Жарық жұлдыздай жарқырап жүрген жастар
1. Киелі кітап мәсіхшілердің ерекше болулары керек екенін қалай көрсетеді және бұл сөздерді бүгінде мәсіхші жастарға қалай қолдануға болады?
1 Иса шәкірттеріне былай деген: ‘Сендер дүниеге “нұрсыңдар”’ (Мат. 5:14, 16). Олар төбе басында күнге шағылысып жарқырап тұрған қала сияқты бірден көзге түсіп тұрулары керек. Бүгінде көптеген мәсіхші жастар өздерінің таза жүріс-тұрыстарымен және құлшына куәлік етулерімен “қараңғы дүниеде жарық жұлдыздай жарқырап” жүр (Філіп. 2:15; Мал. 3:18).
2. Мұғалімдер мен оқушыларға қалай куәлік ете аласыңдар?
2 Мектепте. Мектепте қалай куәлік етулеріңе болады? Кейбір бауырластар нашақорлық, эволюция, геноцид сияқты тақырыптарды бүкіл сынып болып талқылағанда, мүмкіндікті пайдаланып, куәлік еткен. Бір қыз бауырлас терроризм тақырыбына шығарма жазып келуге тапсырма алғанда, адамзаттың бір ғана үміті Құдай Патшалығы екені туралы куәлік берген. Оның терең ой жүгіртіп жазған еңбегі мұғалімге қатты әсер етеді, әрі бұл болашақта да куәлік етуге жол ашады.
3. Қалай жүріс-тұрыстарың арқылы жұлдыздай жарқырай аласыңдар?
3 Сондай-ақ жүріс-тұрыстарың мен қарапайым сырт көріністерің арқылы да жұлдыздай жарқырай аласыңдар (Қор. 1-х. 4:9; Тім. 1-х. 2:9). Өздеріңді басқаша ұстайтындарыңды көргенде, кей мұғалімдер мен оқушылардың Киелі кітап шындығын білгілері келуі мүмкін, ал сендерде оларға сол шындықты айтатын мүмкіндік туады (Пет. 1-х. 2:12; 3:1, 2). Құдайға ұнамды жүріс-тұрысты сақтау кейде оңай болмауы мүмкін, бірақ Ехоба мол батасын береді (Пет. 1-х. 3:16, 17; 4:14). Басқалардың қызығушылығын ояту үшін, үзіліс кезінде Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерді оқып тұруыңа болады немесе оларды басқалар көретін жерге қойып кет.
4. Мектепте уағыздаудың қандай пайдасы бар?
4 Мектепте жұлдыздай жарқырайтын болсаңдар, сенімдерің қатаяды және Ехобаға мақтанышпен қызмет ететін боласыңдар (Ер. 9:24). Әрі бұл өздеріңе қорғаныш болады. Бір қыз бауырлас былай деген: “Басқаларға уағыздағанымның бір пайдасы оқушылар мені Киелі кітапқа қайшы келетін істерге итермелемейді”.
5. а) Кейбір жас мәсіхшілер қызметтерінің аясын қалай кеңейтіп жатыр? ә) Сендердің мақсаттарың қандай?
5 Қызмет аясын кеңейту. Көп жастар қызметтерінің аясын кеңейту арқылы да жұлдыздай жарқырай алады. Бір бауырлас орта мектепті бітірген соң, жариялаушылар жетіспейтін аймаққа көшіп барады. Онда бір ғана ақсақалы бар кішігірім қауымда қызмет етеді. Ол достарына былай деп хат жазған: “Маған бұл жақ өте ұнайды. Қызмет сондай керемет! Біз әр есіктің алдында жиырма минуттай тұрамыз, себебі адамдар сөздеріңді ұйып тыңдайды”. Ол былай деп қосқан: “Барлық жастардың мен сияқты іспен айналысып, мен сияқты сезімге бөленгенін қалар едім. Ехобаға барынша қызмет еткеннен артық нәрсе жоқ”.
6. Қауымдарыңдағы жастарды неліктен мақтан тұтасыңдар?
6 Қараңғы дүниеде жарық жұлдыздай жарқырап жүрген жастар, сендер біздің нағыз мақтанышымызсыңдар! (Сал. 1-х. 2:20) Ехобаға шын жүректен, бүкіл жан дүниелеріңмен, барлық ақыл-ойларыңмен, бар күш-қуаттарыңмен қызмет етсеңдер, мұның есесі ‘жүз есе артығымен қайтарылады, әрі келер заманда мәңгілік өмірге ие боласыңдар’ (Мар. 10:29, 30; 12:30).