Үйден-үйге уағыздау
1. Үйден-үйге жүріп уағыздауға қатысты қандай сұрақ туындайды және неге?
1 “Шындықты уағыздаудың әр түрлі тәсілінен тәжірибесі бар адамдар “Мыңжылдықтың таң шапағы” деп аталатын кітаппен үйден-үйге жүріп уағыздау бүгінгі таңда адамдарға шындықты жеткізудің ең тиімді жолы екенімен келіседі”. 1893 жылдың 1 шілдесіндегі “Сион күзет мұнарасында” осы сөздермен үйден-үйге жүрудің қаншалықты маңызды екеніне көңіл аударылған болатын. Барлық адамдар Ехоба Куәгерлерін осы ісінен таниды. Алайда көп елде адамдарды үйлерінен табу күннен-күнге қиындап бара жатқандықтан, осы тәсіл қазіргі күні де тиімді ме деген сұрақ туындайды.
2. Үйден-үйге жүріп уағыздау туралы Киелі кітапта не айтылған?
2 Киелі кітапқа негізделген маңызды іс. Үйден-үйге жүріп уағыздау тәсілі Киелі кітапқа негізделген. Иса 70 шәкіртін екі-екіден үй-үйді аралап уағыздауға жіберген (Лұқ. 10:5—7). Киелі кітапта Иса өлген соң, көп ұзамай шәкірттерінің ‘күн сайын ғибадатханада және үйлерде тәлім беріп, Исаның Мәсіх екендігін уағыздауларын тоқтатпағаны’ айтылады (Ел. іс. 5:42). Елші Пауыл да үйден-үйге жүріп тәлім беруге құлшына атсалысқан (Ел. іс. 20:20).
3. Үйден-үйге жүріп уағыздаудың қандай артықшылығы бар?
3 Үйден-үйге жүріп уағыздау әлі күнге дейін ізгі хабарды таратудың маңызды жолы болып табылады. Осының арқасында лайықты адамдарды ұйымдасқан түрде “іздестіріп тауып” жатырмыз (Мат. 10:11). Әдетте адамдар үйлерінде өздерін еркінірек сезінеді. Олармен жүзбе-жүз сөйлескенде, дауыстарын естіп, қас-қабағына қарап, тұратын ортасын көре отырып, оларды қызықтыратын және мазалайтын нәрселерді біле аламыз. Сондай-ақ өз үйлерінде олармен ұзағырақ сөйлесуге болады.
4. Үйден-үйге жүріп уағыздағанда, ісіміз жемісті болу үшін не істеуімізге болады?
4 Бейімделе біл. Елші Пауыл “Ізгі хабардың таралуы үшін” жағдайға бейімделуге дайын болған (Қор. 1-х. 9:23). Мүмкін, адамдарды үйлерінен табуға болады деген уақытта — мысалы кешкі мезгілде, демалыс немесе мейрам күндері — уағыздауға күн тәртібімізді бейімдей алатын шығармыз. Адамдардың қай кезде үйлерінде болмағанын жазып ал да, аптаның басқа күнінде немесе басқа уақытта келуге тырыс.
5. Денсаулығы нашар адамдар үйден-үйге жүріп уағыздай алулары үшін не істеуге болады?
5 Тіпті денсаулығы нашар адамдар да үйден-үйге жүріп уағыздай алуы мүмкін. Бәлкім, шамалары келгенше қызмет ете алуы үшін, сондай жариялаушыларды ыңғайлы жерлерде орналасқан үйлерге апаруды жоспарлай алатын шығармыз. Жүргенде ентігіп қалатын бір әйел бауырлас бір үйден екінші үйге жетіп, қоңырау шалғанға дейін жарты сағат өтеді екен. Алайда ол топпен бірге уағыздап жүргеніне қуанышты, әрі бұл оны қанағат сезіміне бөлейді.
6. Неге үйден-үйге жүріп уағыздауға жүйелі түрде шығып тұрғанымыз дұрыс?
6 Үйден-үйге уағыздаудың арқасында көптеген қой тәріздес адамдар табылып жатыр. Бір жариялаушы бір үйдің есігін қаққанда, үй иесі оған: “Кір. Мен сенің кім екеніңді білемін. Сен есікті қаққанда, Құдайға маған біреуді жіберуін өтініп жалбарынып отыр едім. Ол дұғамды естіп, маған сені жіберді”,— дейді. Ехобаның осы тәсілді қолдануымызға батасын беріп жатқаны оның нәтижесінен көрінеді (Мат. 11:19). Үйден-үйге жүріп уағыздауға жүйелі түрде қатысуға бел бу.