Киелі кітапты зерттеу сабағын нәтижелі өткіземіз. 5-бөлім
Талқылайтын материалдың көлемін анықтау
1 Иса шәкірттерінің мүмкіншіліктері шектеулі екенін ескеріп, оларға “тыңдай алғандарынша” тәлім берген (Мар. 4:33; Жох. 16:12). Сол сияқты бүгінде Құдай Сөзін оқытушылар да Киелі кітапты зерттеу сабағында қанша материал талқылау керектігін анықтап алулары керек. Материалдың көлемі жариялаушы мен Киелі кітапты зерттеп жүрген адамның қабілеті мен жағдайларына байланысты болады.
2 Сенімнің берік негізін қалаңдар. Кейбіреулермен бір мәліметті екі-үш сабаққа бөліп өту керек болса, ал өзге біреулері оны бірден-ақ игеріп алады. Жылдамдық үшін адамның жете түсінуін құрбан еткіміз келмейді. Киелі кітапты зерттеп жүрген әрбір адамның Құдай Сөзіне деген сенімінің негізі берік болу керек (Нақ. с. 4:7; Рим. 12:2).
3 Киелі кітапты зерттеу сабағын апта сайын өткізгенде, адамның Құдай Сөзіндегі шындықты түсініп, қабылдауына қанша уақыт қажет болса, сонша уақыт бөліңдер. Адам үйреніп жатқан шындықтардың толық пайдасын көру үшін сабақты асығыс өткізуден аулақ болыңдар. Негізгі ойларға назар аудару және Киелі кітаптың ілімдеріне негіз болатын Жазба орындарын қарастыру үшін жеткілікті уақыт бөліңдер (Тім. 2-х. 3:16, 17).
4 Тақырыптан ауытқымаңдар. Біз сабақты жылдам өткізуден ғана емес, сондай-ақ тақырыптан ауытқып кетуден де аулақ болғымыз келеді. Егер адам жеке мәселелерін талқылауға бейім болса, оларды сабақтан кейін қарастыруға болады (Еккл. 3:1).
5 Ал, басқа жағынан, шындыққа деген құлшыныстың әсерінен сабақ барысында көп сөйлеп кетуіміз мүмкін (Заб. 144:6, 7). Арагідік сабақ барысында қосымша ойлар немесе оқиғаларды келтірген пайдалы болады. Бірақ олар адамға Киелі кітаптың негізгі ілімдері жайлы тура білім алуына кедергі болмау үшін тым көп немесе тым ұзақ болмағандары дұрыс.
6 Егер әр сабақ сайын Киелі кітапты зерттеп жүрген адамдар ұға алатын ғана материалды талқылайтын болсақ, оларға ‘Тәңірдің нұрында жүрулеріне’ көмектесеміз (Иш. 2:5).