Кітапшаларды ұсыну жолдары
Сақтап қой
Осы қосымшадағы әр түрлі ұсыныстар кітапшаларға ұсыныс дайындауыңа көмектесу үшін келтірілген. Оларды жергілікті жағдайға бейімдеуге болады. Басқа ұсыныстарды да қолдануға болады. Бұл қосымшада көрсетілмеген кітапшаларға да төмендегі ұсыныстарды үлгі ретінде қолдануға болады (2005 жылғы қаңтар айындағы “Біздің патшалық қызметіміздің” 8-бетін қараңдар.).
Бұл беттегі ұсыныстардың бәрінде: 1) әңгіме бастау үшін қойылатын ойландыратын сұрақ, 2) талқыланып жатқан ой кітапшаның қай жерінде жазылғанын көрсететін сілтеме, 3) талқылау барысында оқуға болатын Жазба орны бар. Ұсынысты адамның қалай қабылдағанына байланысты өз сөзіңмен аяқтауыңа болады.
“Жалпыға арналған кітап”
◼ Қалай ойлайсыз, Киелі кітаптан біздің күндерімізде қолдануға болатын кеңес табуға бола ма? (22-бет, кіріспе; 23-бет, қоршаудағы 3-абз.; Нақ. с. 25:11).
◼ Жан-жақты білімге ие болу үшін Киелі кітаптан да хабардар болу керек екенімен келісетін шығарсыз. (3-бет, 1—3 абзацтар және 30-бет, 2-абз.; Нақ. с. 1:5).
“Жерде мәңгі шаттық өмір кеш!”
◼ “Мен сізге бір керемет хабарды айтқым келіп еді”. Кітапшаны аш та, кіріспедегі бірінші абзацты оқып бер. Одан соң былай деп жалғастыр: “Мұнда, сондай-ақ [8-ші суреттің үстіндегі тақырыпшаға нұсқап] “Адам не себептен өледі?”— деген сұрақтың жауаптары жазылған. Осы кітапшадағы суреттерге қарап, ой жүгіртіп, жазба орындарын оқып шығу сіз үшін қызықты болары сөзсіз. Қаласаңыз, осы кітапшаны алуыңызға болады”. Ол кітапшаны алса, былай деп қос: “Бұл дүниежүзілік іс ерікті садақаның арқасында іске асырылады. Егер өз үлесіңізді қосқыңыз келсе, садақаңызды ризашылықпен қабыл аламын”.
“Жұмақ орнататын үкімет”
◼ “Көп адамдар бүгінгі қиындықтардың шешімін аңсап күтуде. Қалай ойлайсыз, осы қиындықтарды шеше алатын өкімет орнайтын кез бола ма?” (3-бет, 1-абз.; Мат. 6:9, 10).
◼ “Бүкіл адамзаттың қиындығын шешетін Патшалық туралы білгіңіз келе ме?” (3-бет; Мат. 6:9, 10; km-U 8/96, 8-бет).
◼ “Мен көп адамның бүгінгі үлкен проблемаларды шынымен шеше алатын өкіметтің қол астында өмір сүргілері келетінін естимін. [Жұмыссыздық, қылмыстың өсуі немесе нашақорлық сияқты жергілікті проблемаларды атап өт.] Осындай жағдайларды көргенде, өзіміздің және жақындарымыздың болашағы туралы ойлауға да қорқамыз. Қалай ойлайсыз, осы қиыншылықтарды шешетін өкімет орнауы мүмкін бе?” [Жауабын күт.] Кітапшаның 3-бетін аш та, алғашқы екі абзацты оқып бер. Кітапшаны ұсын.
“Өлген соң адаммен не болады?”
◼ Жақсы көрген адамдарымыз қайтыс болғанда: “Олар қазір қайда және оларды қайта көреміз бе?”— деген орынды сұрақтар туындайды. Осындай сұрақтар сізді толғандырған кездер болды ма? (Соңғы беттегі сұрақтар; Жох. 5:28, 29а).
“Құдай шынымен біздің қамымызды ойлайды ма?” кітапшасын ұсыну жолдары
Қандай да бір қайғылы оқиғаны атап өткен соң, былай деуіңе болады:
“Сізде Құдай шынымен қамымызды ойлайтын болса, неге қайғы-қасіретке жол береді деген сұрақ туындаған ба? [Жауабын күт.] Мына кітапшада осы сұрақтың қанағаттанарлық жауабы жазылған және Құдайдың жақында не істейтіні айтылады. [27-беттегі суретті көрсет те, 22-абзацтағы Забур 144:16-ны оқып бер.] Құдай адамзаттың басына түскен барлық қасіретті қалай жояды? Осы сұрақты келесі жолы қарастырсақ болады”. Кітапшаны ұсын да, қайтып келуге келіс.
