Патшалық сарайын соғу — қасиетті қызметіміздің маңызды бөлігі
1. Патшалық сарайларына қатысты қандай іс атқарылды, бірақ әлі де қандай мұқтаждық бар?
1 Соңғы үш жылда Қазақстан мен Қырғызстанда тоғыз Патшалық сарайы соғылды, он үшінің құрылымы өзгертілді және тоғызына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Біз Патшалық сарайларын соғу бөлімінің өкілдері мен құрылыс тобындағы бауырластарға және оларға көмек көрсетіп отырған бауырластарға ауыр еңбектері үшін шын жүректен ризашылығымызды білдіреміз. Атқарылған жұмыс аз емес, бірақ Патшалық сарайына деген мұқтаждық әлі де көп. Қасиетті қызметіміздің осы маңызды саласына қалай қолдау көрсетуімізге болады? (Аян 7:15)
2. Патшалық сарайының құрылысына қалай атсалыса аламыз?
2 Дайын бол. Егер шомылдыру рәсімінен өткен болсаң, “Патшалық Сарайларын соғу бағдарламасына қатысуға өтініш” (А-25) бланкін толтырып, Патшалық сарайларын соғу тобына көмектесуге шақырамыз (Заб. 109:3, сілтеме). Ерікті қызметшілердің бәрі еңбекқор, әрі өзара қызметтес болулары керек (Заб. 132:1). Үй соғу қолыңнан келмесе де, басқаларға көп жәрдем бере аласың. Сондай-ақ болашақта құрылысқа толығырақ атсалыса алу үшін құрылыс жұмысының қандай да бір түрін меңгеріп алуыңа болады.
3. Құрылыс ісіне тағы қалай қолдау көрсетуімізге болады?
3 Егер құрылысқа қатыса алмасаң, қатыса алатын басқа бауырластарды жігерлендіре аласың. Сондай-ақ қауымда құрылысқа кеткен бауырластардың міндеттерін атқара тұруыңа болады. Ақсақалдар алдын ала жоспарлау арқылы, құрылысқа кеткен бауырластардың міндеттері әрі қарай да атқарыла беруін қадағалаулары керек. Патшалық мүддесі үшін иық тіресе еңбек етіп жатқанымызға Ехобаның риза екені сөзсіз (Евр. 13:16).
4. Құрылыстағы бауырластарға қалай қолдау көрсетуімізге болады?
4 Басқаларды жігерлендір. Құрылысқа көп уақыт пен көп күш жұмсалатындықтан, алыстан келген бауырластардың біраз уақыт өз қауымдарынан алшақта жүретіні түсінікті. Сондықтан осы “міндетті” атқару үшін құрбандыққа барып жүрген ерікті қызметшілерді мақтап, жігерлендіріп отыруды ұмытпайық (Ел. іс. 6:3; Рим. 14:19).
5. Қалай ерікті қызметшілер байсалды көзқарас таныта алады?
5 Байсалды көзқарас таныт. Біздің басты міндетіміз — Құдай Патшалығын уағыздау (Мар. 13:10). Осыны ескере отырып, Патшалық сарайларын соғу тобы құрылыс жұмысын ұйымдастырғанда, бауырластар қажетсіз кезде шақырылмауын қадағалайды. Сол сияқты ерікті қызметшілер де басқа міндеттерін ұмытпауға тырысады. Олар өздері жоқта қауымдағы істерінің атқарыла беретініне бірінші болып көз жеткізулері керек.
6. Қауым мүшелерінің шынайы ғибадат үшін өзара қызметтес болғандарының арқасында қандай іс атқарылып жатыр?
6 Елші Пауыл қауым мүшелерінің ‘бүкіл дене өсіп, сүйіспеншілік арқылы күшейе беру’ үшін бірлесе еңбек етіп жатқанын айтқан (Ефес. 4:16). Ехоба мен шынайы ғибадатқа деген сүйіспеншілігіміз бізді ізгі хабар уағыздалып, Патшалық сарайы соғылу үшін өзара қызметтес болуға талпындырады.