Ехобаның керемет істері жөнінде жария етуді жалғастыра беріңдер
1. Ехобаның қандай керемет істері үшін ерекше ризашылық білдіргілерің келеді?
1 Біздің ұлы Құдайымыз Ехобаға тең келетін ешкім жоқ! Дәуіт: “Сен өте көп нәрсе жасадың Тәңір, Құдайым менің: Сенің кереметтерің және біз туралы ойларың... Саған кім тең келер дейсің!” — деп жазған (Заб. 39:6). Ехобаның керемет істеріне кең байтақ әлемдегі жаратылыстар, Мәсіхтің Патшалығы, адамдарға көрсетіп отырған мейірімділігі, сондай-ақ бүкіл жер бетінде жүріп жатқан уағыздау ісі жатады (Заб. 16:7, 8; 138:14; Дан. 2:44; Мат. 24:14). Ехобаға деген сүйіспеншілігіміз және барлық жасаған істеріне деген ризашылығымыз бізді ол туралы басқаларға да айтуға талпындырады (Заб. 144:5—7). Бізде наурыз, сәуір және мамыр айлары аралығында осыны толығырақ атқаруымызға мүмкіндік болады.
2. Қосалқы ізашарлық қызмет бізге қандай жеке пайдасын береді?
2 Қосалқы ізашар ретінде. Осы айлардағы ерекше қызметке бейімделіп, кестеңді ретке келтіріп, бір не одан да көбірек ай бойы қызметке айына 50 сағат бөле алар ма едің? Сенің тарапыңнан жасалған өзгерістер бекер болмайтыны сөзсіз (Ефес. 5:16). Бауырластарымыздың көпшілігі қызметтерінің сапасын жақсартуға қосалқы ізашарлық қызметтің көмегі тигендігін байқаған. Олар үйден үйге куәлік еткенде, есік аузында өздерін еркіндеу сезініп, әрі Киелі кітапты қолданудың қолайлы жағдайлары көбірек болған. Қызметке көбірек уақыт бөлгеніміз қызығушылық танытқан адамдарға әрі қарай да көмек көрсетуді жеңілдетеді. Сондай-ақ бұрын зерттеу сабағын жүргізбегендердің біразы қосалқы ізашар болып жүріп, Киелі кітап зерттеу сабағын бастай алған. Қосалқы ізашар болу өзгелерге көмек беруге күш салуды білдіреді, сондықтан бұл — қуаныш беретін қызмет (Ел. іс. 20:35).
3. Қалай кейбіреулер қиын жағдайларына қарамастан қосалқы ізашар болып қызмет ете алған?
3 Қосалқы ізашар болуға менің жағдайым келмейді деген шешім жасауға асықпа. Былтыр қосалқы ізашар болып қызмет еткен бір ақсақалдың екі баласы болған және ол толық уақыт жұмыс істеген. Осыған қарамастан қалайша ізашар бола алды екен? Апта аралығында жұмыс істейтін болғандықтан, ол демалыс күндерінде күні бойы қызмет етуді жоспарлап, сенбі күні таңғы 7:00-де көшеде куәлік етуді бастайтын болған. Жағдайлары соған ұқсас қауымдағы біраз бауырластар да ізашар болып қызмет етіп, олар бір-біріне демеу әрі жігер болған. Басқа бір қауымда 99 жастағы бауырласымыз қызының ұсынысын қабылдап, мамыр айында ізашар болып қызмет етуді шешеді. Қауымдағы басқа бауырластар болса, осы егде тартқан бауырласымыздың мүгедектер арбасын итеріп, үйден үйге уағыздауға және Киелі кітап сабағын жүргізуге жәрдем берген. Сонымен қатар бауырласымыз сымтетік, көшеде куәлік ету, хат жазу арқылы да уағыздаған. Ол — мұны өз күшімен емес, тек Ехобаның көмегінің арқасында істегеніне сенімді (Иш. 40:29—31).
4. Қосалқы ізашар болу үшін кесте құрастырғанда қандай жайттарға көңіл бөлуге болады?
4 Өз жағдайыңа ең ыңғайлы кесте құрастыруға тырыс. Осы санда көрсетілген кестелер де көмек болуы мүмкін. Сен толық уақыт жұмыс істейсің бе? Немесе мектепте оқисың ба? Онда, әсіресе, кестедегі демалыс күндерін пайдалану сен үшін анағұрлым тиімді болуы мүмкін. Егерде денсаулығыңның, я болмаса әлсіздігіңнің салдарынан қызметте ұзақ уақыт жүруге мүмкіндігің болмаса, күн сайын аз-аздан уағыздауға болатындай етіп құрылған кестені қолданғаның тиімді болар. Өзгелерге қосалқы ізашар болуға ықыласың бар екендігін айт. Бәлкім, олар да алдарына осындай мақсат қояр.