Қайта барған кезде былай деуіңе болады:
“Өткен жолы мен мына Жазба орнын оқып берген едім. [Забур 144:16-ны оқы немесе ауызша айтып бер.] Сонда Құдай адамзаттың басына түскен барлық қасіретті қалай жоятыны туралы сұрақты қарастырамыз деген едім”. Кітапшасын қолына алуын өтін. Одан соң 27, 28-беттерді ашып, 23—25 дейінгі абзацтарды қарастыр. Киелі кітап зерттеу сабағын ұсын немесе келесі келгенде 26, 27-абзацтарды қарастыруға келіс.
Жасөспірім жариялаушы былай деуіне болады:
“Мен қатарлы көп жастарды 10—15 жылдан соң дүние қандай болар екен деген сұрақ қызықтырады. Қалай ойлайсыз, ол кезде дүние қандай болады? [Жауабын күт.] Бүгінгі қиыншылықтар біздің соңғы күндері өмір сүріп жатқанымызды білдіреді. [Тімотеге 2-хат 3:1—3 оқы.] Мына кітапшада келесі сұрақтардың жауаптары жазылған. [Мұқабадағы сұрақтарды оқып шығып, кітапшаны ұсын.] Келесі жолы кішкене уақытыңыз болса, ауру мен кәрілік болмайтын кез туралы жігерлендірерлік ойлармен бөлісер едім”. Қайтып келуге келіс.
Қайта барғанда былай деуіңе болады:
“Өткен жолы, мен, ауру мен кәрілік болмайтын кез туралы жігерлендірерлік ойлармен бөліскім келетінін айтқан едім. Бұл мына жерде жазылған”. Кітапшасын қолына алуын өтін, одан соң 23, 24-беттердегі 6, 7-абзацтарды талқыла. Келесі жолы 8, 9-абзацтарды қарастыруға келіс.
Ересек жариялаушы қасындағы жариялаушы бала болса, өзін де, оны да таныстырған соң, былай деуіне болады:
“Рұқсат етсеңіз, ________ сізге бір жазба орнын оқып бергісі келеді. [Жас жариялаушы Аян 21:4-ті оқиды да, қысқаша түсіндіріп өтеді.] Мына кітапшада Құдай адамзат пен жерге қатысты еркін қалай іске асыратыны айтылады. [24—27 дейінгі беттердегі суреттерді көрсет.] Келесі жолы мен сізге қайта тірілуге қатысты Киелі кітаптың керемет уәдесін көрсеткім келеді”. Кітапшаны ұсын да, қайтып келуге келіс.
Қайта барғанда ересек жариялаушы былай деуіне болады:
“Өткен жолы біз Аян 21:4-ті оқып берген едік және мен Киелі кітапта қайта тірілу туралы не айтылғанын көрсеткім келетінін айтқан болатынмын. Мына жерде не айтылғанын қараңызшы”. Кітапшасын қолына алуын өтін және 24, 25-беттердегі 12—14 дейінгі абзацтарды қарастыр. Киелі кітап зерттеу сабағын ұсын немесе келесі келгенде 15, 16-абзацтарды бірге қарастыруға келіс.
“Құдай бізден нені талап етеді?” кітапшасын ұсыну жолдары
Үй иесімен амандасқан соң, былай деуіңе болады:
◼ “Бүгінде отбасы өмірінде қиындықтар көп. Сіз отбасы өмірінің сыры неде екенін ойланып көрдіңіз бе?” [Жауабын күт те, Құдай Киелі кітап арқылы отбасы бақытының сыры неде екенін көрсететінін айт. Ишая 48:17-ні оқы. Одан соң “Құдай талап етеді” кітапшасының 8-сабағын аш та, ондағы отбасының әрбір мүшесі үшін сенімді басшылық болып табылатын кейбір тармақтарды көрсет. Сабақтың басындағы сұрақтарды оқып шық. Әңгімелесіп тұрған адамнан осы сұрақтардың жауабын білгісі келе ме екен, соны сұра.]
