Олар адалдықтың үлгісін көрсетіп келеді
1 1937 жылы толық уақытты қызметтің арнайы ізашарлық қызмет деп аталатын жаңа түрі пайда болды. Тәжірибелі әрі қабілетті мәсіхшілер ұйым жіберген кез келген жерде қызмет ету үшін, қызметтің осы түрін қуана қабыл алды. Содан бері ондаған жылдар өтсе де, арнайы ізашарлар әлі күнге дейін адалдықтың еліктеуге тұрарлық үлгісін көрсетіп келеді (Евр. 6:12).
2 Олар алғы шепте жүрді. Алғашында арнайы ізашарлар есік алдына шыққан адамдарға патефон қойып беру арқылы уағыздау ісінің алғы шебінде жүрді. Сондай-ақ адамдарға қайта барғанда күйтабақты қолданып, Киелі кітапқа негізделген сұрақтарды талқылаған. Осылайша арнайы ізашарлар алдымен қауымдар пайда болған үлкен қалаларда, ал кейін жариялаушылар жетіспейтін аймақтарда қызмет ететін болды. Олар қызығушылық білдірген адамдарға қайта барып, зерттеу сабақтарын жүргізген. Осы мәсіхшілердің жан-тәндерімен атқарған қызметтерінің арқасында жүздеген жаңа қауымдар пайда болды. Олардың қажырлы еңбектері ұйымның бүгінгі үлкен жетістіктерге қол жеткізуіне едәуір септігін тигізді (Иш. 60:22). Арнайы ізашарлар ізгі хабардың ‘аспан астындағы барлық адамзатқа дерлік жариялануына’ әлі күнге дейін зор үлестерін қосуда (Қол. 1:23).
3 Еліктеуге тұрарлық. Кейбір арнайы ізашарлар ондаған жылдар бойы толық уақыт қызмет етіп келеді. Бұл адал адамдар жылдар бойы әр түрлі жағдайларда сыналып, сенімдерін шыңдай түскен (Пет. 1-х. 1:6, 7). Олар жариялаушылар жетіспейтін аймақтарда қызмет ету үшін материалдық игіліктерден бас тартқан. Бұл ізашарлардың кейбіреулері қазір егде тартқан, денсаулықтары да бұрынғыдай емес, немесе басқа да қиындықтарға кезігуде (Қор. 2-х. 4:16, 17). Дегенмен олар әлі де “жемісті” (Заб. 91:15). Сонымен қатар Ехобаға сенім артып, оның батасына ие болуда (Заб. 33:9; Нақ. с. 10:22).
4 Арнайы ізашарларды жылы сөздермен жігерлендіргеніміз орынды-ақ. Егер қауымдарыңда осындай бауырластар болса, мүмкіндікті жібермей, олармен араласып, тәжірибелерінен үйреніңдер. Олардың Патшалықты адалдықпен жариялап жүргендеріне риза екендеріңді көрсетіңдер. Олардың табандылығы сендерге жігер берсін. Бұл бауырластардың сенімдерінен үлгі алған басқа жариялаушылар да Ехобаның ықыласы мен батасына ие бола алады, себебі “ол адал әрекет ететіндерді ұнатады” (Нақ. с. 12:22, ЖД).