Ізгі хабарды мүмкіндігінше көп адамға жеткізу
1. Ізгі хабарды мүмкіндігінше көп адамға жеткізу үшін алғашқы мәсіхшілер не істеген?
1 Исаның алғашқы шәкірттері Патшалық туралы хабарды тарату үшін бар ықыластарымен күш салған. Олар ізгі хабарды мүмкіндігінше көп адамға жеткізудің тиімді жолдарын қолданған. Киелі рухтың жетелеуімен Киелі кітапты жазған адамдар оны Рим империясында халықаралық тіл болып есептелген жалпыға ортақ грек тілінде жазған. Ал б. з. II және III ғасырларынан бастап ізгі хабардың белсенді жариялаушылары шиыршықтарға қарағанда жазба орындарын іздеуге қолайлы кодексті алғашқылар болып қолдана бастағанға ұқсайды.
2, 3. а) Ишая 60:16 (ЖД) бүгінде қалай орындалуда? ә) Шынайы ғибадат өркендеу үшін технология қалай қолданылуда?
2 Технологияны қолдану. Ишая пайғамбар арқылы Ехоба: “Халықтардың сүтін еметін боласыңдар”,— деп айтқан (Иш. 60:16, ЖД). Бүгінде осы пайғамбарлық орындалып, Ехобаның қызметшілері уағыздау ісі алға жылжу үшін халықтардың бағалы құралдарын пайдалануда. Мысалы, 1914 жылы қозғалмалы бейнелер коммерциялық мақсатта кеңінен қолданылмай тұрып, Киелі кітап зерттеушілері “Жаратылыстың фотодрамасын” көрсетуді бастаған. Қозғалмалы суреттер мен түрлі-түсті слайдтар көрсетілетін және дыбысы бар сегіз сағаттық бұл қойылым миллиондаған адамдарға күшті куәлік берді.
3 Бүгінде Құдай халқы Киелі кітап пен оған негізделген әдебиеттерді мыңдаған тілдерде басып шығару үшін жоғары жылдамдықпен жұмыс істейтін престер мен компьютерлендірілген құралдарды пайдаланады. Жылдам тасымалдаудың арқасында әдебиеттер жердің түкпір-түкпіріне жөнелтіліп, 235 елдегі адамдарға жетуде. Ехоба өзінің рухы арқылы қызметшілерін осындай технологияны пайдалануға талпындырып, Киелі кітаптағы шындығын көптеген адамдарға жеткізуде. Шындық тарихта бұрын-соңды мұнша көп адамға жеткен емес.
4. Кейбіреулер ізгі хабарды көбірек адамға жеткізу үшін өмірлерінде қандай өзгерістер жасаған?
4 Жеке өмірдегі өзгерістер. Ізгі хабарды көбірек адамға жеткізу үшін Құдайға шынайы ғибадат етушілер жеке өмірлерінде де өзгеріс жасауда. Көбісі уағыздау ісіне көбірек атсалысу үшін қарапайым өмір сүруді шешкен. Кейбіреулер жариялаушылар көбірек қажет жерлерге көшіп барған. Басқалары болса шет тілін үйрену арқылы қызметтерінің аясын кеңейткен.
5, 6. Жергілікті аймақта ізгі хабарды мүмкіндігінше көп адамдарға жеткізу үшін не істеуге болады?
5 Сондай-ақ адамдар үйлерінде болатын уақытта және оларды кездестіретін жерлерде уағыздау арқылы ізгі хабарды көбірек адамдарға жеткізе аламыз. Учаскелеріңдегі адамдарды күндіз жиі үйлерінен таппайтын болсаңдар, уағыздайтын уақытыңды өзгертіп, кешкі уақытта бара аласың ба? Куәлік етуге болатын көпшілік орындары бар ма? Телефон арқылы немесе іскерлер аймағында куәлік етуге тырысасың ба? Бейресми куәлік етудің мүмкіндігін іздейсің бе?
6 Бізге Ехобаның есімі мен оның Патшалығы туралы кең көлемде куәлік ету ісі тапсырылған. Бұл неткен мәртебе! Құдай Сөзіндегі өмір сыйлайтын шындықты мүмкіндігінше көп адамға жеткізе берейік (Мт 28:19, 20).