◼ “Мына кітапша арқылы Киелі кітаптың негізгі ілімдері жөнінде білім алуға болады. Оның әр бетінен адамдарды ғасырлар бойы толғандырған сұрақтардың жауаптарын табуға болады. Мысалы, Құдайдың жерге қатысты ниеті қандай?” [Бесінші сабақты аш та, сабақтың басында келтірілген сұрақтарды оқы. Үй иесінен сұрақтардың қайсысы көбірек қызықтыратынын сұра да, жазба орындарын аша отырып, ол таңдаған сұрақтың жауабы жазылған абзацты немесе абзацтарды оқып шық. Басқа сұрақтардың да қанағаттанарлық жауабын осылайша оңай табуға болатынын түсіндір. Тағы бір сұрақты талқылау үшін қайта келуге келіс.]
◼ “Қалай ойлайсыз, мектепте зорлық-зомбылық не себептен болады? Ата-ана тәрбиесінің жетіспеушілігінен бе, әлде басқа бір себептен, мысалы, Ібілістің әсерінен бе?” [Жауабын күт. Егер ол зорлық-зомбылық Ібілістің кесірінен болады деп ойлайтын болса, Аян 12:9, 12-ні оқы. Әлемде болып жатқан бассыздықтарға Шайтанның қандай қатысы бар екеніне көңілін аудар. Одан соң кітапшаның 4-сабағын аш та, одан Ібілістің қайдан шыққаны жөнінде ойланған ба, соны сұра. Бұдан кейін алғашқы екі абзацты оқып, талқыла. Ал егер ол мектептегі зорлық-зомбылық ата-ана тәрбиесінің жетіспеушілігінен деп ойлайтын болса, Тімотеге 2-хат 3:1—5 дейінгі тармақтарды оқы да, осы қиындықты тудырып жатқан адамдардың қасиеттеріне көңіл аудар. Сосын кітапшаның 8-сабағын аш та, 5-абзацты оқып, талқылауды жалғастыра бер.]
◼ “Қалай ойлайсыз, Жаратушы бізге отбасының бақытты болуына көмектесетін білім береді деп күту қисынды ма?” [Жауабын тыңдаған соң, “Құдай талап етеді” кітапшасымен таныстырып өт. 8-сабақты аш та, онда отбасының әрбір мүшесіне арналған Киелі кітапқа негізделген принциптер жазылғанын түсіндір. Кітапшаны Киелі кітапты қолданып қарастырудың қаншалықты тиімді екенін түсіндір.]
◼ “Қалай ойлайсыз, дұға бүгінгі үлкен қиыншылықтарды жеңіп шығуға шынымен көмектесе ме? [Жауабын күт.] Көп адам дұғаның арқасында бойларында жігер пайда болғанын айтады. [Філіпіліктерге 4:6, 7-ні оқып бер.] Бірақ адамға кейде дұғалары жауапсыз қалғандай көрінуі мүмкін. [Кітапшаның 7-сабағын аш.] Мына кітапшада дұғаның қаншалықты пайдалы екені айтылады”.
◼ “Біз адамдармен дүние жүзінде діндердің неге көп екені жайында сөйлесіп жүрміз. Қалай ойлайсыз, діни ілімдердің қарама-қайшылықтарының болуының себебі неде? [Жауабын тыңда. Кітапшаның 13-сабағын аш та, сұрақтарды оқып шық.] Мына сабақты оқып шықсаңыз, осы сұрақтардың қанағаттанарлық жауаптарын табасыз”.
◼ Үй иесіне “Күзет мұнарасы” журналын тастаған соң, әдебиеттердің бірінен кішігірім абзацты оқып беруге рұқсат сұра. Егер ол рұқсат етсе, “Құдай талап етеді” кітапшасының 5-сабағын аш. Сабақтың басындағы сұрақтарды көрсет те, бірінші сұрақтың жауабын білуді ұсын. Бірінші абзацты оқып шыққан соң, сұрақ қой да, оның ойын тыңда. Кітапшаны ұсын, егер алса, ендігі жолы келесі екі сұраққа қатысты оның ойын естігің келетінін айт.
Мұсылмандарға арналған әдебиеттер
“Барлығы тағдырдың қолында ма? Әлде біз Құдайдың алдында жауаптымыз ба?”
