Жаңа қызмет жылында талпынуға тұрарлық мақсат
1. Жаңа қызмет жылында қандай мақсатқа талпынуымызға болады?
1 Рухани өскісі келетін адам белгілі бір мақсаттарға ұмтылуы керек. Сен жаңа қызмет жылына қандай мақсаттар қойдың? Мысалы, бір не бірнеше ай қосалқы ізашар болуды мақсат етіп қоюға болады. Бұл қуанышты қызметке атсалысу үшін әдетте алдын ала жоспар құру керек, сондықтан қазірден бастап ойлана берген жөн. Алайда, неліктен қосалқы ізашарлық қызметке талпынуымыз керек?
2. Неліктен қосалқы ізашарлық қызметке талпынуымыз керек?
2 Қосалқы ізашарлық қызметтің пайдасы. Ізашар болу арқылы уағызға көбірек шығып, көктегі Әкемізге “көбірек” ұнай аламыз (Сал. 1-х. 4:1, ЖД). Ехобаның біз үшін жасаған жақсылықтарын ойлағанда, жүрегіміз бізді ол туралы басқаларға айтуға талпындырады (Заб. 33:2, 3). Ехоба көбірек қызмет ету үшін қандай құрбандықтарға барғанымызды біледі әрі мұны бағалайды (Евр. 6:10). Ауыр еңбек етіп, Ехобаның ықыласына ие болып жүргенімізді білгеніміз бізді зор қуанышқа бөлейді (Шеж. 1-ж. 29:9).
3, 4. Қосалқы ізашарлық қызметтің қандай пайдасы бар?
3 Әдетте қандай да бір істі көбірек істеген сайын, ол оңайырақ әрі ұнамды бола түседі. Мысалы, қызметке жиірек шыққан сайын есік алдында еркінірек сөйлейтін боласың. Әңгіме бастап, Киелі кітапты қолдану шеберлігің де арта береді. Өз сенімің туралы көбірек айтқан сайын, ол нығая түседі. Қосалқы ізашар болып жүріп, бұрын зерттеу сабағы болмаған көп жариялаушы Киелі кітап зерттегісі келетін адамдарды тапқан.
4 Сонымен қатар ізашарлық қызмет құлшынысымызды қайта жандандыруға көмектесуі мүмкін. Бұрын жалпы ізашар болған бір бауырлас жұмысқа шектен тыс көңіл бөліп кеткенін байқап, бір ай қосалқы ізашар болуды шешеді. Кейін ол былай деген: “Бір айда осыншама сергіп қаламын деп ойламаппын! Сондықтан әрі қарай да қосалқы ізашар болып қызмет ете беруді шештім де, кейін қайтадан жалпы ізашарлық қызметті бастадым”.
5. Өзімізге сенімсіз болсақ, не істеуімізге болады?
5 Қиыншылықтарды жең. Кейбіреулер қабілетім жетпейді деп ойлайтындықтан, қосалқы ізашар болудан тартыншақтауы мүмкін. Егер сені де ұстап тұрған осы нәрсе болса, Ехоба Еремияға көмектескендей, саған да көмектесе алады (Ерм. 1:6—10). Мұсаның ‘аузы шабан, тілі жүйрік емес’ болса да, Ехоба оны өз ниетін іске асыру үшін қолданған (Мыс. ш. 4:10—12). Егер өзіңе сенімсіз болсаң, батылдық сұрап Ехобаға жалбарын.
6. Денсаулықтың нашарлығына не уақыттың тығыздығына қарамастан, қалай қосалқы ізашар болуға болады?
6 Сен денсаулығың нашар немесе уақытың тығыз болғандықтан жүрексінесің бе? Егер денсаулығың нашар болса, бәлкім, өз шамаңа сай қарқынмен сен де қосалқы ізашардың нормасын орындап шыға аларсың. Ал егер уақытың тығыз болса, мүмкін, аса маңызды емес істерді кейінгі айларға шегере алатын шығарсың. Толық уақыт жұмыс істейтін бауырластардың кейбірі қосалқы ізашар болу үшін бір-екі күн демалыс алып, ‘қолайлы уақыттың құнын өтеп’ алған (Қол. 4:5, ЖД).