5. Жастар наурыз, сәуір, мамыр айларында қандай мақсаттар қоя алады?
5 Жастар да үлестерін қоса алады. Жастар Құдайдың керемет істері туралы айтатын болса, Ехоба бұған қуанады (Заб. 70:17; Мат. 21:16). Егерде сен жас әрі шомылдыру рәсімінен өткен болсаң, осы айларда мектеп демалысы болса, бәлкім, қосалқы ізашар болып қызмет ете аларсың. Ал қосалқы ізашар болып қызмет ете алмасаң, осы айларда қызметке барынша атсалысып, сондай-ақ қызметіңнің сапасын жақсартуға белгілі бір мақсаттар қоя алар ма едің? Егерде ата-анаңмен бірге қызмет етіп жүрсең, бірақ әлі жариялаушы болмасаң, қазір сен үшін қызметке жарамдылығыңды арттыратын ең қолайлы уақыт. Сен Киелі кітаптың сұрақтарына жауап бере алмаймын, немесе шомылдыру рәсімінен өткен ересек бауырластар сияқты көп білмеймін деп тартынба. Сен Киелі кітаптың негізгі ілімдерін түсінесің бе? Киелі кітаптың өнегелілік нормаларын ұстанып жүрсің бе? Ехоба Куәгерлерінің бірі екеніңді білгенін қалайсың ба? Олай болса бұл туралы ата-анаңмен сөйлесіп көр. Сенің талаптарға сай келетініңді байқап көру үшін олар сенімен бірге ақсақалдармен кездеседі. (“Біздің қызметіміз” (ор.) 98, 99-бет, қара).
6. Қалай біз Киелі кітапты зерттеп жүргендерге ізгі хабардың жариялаушысы болуларына көмектесе аламыз?
6 Өзгелердің уағыздау ісіне қатысуларына көмектесіңдер. Рухани жетістіктерге жеткен Киелі кітапты зерттеп жүрген адамдар алдағы ерекше қызмет ететін айларда бізбен бірге жариялаушы ретінде қызметке қатысуға жарамды болатын болар. Егерде Киелі кітапты зерттеп жүрген адам жақсы жетістіктерге жетіп жатқан болса, кітап оқу тобының бақылаушысынан не қызмет бақылаушысынан көмек іздеуіңе болады. Олардың біреуі сенімен бірге зерттеу сабағына қатысып, оның жетістігін анықтайды. Егер зерттеп жүрген адам қызметке жарамды әрі жариялаушы болуға ықылас танытса, төрағалық етуші бақылаушы сенімен және онымен екі ақсақалдың кездесуін ұйымдастырады (1988 жылғы “Күзет мұнарасының” 15 қарашадағы нөмірінің 17-бетін қара, ор.). Егер ол жариялаушы болады деп шешілсе, қызметке баулуды бірден баста.
7. Қалай есепті жүйелі түрде тапсырмайтын және енжар жариялаушыларға көмектесе аламыз?
7 Кітап оқу тобының бақылаушылары топтағы кейбір енжар және есепті жүйелі түрде тапсырмайтын бауырластарға ерекше назар аударулары керек. Сондай бауырластарды бірге қызметтес болуға шақырыңдар. Ал егер олар ұзақ уақыт бойы енжар болса, талаптарға сай келетін-келмейтінін анықтау үшін алдымен екі ақсақалдың сөйлескені абзал (“Біздің Патшалық қызметіміздің” (ор.) 2000 жылғы қарашасындағы нөмірінің “Сауалдар жәшігін” қара). Қауымның ерекше қызмет ететін айларда зор құлшыныс танытқандары оларды қайтадан қызметке жүйелі түрде атсалысуға талпындыруы мүмкін.
8, 9. Ерекше қызметке ынталандыру үшін ақсақалдардың не істеулеріне болады?