◼ “Бәріміз де балаларымыздың өмірінің жақсы болғанын қалаймыз, бірақ көп адам балаларының өмірін жақсарту қолдарынан келмейтіндей сезінеді. Қалай ойлайсыз, біздің болашағымыз өз қолымызда ма? [Жауабын күт.] Мына трактатта болашағымызға ықпал ете алатынымыздың Киелі жазбаларға негізделген дәлелдері бар. Болашағымыздың қандай болатыны біздің бүгінгі қабылдаған шешімдерімізге байланысты”. [Трактаттан Заңды қайталау 30:19-ды оқы.]
“Ең ұлы есім”
◼ “Құдай ежелгі уақытта өз есімін пайғамбарларға ашқан ба? [Жауабын күт.] Мұса пайғамбар келесі сұрақты қойғанда, Құдайдың не деп жауап бергенін қараңызшы. [Мысырдан көшіп шығу 3:13—15 дейін оқы, сілтеме.] Мына кішкене трактатта осы маңызды есімнің болашағымызға қалай әсер ететіні айтылады”.
“Жұмаққа жолды қалай табуға болады”
◼ “Сіз де басқа адамдар сияқты Жұмаққа барғыңыз келетін шығар. Бірақ осы Жұмақ қайда болады деген сұрақ сізде туындаған ба еді? [Жауабын күт.] Ежелде бір пайғамбардың бұл орынды қалай суреттегенін қараңызшы. [Ишая 65:21, 22-ні оқы.] Осы сөздерге қарағанда, Жұмақ осында, жер бетінде болу керек сияқты, солай емес пе? Мына трактатта жерге Жұмақ орнағанда, өмірдің қандай болатыны толығырақ айтылған”.
◼ “Көп адамдар Киелі жазбалардың біздің күнімізге дейін өзгеріссіз жеткеніне күмәнданады. Сіз де солай ойлайсыз ба? [Жауабын күт.] Құдіретті Құдайдың өз сөзіне қатысты қандай уәде бергенін қараңызшы. [Ишая 40:8-ді оқы.] Мына трактаттан осы сұраққа қатысты басқа да пайдалы мәлімет таба аласыз”.
◼ “Сіз де басқа адамдар сияқты әлемде болып жатқан оқиғаларды ойлап, мазаланатын шығарсыз. [Жергілікті адамдарды толғандыратын оқиғаларды атап өт.] Пайғамбарлар осындай оқиғалардың болатынын алдын ала айтып кеткенін естіген бе едіңіз? [Жауабын күт.] Сол пайғамбарлықтардың біреуіне назар аударыңызшы. [Лұқа 21:10, 11-ді оқы.] Киелі жазбаларға сәйкес осы және басқа да пайғамбарлықтардың орындалуы Құдай уәде еткен Жұмақтың табалдырығында тұрғанымызды білдіреді. Мына трактаттан Құдай орнатқан Жұмақта өмір сүру үшін қазір не істеу керек екенін біле аласыз”.
“Құдайға шынайы мойынсұнатын уақыт”
◼ “Көп адамдар “мұсылман” деген сөздің Құдайға шын берілген адам деген мағынаны білдіретінін біледі. Бүгінде Құдайға шын берілгендігін дәлелдеу үшін қолдарына қару алуға дайын адамдар туралы жиі естуге болады. Бұл туралы сіз не ойлайсыз? [Жауабын күт.] Иса пайғамбардың осы туралы не дегенін қараңызшы. [Матай 26:52-ні оқы.] Олай болса, Құдайға берілгендігімізді қалай дәлелдеуімізге болады? Мына кітапшада осы маңызды сұрақтың жауабы жазылған”.
◼ “Айтқаны бір басқа, істегені бір басқа адаммен ешкім араласқысы келмейді. Бірақ бүгінде көптеген діндар адамдар дәл осылай әрекет етеді, солай емес пе? [Жауабын күт.] Иса пайғамбардың бірінші ғасырда өмір сүрген осындай адамдар туралы не айтқанын қараңызшы. [Матай 23:2, 3-ті оқы.] Мына кітапшада Құдай өзі туралы тәлім беретін адамдардан не күтетіні айтылған”.
“Тозақ оты Құдайдың жазалауы ма?”
◼ “Қалай ойлайсыз, күнәкар адамдар тозақта азап тарта ма? [Жауабын күт.] Киелі жазбаларда күнә жасаған адамның қандай жаза тартатыны анық айтылады. [Римдіктерге 6:23а-ны оқы.] Олай болса, тозақты мәңгі азап тартатын жер деп айтуға бола ма? Әлде ол жай ғана Құдайдан аластатылатын орын ба? Осы трактаттан Киелі жазбаларда бұған қатысты не айтылғанын білесіз”.