Біз қауымның кітап оқу кездесуін қажет етеміз
1. Қауымның кітап оқу кездесуінің ертедегі бастамасы қандай болған?
1 Киелі кітап зерттеушілерінің (қазір Ехоба Куәгерлері) топтары 1895 жылы Киелі кітапты зерттеуге жиналатын “Таң шапағы үйірмесі” деген атаумен белгілі болған. Зерттеуді жүргізу үшін “Мыңжылдықтың таң шапағы” кітабының томдары қолданылған. Кейінірек осы жиындар “Бериялық Киелі кітапты зерттеу үйірмесі” деп аталды (Ел. іс. 17:11). Жиі олар өздеріне ыңғайлы бір кеште жеке үйлерде шағын топ болып жиналған. Осы кездесулер қауымның кітап оқу кездесуінің бастамасы болған.
2. Біз кітап оқу кездесуінде ‘бір-бірімізді жігерлендіруге’ қалай ықпал ете аламыз?
2 Жігер мен қолдау көрсетеді. Кітап оқу кездесуі әдейі шағын топтан құралады, сондықтан қатысушылардың түсініктемелер арқылы сенімдерін көрсетулеріне керемет мүмкіншіліктері бар. Нәтижесінде ‘Құдайға деген ортақ сенімдерін көріп, бір-бірінен жігерленеді’ (Рим. 1:12).
3, 4. Кітап оқу кездесуі қызметімізді атқаруымызға қалай көмектеседі?
3 Кітап оқу тобының бақылаушысының оқыту тәсіліне көңіл қоятын болсақ, бұл бізге “Құдайдың шынайы сөзін дұрыс үйретуге” көмегін тигізе алады (2 Тім. 2:15). Талқыланып жатқан мәліметті Жазбаға қалай негіздейтінін байқап отыр. Талқыланып жатқан әдебиет сәйкес келсе, тек Киелі кітапты қолданып, басты ойларды түйіндеуіне болады. Оның жақсы үлгісі уағыздау қызметімізде оқыту тәсіліміздің жақсаруына көмек береді (1 Қор. 11:1).
4 Апта сайынғы кездесуді жүргізуімен қатар кітап оқу тобының бақылаушысы уағыздау қызметінде де басшылық алады. Ол қызмет бақылаушысымен қызметтес бола отырып, бәріне ыңғайлы болатындай етіп уағыздауға арналған кездесулер ұйымдастырады. Ол топтағылардың бәріне мәсіхшілік міндеттерін, яғни ізгі хабарды уағыздау және шәкірттер дайындау қызметтерін, атқаруда қолдау көрсетудің жолдарын іздейді (Мат. 28:19, 20; 1 Қор. 9:16).
5. Қалай кітап оқу тобы арқылы қолдау табуымызға болады?
5 Кітап оқу тобының бақылаушысы топтың әрбір мүшесінің рухани күйі жайында қам жейді. Ол мұндай қызығушылығын қауым кездесулерінде және олармен уағыздау қызметіне бірге шығу арқылы көрсетеді. Сондай-ақ ол бауырластардың үйлеріне барған кездегі жағдайларын қолданып, рухани жігерлендіруге тырысады. Кітап оқу тобының бақылаушысы топтың әрбір мүшесі қажет кезде рухани қолдау табу үшін өзінен емін-еркін көмек іздей алатындай болу керек (Иш. 32:1, 2).
6. а) Шектеу қойылған елдердегі бауырластарымыз шағын топ болып жиналу арқылы қалай сенімдерін нығайтқан? ә) Кітап оқу тобының пайдасын жеке өзің қалай көре аласың?
6 Біріңді-бірің нығайтыңдар. Құдай халқының ісіне шектеу қойылған елдерде бауырластар жиі шағын топ болып жиналады. Бір бауырласымыз: “Уағыздау қызметімізге тыйым салынған күннің өзінде, мүмкіндік туған кездерде 10—15 адамнан жиналып, апта сайынғы кездесулерді өткізетінбіз. Кездесулердегі Киелі кітапты зерттеу де, кездесу біткеннен кейінгі қарым-қатынас та рухани нығайтатын еді. Біз басымыздан өткізгендерімізді айтып, шер тарқататынбыз, бұл біздің жұмыла күресіп жүргенімізді түсінуімізге көмек беретін”,— деп есіне алады (1 Пет. 5:9). Сол сияқты біз де қауымның кітап оқу кездесуін толықтай қолдап, бір-бірімізді нығайта берелік (Ефес. 4:16).