8 Көбірек қызмет етуге қазірден бастап дайындалыңдар. Ақсақалдар, қауымдағыларды қосалқы ізашар болуға қазірден бастап талпындырыңдар. Сендер жігерлендіретін түсініктемелер әрі жақсы үлгілеріңмен зор ықпал ете аласыңдар (1 Пет. 5:3). Былтыр қауымдарыңда қосалқы ізашарлардың ең жоғарғы көрсеткіші қандай болған еді? Биыл көбейтуге бола ма? Кітап оқу тобының бақылаушысы мен көмекшісі топ мүшелерінің әрбірін қызметке көбірек атсалысуға жігерлендірудің жолдарын іздеулері керек. Қызмет бақылаушысы уағыздауға арналған қосымша кездесулер ұйымдастыра алады. Ұйымдастырылған шаралар жөнінде алдын ала қауымға хабарлансын. Уағыздауға арналған кездесуді өткізуге қабілетті жариялаушылардың тағайындалғанына және олардың уақтылы басталып, уақтылы аяқталатындығына көз жеткіз (2001 жылдың қыркүйек айындағы “Біздің Патшалық қызметіміздегі” (ор.) “Сауалдар жәшігін” қара). Сонымен қатар қызмет бақылаушысы учаскелердің, журналдардың және әдебиеттердің жеткілікті болуына қам жасайды.
9 Өткен жылы бір қауымның ақсақалдары бауырластарды қосалқы ізашар болуға бар ынталарымен әрі алдын ала талпындыра бастаған, біраз ақсақалдың өздері қосалқы ізашар болуға өз өтініштерін толтырған. Ақсақалдар уағыздауға арналған қосымша кездесулер ұйымдастырған: көшеде уағыздау үшін таңғы 5:30-да, тағы біреуін мектепте оқитындар үшін түстен кейін 15:00 және жұмыс істейтіндер үшін үшінші кездесуді 18:00. Оған қоса, сенбі күндері уағыздауға арналған тағы үш кездесу ұйымдастырған. Осы қауымда сәуір айында 66 қосалқы ізашар болған.
10. Қалай отбасылары қызметке көбірек қатыса алады?
10 Келесі отбасылық зерттеу кезінде неге келер айларға отбасымен бірге қол жеткізе алатын мақсаттар қоймасқа? Отбасы мүшелері бір-біріне көмектесіп, әрі жақсылап жоспар құратын болса, отбасындағы кейбіреулер немесе барлығы қосалқы ізашар болып қызмет ете алатын болар. Ал егерде олай ете алмасаңдар, әдеттегіден ұзағырақ не болмаса кез келген мүмкіншілікті пайдалану арқылы уағызға көбірек қатысуды мақсат етіп қойыңдар. Отбасымен осы жайлы дұға етіңдер. Ехобаның осылайша күш салып жатқандарыңа батасын беретіндігіне сенімді болуларыңа болады (1 Жох. 3:22).
11. а) Мәсіхтің құрбандығы қандай керемет нәрселерге жеткізді? ә) Еске алу кешін тойлау қай уақытта және қайда өтеді?
11 Құдайдың ең керемет ісі. Ехоба өз сүйіспеншілігін Ұлын азаттық төлем ретінде құрбандыққа беру арқылы керемет түрде көрсетті (1 Жох. 4:9, 10). Бұл төлем құрбандығы — адамзат үшін күнәдан және аурудан құтқарылудың заңды негізі (Рим. 3:23, 24). Исаның төгілген қаны жаңа келісімді бекітіп, кемелсіз адамдардың Құдайдың ұлдары атанып, көктегі Патшалықта басқара алулары үшін жол ашты (Ер. 31:31—34; Мар. 14:24). Ең бастысы, мінсіз мойынсұнушылық танытуымен Иса Ехобаның есімін қастерлеген (Заң. қ. 32:4; Нақ. с. 27:11). 2004 жылдың 4 Сәуірінде, жексенбі күні, күн батқан соң бүкіл жер жүзінде Мәсіхтің өлімін Еске алу кеші тойланады.
12. Қызығушылық танытқан адамдарға Иеміздің Еске алу кешіне қатысқандарының қандай пайдасы бар?
12 Иеміздің Еске алу кешін мейрамдау Ехобаның керемет істерін мадақтайды. Ехобаның берген құрбандығы туралы ой жүгірткеніміз ризашылығымызды арттыра түседі. Мерекеге қатысқан қызығушылар Құдайдың өзге де керемет істерін байқай алады. Мысалы, мәсіхшілердің арасындағы бірлік пен Ехобаның өзі үйретіп отырған ыстық сүйіспеншілікті көре алады (Ефес. 4:16, 22—24; Жақ. 3:17, 18). Осы маңызды оқиғаға қатысу адамның ой-қалпына қатты әсер ете алады, сондықтан біз оған мейлінше көп адамның қатысқанын қалаймыз (2 Қор. 5:14, 15).
13, 14. Еске алу кешіне кімдерді шақыруымыз керек және қалай?