7. Қосалқы ізашар болу туралы дұға айтудың қандай пайдасы бар?
7 Бұл үшін не істеу керек? Ізашарлық қызмет туралы дұға айт. Ехобадан қызмет аясын кеңейтуіңе көмектесуін сұра (Рим. 12:11, 12). Ол саған даналықпен кесте құруыңа көмектесе алады (Жақ. 1:5). Егер ізашар болуға аса зауқың соқпаса, Ехобадан уағыз ісінен қуаныш табуыңа көмектесуін өтін (Лұқ. 10:1, 17).
8. Нақыл сөздер 15:22-дегі кеңес қосалқы ізашар болуыңа қалай септігін тигізуі мүмкін?
8 Қосалқы ізашарлық қызмет жайында отбасы болып талқылаңдар (Нақ. с. 15:22). Мүмкін, басқалардың көмегімен отбасында бір адам ізашар бола алатын шығар. Өзіңнің ниетіңді қауымдағы, әсіресе жағдайы өзіңдікіне ұқсайтын, жариялаушыларға да айт. Осылайша қауымда ізашарлық рухтың дамуына үлес қосуың мүмкін.
9. Қосалқы ізашар болуға қай айларды таңдар едің?
9 Келер жылғы теократиялық күнтізбеңе қарап, қай айларда қосалқы ізашар болып қызмет ете алатыныңды ойланып көрші. Егер толық уақыт жұмыс істесең немесе мектепте оқитын болсаң, қосымша демалыс күндері, я болмаса бес сенбі немесе бес жексенбісі бар айларды таңдарсың. Мысалы қыркүйек, желтоқсан, наурыз және тамыз айларында бес сенбі, бес жексенбі болады. Сондай-ақ мамырда бес сенбі, ал маусымда бес жексенбі бар. Егер денсаулығың нашар болса, ауа-райы қолайлы болатын айларды таңда. Мүмкін, қауымдарыңа аудандық бақылаушы келетін айды таңдарсың. Келесі жылы Еске алу кеші 22 наурызда өтетіндіктен, осы айда және сәуір мен мамыр айларында қосалқы ізашар болсаң тамаша болар еді. Қосалқы ізашар болатын бір не бірнеше айды таңдаған соң, елу сағат уағыздай алуыңа көмектесетін қызмет кестесін құр.
10. Қосалқы ізашар бола алмасаң да, не істеуіңе болады?
10 Алдағы жылда қосалқы ізашар бола алмасаң да, ізашарлық рух таныта аласың. Ехобаның жан-тәніңмен атқарып жатқан қызметіңе риза екеніне сенімді бола отырып, әрі қарай да қолыңнан келгенше қызмет ете бер (Ғал. 6:4). Қосалқы ізашар болып жүрген бауырластарға қолдау көрсетіп, жігерлендір. Мүмкін, олармен қызметке шығуға аптаның тағы бір күнін бөліп қоярсың.
11. Неге уақыттың қысылтаяң екенін ұмытпауымыз керек?
11 Ехобаның халқы уақыттың қысылтаяң екенін ұмытпайды. Біз ізгі хабарды уағыздауымыз керек. Адамдардың өмірі қыл үстінде тұр, ал “осы заманның ақыры таяп қалды” (Қор. 1-х. 7:29—31). Құдайға және маңайымыздағыларға деген сүйіспеншілігіміз қызметке жан сала атсалысуға талпындырады. Жақсылап жоспар құрып және күш сала отырып, келер жылы ең болмағанда бір ай қосалқы ізашар болып қызмет ете алатын шығармыз. Бұл шынында да, талпынуға тұрарлық мақсат емес пе?!