіре алу үшін не істей аламыз?
3 Аудандық бақылаушының басты мақсаты — жариялаушыларға жеке көңіл бөліп, жақсырақ уағыздауға үйрету. Оның өзімен не, үйленген болса, әйелімен қызметке жазылғың келер ме еді? Аудандық бақылаушы тәжірибесі аз немесе уағыздау шеберлігін жетілдіргісі келетін жариялаушыларды қоса алғанда, әртүрлі жариялаушылармен қызметке шыққысы келеді. Бәрі де одан ұсыныс жасауды үйреніп, сүйіспеншілікпен берген кеңестерін қолдана алады (Қор. 1-х. 4:16, 17). Сондай-ақ оны асқа шақырып, рухани нығайтатын әңгіме-дүкен құрудың мүмкіндігі бар (Евр. 13:2). Ол баяндамасын қауымның қажеттілігіне қарай бейімдеп айтады, сондықтан мұқият тыңда.
4. Аудандық бақылаушымызды қалай жігерлендіруімізге болады?
4 Аудандық бақылаушы. Елші Пауылдың қауымдағы бауырластардан еш айырмашылығы болмаған. Ол да қиыншылықтар мен уайым-қайғыны бастан кешкен, сондықтан біреудің өзін жігерлендіргенін қалаған әрі мұны ризашылықпен қабыл алған (Қор. 2-х. 11:26—28). Римдегі бауырластар тұтқынға алынған Пауылдың Римге келе жатқанын естігенде, кейбіреулері онымен кездесу үшін 74 шақырым жердегі Аппи базарына дейін жол жүріп келген. “Пауыл оларды көргенде Құдайға шүкірлік айтып, жігерленіп қалды” (Ел. іс. 28:15). Сен де аудандық бақылаушыны осылай жігерлендіре аласың. Келген уақытында құлшыныс таныту арқылы бақылаушыға “ерекше құрмет” көрсет (Тім. 1-х. 5:17). Оның сен үшін атқарып жатқан қызметіне шын жүректен ризашылығыңды білдір және бұл ісіңнен көрініп тұрсын. Сенің сенімің, сүйіспеншілігің мен төзімділігің аудандық бақылаушыны және оның әйелін қуантары сөзсіз (Сал. 2-х. 1:3, 4).
5. Неліктен бәріміз де біреудің өзімізді жігерлендіргенін қалаймыз?
5 Осы ‘қиын-қыстау күндерде’ біреудің өзімізді жігерлендіргенін қайсымыз болса да қаламаймыз ба? (Тім. 2-х. 3:1) Олай болса, аудандық бақылаушы келетін аптада барынша белсенділік танытуға қазірден дайындала бер. Бәріміз де, аудандық бақылаушылар да, жариялаушылар да, бір-бірімізді қуанышпен жігерлендіре аламыз. Осылайша өзара ‘жақсылық жасап, бір-біріміздің сенімімізді нығайтамыз’ (Сал. 1-х. 5:11, Тт).