Біз Ехобаның талаптарын орындай аламыз
1. Кейде қандай сезімдермен күресуіміз мүмкін және неліктен?
1 Ехобаның заңдарын және принциптерін орындау бүгінгі күні ең тамаша өмір жолы әрі мәңгілік болашақтың игілікті негізін қалауымызға көмектеседі (Заб. 18:8—12; 1 Тім. 6:19). Дегенмен де, Шайтанның қол астындағы дүние бізді көптеген қиыншылықтарға душар етуде. Оның үстіне, күнәкар тәніміз жағдайды одан да бетер ушықтыра түседі. Жазбаларға негізделген міндеттерімізді орындауға күш салып жүріп, кейде ұнжырғамыз түсуі де мүмкін (Заб. 39:13; 55:2—9). Бәлкім, Ехобаның барлық талаптарын орындау мүмкін емес қой деп таңғалатын да шығармыз. Осындай уақыттарда рухани тепе-теңдікті сақтап қалуымызға не көмектеседі?
2. Ехобаның парасаттылығы қойған талаптарынан қалай көрінеді?
2 Ехобаның талаптары қиын емес. Ехоба бізге ешқашан да ақылға сыймайтын талаптар қоймайды. Оның талаптары қиын емес, қайта, бізге пайдасын тигізеді (Заң. қ. 10:12, 13; 1 Жох. 5:3). Ол біздің адамға тән әлсіздігімізді біледі, “топырақтан екеніміз Оның есінде” (Заб. 102:13, 14). Құдай шектеулі мүмкіншілігімізге қарамастан, оған деген қызметімізде танытып жүрген бар ынта-ықыласымызды мейірімділігімен қабыл алады (Леуі. 5:7, 11; Мар. 14:8). Ол қиыншылықтарымызды өзіне артуға шақырады, сондай-ақ адалдығымызды сақтап қалуымызға мүмкіндік жасап отыр (Заб. 54:23; 1 Қор. 10:13).
3. Ехоба төзімділігімізді қалай нығайтады?
3 Төзімділік қажет. Киелі кітаптағы Ілияс, Еремия, Пауыл сияқты адалдығын сақтаған адамдар жөніндегі мәліметтен төзімділіктің қажет екендігі көрінеді (Ев. 10:36). Ехоба олар ауыр жағдайға кезіккенде және ұнжырғалары түскен шақта қолдау көрсетіп отырған (3 Пат. 19:14—18; Ер. 20:7—11; 2 Қор. 1:8—11). Бүгінгі таңда бауырластарымыздың адалдық танытып жүргендері бізге күш-жігер береді (1 Пет. 5:9). Осындай мысалдардың үстінен ой жүгірту ұнжырғамыздың түсіп кетпеуіне көмектеседі.
4. Әрдайым Құдайдың уәдесін есімізде сақтағанымыз неге маңызды?
4 Құдайдың уәделеріне деген “үмітіміз берік зәкір сияқты жанымыздың сенімді сүйеніші” (Ев. 6:19). Үміт Ыбырайым мен Сараны Ехобаның бұйрығын қабылдап, сеніммен үйлерін тастап “уәде етілген елде... жат жерлік кірме” болып өмір сүруге талпындырған. Үміт Мұсаның қорықпай шынайы ғибадатқа қолдау көрсетуіне, ал Исаның табандылықпен азап шегу бағанасында төзімділік танытуына күш берген (Ев. 11:8—10, 13, 24—26; 12:2, 3). Құдайдың әділетті жаңа дүниесіне деген уәдесін жүрегімізде тірі етіп сақтайтын болсақ, бұл біздің де мызғымастай берік тұруымызға көмектеседі (2 Пет. 3:11—13).
5. Неліктен бұрын адалдық танытқанымыз туралы ойланғанымыз жігерлендіреді?
5 Бұрынғы танытқан адалдығымыз, жанқиярлығымыз бен батыл іс-әрекетімізді есімізге алғанымыз да, қызмет етуімізге жігер береді (Ев. 10:32—34). Бұл Ехобаның талаптарын орындағанда, яғни оған шын жүректен берілгендік танытқанда, қандай қуанышқа бөленгенімізді есімізге салады (Мат. 22:37).