13 Өзгелерді шақырыңдар. Шақыратын адамдарыңның тізімін қазірден бастап жасай беріңдер. Тізімдеріңе Құдайға сенбейтін отбасы мүшелерін, көршілеріңді, бірге жұмыс істейтін қызметтестеріңді не сыныптастарыңды, бұрынғы не қазір Киелі кітапты зерттеп жүргендерді, сондай-ақ қайта оралып барып жүрген барлық адамдарды қосыңдар. Кітап оқу тобының бақылаушысы тізімге әрбір енжар бауырластарды енгізу керек.
14 Еске алу кешінің шақыру қағазына мерекенің уақыты мен қай жерде өтетінін баспа қаріппен не қолмен анық етіп жазып қой. Не болмаса 2004 жылғы 15 наурыз айындағы “Күзет мұнарасы” (ор.), яки 22 наурыз айындағы “Ояныңдар!” (ор.) журналының соңғы бетінде көрсетілген шақыруды қолданғың келер. 4 Сәуір жақындағанда, тізіміңдегі адамдарға барып, болмаса сымтетік арқылы кештің болатын уақытын естеріне сал.
15. Қалай біз Еске алу кешінде қонақжайлық таныта аламыз?
15 Еске алу кешінде. Еске алу кеші өтетін жерге ертерек жетуге тырыс. Сосын жаңадан келгендермен жылы жүзбен амандасып қонақжайлық таныт (Рим. 12:13). Өзің шақырған қонақтардың алдында сенің жауапкершілігің бар. Келгендеріне қуанышты екеніңді білдір, қауымдағы бауырластармен таныстыр. Лажы болса оларға өз қасыңнан орын тауып берерсің. Сондай-ақ қайсыбірінің Киелі кітабы не ән кітабы жоқ болатын болса, өзіңмен немесе басқа біреумен бірге қарап отыруына қам жаса. Мейрам біткеннен кейін сұрақтары болса, жауап беру үшін уақыт бөл. Егерде арасында бірінші рет келгендер болса, олардан Құдайдың Сөзі мен ниеті туралы көбірек білгілері келе ме, соны сұра. Үй жағдайында Киелі кітапты зерттеуге ұсыныс жаса.
16. Еске алу кешіне келгендердің рухани өсулеріне қалай көмектесе аламыз?
16 Мейрамға келгендерге көмек көрсетуді жалғастыра беріңдер. Еске алу кешінен кейінгі апталар аралығында мейрамға қатысқандар әрі қарай да көмекті қажет етуі мүмкін. Бұған кездесулерге үнемі келіп, бірақ қауыммен байланыстары аз адамдарды да жатқызуға болады. Ақсақалдар сондай адамдарды назардан тыс қалдырмай, олардың рухани өсулері неге тоқтап қалғандығын анықтайды. Оларға уақыттың күтпейтіндігін ұғындырыңдар (1 Пет. 4:7). Бәріне Құдайдың халқымен бірге үнемі жиналыңдар деген Жазбалардағы ескертуге мойынсұнудың пайдасын көрулеріне көмектесіңдер (Ев. 10:24, 25).
17. Неліктен біз Ехобаның керемет істері жөнінде жария етуді жалғастыра беруіміз керек?
17 Ехобаның істерінің кереметтігі соншалық, мәңгі өмір сүрген күннің өзінде де, біз оларды соңына дейін танып біле алмаймыз (Әйүп 42:2, 3; Еккл. 3:11). Сол себепті әрбір керемет істері үшін оны мадақтай берелік. Еске алу кешінің қарсаңында көбірек қызмет етуге барынша күш салу арқылы Ехобаның керемет істеріне деген ризашылығымызды көрсете аламыз.
[5-беттегі таблица]
Осы кестелердің бірін қолданып, қосалқы ізашар ретінде қызмет ете аласың ба?
Наурыз Жк Дс* Сс* Ср* Бс Жм Сн Барлығы
Күнде 2 1 1 1 1 1 5 51
Екі күн 0 5 0 5 0 0 0 50
Демал.
күндері 5 0 0 0 0 0 8 52
Дем. күн. және
аптаның екі күні 2 0 0 2 0 2 6 50
Сәуір Жк Дс Сс Ср Бс* Жм* Сн Барлығы
Күнде 2 1 1 1 1 1 5 50
Екі күн 0 0 0 0 5 5 0 50
Демал. күндері 5 0 0 0 0 0 8 52
Дем. күн. және
аптаның екі күні 2 0 0 2 0 2 6 50
Мамыр Жк* Дс* Сс Ср Бс Жм Сн* Барлығы
Күнде 2 1 1 1 1 1 4 51
Екі күн 0 5 0 0 0 0 5 50
Демал. күндері 3 0 0 0 0 0 7 50
Дем. күн. және
аптаның екі күні 2 0 0 2 0 2 5 51
* Айына бес рет