Момын адамдарды Құдай жолымен жүруге үйретіңдер
1. Шәкірт дайындау үшін не істеуіміз керек?
1 Бірінші ғасырда Мәсіхтің шәкірттерін “Исаның жолына түскендер” деп айтқан (Ел. іс. 9:2). Шынайы мәсіхшілік адам өмірінің барлық саласына әсер етеді (Нақ. с. 3:5, 6). Сондықтан зерттеу сабағын жүргізгенде, қызығушыға Киелі кітап ілімдері туралы тура білімді берумен ғана шектелмей, Ехобаның жолымен жүруіне де көмектесуіміз керек (Заб. 24:8, 9).
2. Қызығушыларды Құдайдың өсиеттеріне бағынуға не талпындыруы мүмкін?
2 Ехоба мен Иса Мәсіхке деген сүйіспеншілік. Кемелсіз адамға ой-қалпын, көзқарастарын, сөзі мен жүріс-тұрысын Құдайдың еркіне сай өзгерту неткен қиын! (Рим. 7:21—23; Ефес. 4:22—24) Алайда Құдай мен оның Ұлына деген сүйіспеншілік момын адамдарды қиындығына қарамастан, осындай өзгеріс жасауға талпындырады (Жох. 14:15; Жох. 1-х. 5:3). Қызығушының осындай сүйіспеншілікті дамытуына қалай көмектесуімізге болады?
3. Қызығушылардың Ехоба мен Исаға деген сүйіспеншіліктерін дамытуларына қалай көмектесуімізге болады?
3 Киелі кітап зерттеп жүрген адамды Ехобамен жақынырақ таныстыр. Бір бауырлас былай деген: “Адамдар танымайтын тұлғаны жақсы көре алмайды, мен сондықтан зерттеу сабағын бастаған кезде-ақ, оларға Киелі кітаптағы Құдай есімін көрсетемін және әр мүмкіндікті пайдаланып, Ехобаның қасиеттеріне назар аударып отырамын”. Исаның үлгісіне баса назар аудару — олардың сүйіспеншіліктерін дамытудың тамаша жолы (Жох. 1:14; 14:9).
4. а) Неге көп қызығушылар қызметке шығуға қиналады? ә) Қызығушылардың алғашқы қадамдарын жасауларына қалай көмектесуімізге болады?
4 Үлгі көрсет. Тәлім беруші ретінде қызығушыларға Құдай жолымен жүру дегеннің не екенін ісімізбен көрсетеміз (Қор. 1-х. 11:1). Мысалы, бөтен адамдардың қасына барып, өз сенімдері туралы сөйлесу — Киелі кітап зерттеп жүрген адамдардың көбісі үшін жат нәрсе. Сондықтан олар уағыздау мен шәкірт дайындау ісіне атсалыса алулары үшін сүйіспеншілік, сенім және батылдық деген қасиеттер дамытуларына шыдамдылықпен әрі шеберлікпен көмектесуіміз керек болар (Қор. 2-х. 4:13; Сал. 1-х. 2:2). Қызығушыларға көмектескіміз келетіндіктен, алғашқы кезде олармен бірге қызметке шығамыз.
5. Жақсы үлгі қызығушылардың Құдайдың өсиеттеріне бағынуларына қалай көмектеседі?
5 Қызығушылар сендерден мәсіхші өмірінің басқа да маңызды салаларына қатысты үлгі алады. Мысалы, сырқат бауырластарға бару арқылы немесе қауымда басқаларды жылы қарсы алу арқылы сүйіспеншілікті іс жүзінде көрсетесіңдер (Жох. 15:12). Ал Патшалық сарайын тазалауға қатыса отырып немесе басқаларға көмектесе отырып, қызмет етудің үлгісін көрсетесіңдер (Жох. 13:12—15). Қарапайым өмір кешетіндеріңді көріп, олар Патшалықты басты орынға қоюды үйренеді (Мат. 6:33).
6. Момындардың Ехобаға қызмет етулеріне көмектесу қандай жеміс әкеледі?
6 Құдай Сөзіндегі шындықты адамдарға жеткізіп, шәкірт дайындау үшін көп күш салу керек болады. Бірақ момын адамдардың “шындық жолымен жүріп жатқанын” көру неткен ғанибет! (Жох. 3-х. 4)