Бейімделу арқылы шынайы қызығушылық таныт
1 Елші Пауыл ізгі хабарды әрқашан адамдардың шыққан тегі мен менталитетін ескере отырып жеткізуге қатысты жақсы үлгі қалдырған (Қор. 1-х. 9:19—23). Біз де солай етуге тырысуымыз керек. Алдын ала шамалы ойланып алатын болсақ, “Біздің патшалық қызметіміздегі” қарапайым ұсыныстарды учаскеміздегі адамдардың қажеттіліктеріне бейімдеуімізге болады. Есікке жақындағанда үй иесінің көзқарасын аңғартатын нәрселерді байқап, ұсыныс жасағанда сол жайында айтып кетсек болады. Алайда қызмет кезінде бейімделе білудің басқа да жолы бар.
2 Ұсынысты адамның сөзіне қарай бейімдеу. Ізгі хабарды айтқанда, әдетте сұрақ қойып, үй иесін әңгімеге тартамыз. Оның жауабын қалай қабыл аласың? Оның айтқандарымен жеңіл-желпі келісе салып, дайындап келген сөздеріңді жалғастыра бересің бе? Әлде айтқандарыңнан үй иесінің сөздеріне көңіл аударғаның байқала ма? Егер басқалардың сөздеріне шын көңіл бөлетін болсаң, ілтипаттылықпен қосымша сұрақтар қойып, олардың шын мәнінде не ойлап тұрғандарын біле аласың (Нақ. с. 20:5). Сонда Патшалық туралы хабар айтқанда, үй иесін ерекше ойландыратын ойларға назар аудара аласың.
3 Бұл үшін өзіміз дайындап келген тақырыптан басқа тақырыптарға әңгімелесуге дайын болуымыз керек. Егер әңгімемізді жаңалықтардан бастасақ, ал үй иесі жергілікті немесе өзін толғандыратын мәселені айтып кетсе, оның қажеттілігін ойлайтындықтан, біз Киелі кітапты қолдана отырып, үй иесі үшін ең маңызды болып табылатын тақырыпқа сөйлесеміз (Філіп. 2:4).
4 Адамның сұрағына бейімделу. Үй иесі сұрақ қойғанда, кейде бірден жауап бермей, алдымен осы сұраққа қатысты қосымша мәліметті қарастырып алғанымыз пайдалы болар. Сондай-ақ осы тақырып терең қарастырылатын әдебиетті ұсынуымызға да болады. Осының бәрі басқалардың Ехоба туралы білулеріне шын жүректен көмектескіміз келетінін көрсетеді (Қор. 2-х. 2:17).