‘Алғашқы сенген кездегі сүйіспеншілігіңді жоғалтып алма’
1 Ұлылыққа бөленген Иса бірінші ғасырдағы Ефес қауымын: “Саған айтар наразылығым мынау: сен алғашқы сенген кездегі сүйіспеншілігіңді жоғалтып алдың”,— деп айыптаған болатын (Аян 2:4). Сол қауымдағы көп адам Ехобаға деген алғашқы сүйіспеншіліктерін жоғалтып алған болса керек. Шындықты алғаш білген кезімізде Құдайды және жақындарымызды қатты жақсы көрген едік, сондықтан жаңа пайда болған үмітімізді құлшына жариялайтынбыз. Сол кездегі сүйіспеншілігіміз бен қызметке деген құлшынысымызды қалай сақтап қалуымызға болады?
2 Жеке зерттеу мен қауым кездесулері. Шындықты тани бастағанда Құдайға және жақындарымызға деген сүйіспеншілігіміз ненің арқасында оянды? Жазбаларды зерттей отырып, Ехоба туралы білудің арқасында емес пе? (Жох. 1-х. 4:16, 19) Олай болса, сүйіспеншілігіміз ‘бұдан да арта беру’ үшін, ‘Құдайдың терең ой-мақсаттары’ туралы тура білімімізді әрі қарай да тереңдете беруіміз керек (Філіп. 1:9—11; Қор. 1-х. 2:10).
3 Осы соңғы күндерде уайымға салатын және алаңдататын нәрселер көп болғандықтан, жүйелі түрде жеке зерттеумен айналысуға уақыт табу шынымен қиын болуы мүмкін (Тім. 2-х. 3:1). Бірақ рухани тамақтануға арнайы уақыт бөлуіміз қажет. Қауым кездесулеріне де жүйелі түрде барып тұруымыз керек. ‘Иеміздің қайтып келетін күні таяп қалғандықтан’, бұл әсіресе маңызды (Евр. 10:24, 25).
4 Уағыздау қызметі. Уағыздауға жүйелі түрде шыққанымыз да алғашқы сүйіспеншілігімізді сақтауға көмектеседі. Ізгі хабарды уағыздай жүріп, Ехобаның сүйіспеншілікпен берген уәделерін өзіміздің есімізге салып отырамыз, осының арқасында үмітіміз бен сүйіспеншілігіміз берік болады. Киелі кітап ілімдерін басқаларға үйреткенде, оларды алдымен өзіміз анық түсініп алу үшін жақсылап зерттейміз, ал бұл сенімімізді нығайтады (Тім. 1-х. 4:15, 16).
5 Ехоба оған деген сүйіспеншілігімізді қоса алғанда, жақсы нәрсенің бәріне лайық (Аян 4:11). Сондықтан сүйіспеншілігіңнің сууына жол берме. Киелі кітапты шын жүректен зерттеп, қауым кездесулеріне жүйелі түрде қатысып және өзіңе қымбат нәрселерді басқаларға құлшына айту арқылы алғашқы сүйіспеншілігіңді жалындаған күйінде сақтап қал (Рим. 10:10).