Отбасы кестесі: қауым кездесулері
1 Егер сен мәсіхші болсаң, әрі балаларың болса, олардың Ехобаны сүйіп, оған қызмет етіп, ақыр соңында Құдайдың уәде етілген жаңа дүниесінде мәңгі өмір сүргенін қалар едің. Оларға Ехобаға ғибадат етуді өмірлерінде бірінші орынға қоюларына қалай көмектесуге болады? Ең бастысы — үлгі көрсету (Нақ. с. 20:7). Өзінің Куәгер анасының көрсеткен үлгісін еске алып, бір бауырлас былай деді: “Кездесуге барамыз ба, бармаймыз ба деген сұрақ отбасымызда ешқашан көтерілген емес”. Бұл бауырластың жүрегінде өшпейтіндей әсер қалдырды.
2 Отбасың қауым кездесулерінің мақсатын түсіне ме? Кездесулерде алатын тәлім әрі қарай да Құдайдың еркін орындай беруіміз үшін нығайтып отырады, ал бауырластармен қарым-қатынаста болу — біз үшін баға жетпес күш-жігердің қайнар көзі (Иш. 54:13; Рим. 1:11, 12). Алайда кездесулердің басты мақсаты — Ехобаны “жиналыстарда” мадақтау (Заб. 25:12). Мәсіхшілердің кездесулері бізге Ехобаны мадақтауға және оған деген сүйіспеншілігімізді көрсетуге мүмкіндік береді.
3 “Ерекше ден қойыңдар”. Кездесулеріміздің қасиетті мақсатына деген ризашылығымыз онша маңызды емес істерге бола, қауым жиналыстарына бармай қалуды дағдыға айналдырып жібермеуге ‘ерекше ден қоюға’ ынталандыратын болады (Ефес. 5:15, 16; Ев. 10:24, 25). Сол себепті отбасы кестесін жасауды қауым кездесулеріне уақыт бөлуден бастаған дұрыс. Сосын бұған ештеңе кедергі болмасын. Қауым кездесулеріне қатысу отбасыларың үшін ең басты істердің бірі болсын.
4 Қауым кездесулері мен конгрестерге қатысуға әр түрлі кедергілерді жеңіп жүрген бауырластар жайында оқығанымыз көңілімізді толқытады емес пе? Сенің отбасың үшін мұндай кедергі жоқ шығар, десе де, кездесулерге қатысу сендерге оңай емес болар. Шайтан Ехобаның халқының оған ғибадат етуін барған сайын қиындата түсуде. Алайда отбасыңның қауым кездесулеріне қатысуға қайтпастан күш салып жатқаны бекер еместігіне сенімді бол. Иә, осылай ете отырып, балаларыңа ең керемет мұра қалдыра аласың.