Киелі кітапты зерттеу сабағын нәтижелі өткіземіз. 9-бөлім
Киелі кітапты зерттеушіні бейресми куәлік етуге дайындау
1 Әндір мен Філіп Исаның уәде етілген Мәсіх екендігін жете түсінген кезде, олар осы керемет хабарды өзгелерге жеткізуге асыққан (Жох. 1:40—45). Тура сол сияқты бүгін де, Киелі кітапты зерттеп жүргендер үйреніп жатқандарына сенімдері арта бастағанда, олар бұл жөнінде өзгелерге айтуға талпынады (Қор. 2-х. 4:13). Қалай біз оларды бейресми куәлік етуге талпындырып, сондай-ақ нәтижелі куәлік етуге дайындай аламыз?
2 Мысалы, Киелі кітапты зерттеп жүрген адамнан былай деп сұрап көрсең болады: “Құдай Сөзінен оқып білгеніңді өзгелерге айтып жүрсің бе?” Оның зерттеу сабағына шақыруға болатын достары не отбасы мүшелері бар шығар. Оның қызметтестері, сыныптастары не өзге таныстарының арасында ізгі хабарға қызығушылық білдіріп жүргендер бар ма, жоқ па, сұрап көр. Осылай ол бейресми куәлік ете бастайды. Өзгелермен Ехоба Құдай және оның ниеті жайында сөйлескенде, қырағы, ізетті әрі мейірімді болу керектігін түсінуіне көмектес (Қол. 4:6; Тім. 2-х. 2:24, 25).
3 Өз нанымдарымен бөліскенде. Киелі кітапты зерттеп жүргендерге өз нанымдарымен бөліскенде Құдай Сөзін қолдануды үйрету өте маңызды. Сол себепті сабақ барысында орынды болған жерлерде адамнан былай деп сұра: “Осы шындықты отбасыңа түсіндіру үшін Киелі кітапты қалай қолданар едің?” немесе “Осыны досыңа дәлелдеу үшін қай Жазба орнын қолданар едің?” Оның жауабына назар аудар да, сол ілімді Жазбаларға сүйеніп, қалай дәлелдеуге болатынын көрсет (Тім. 2-х. 2:15). Осылай ете отырып, сен Киелі кітапты зерттеп жүрген адамды бейресми куәлік етуге, ал талаптарға сай келгенде, қауыммен бірге уағыздау ісіне қатысуға дайындайтын боласың.
4 Киелі кітапты зерттеп жүргендерді қарсылыққа кезігулері мүмкін екенін айтып, дайындаған дұрыс (Мат. 10:36; Лұқа 8:13; Тім. 2-х. 3:12). Өзгелер Ехоба Куәгерлері жайында сұрақтар қойғанда немесе бірдеңе айтқан кезде, Киелі кітапты зерттеп жүрген адамдарда куәлік беруге мүмкіншілік тууы мүмкін. Мұндайда “Ехоба Куәгерлері. Олар кімдер? Неге сенеді?” (ор.) кітапшасы немесе “Ехоба Куәгерлері деген кімдер?” трактаты ‘жауап беруге әрдайым дайын болуға’ көмектесе алады (Пет. 1-х. 3:15). Осы басылымдарда Ехоба Куәгерлері жайында нақты мәлімет бар. Мұндай мәлімет зерттеуді бастаған адамның қамын ойлап, кедергі жасауға тырысатын оның достары мен отбасы мүшелеріне біздің Киелі кітапқа негізделген нанымдарымыз бен істеріміз жайында түсіндіруге көмектеседі.