Қызметімізді қолдап отырған — Құдай
1 Құдайдың қызметшілерінің арасында жоғары білімі бар, бақуатты тұратын немесе осы дүниеде атағы әйгілі адамдар аз. Осының салдарынан кейбір адамдар біздің қызметімізді түкке тұрғысыз деп есептеп, қабылдамайды (Иш. 53:3). Дегенмен де, біз атқарып жүрген Киелі кітапқа негізделген ағарту ісі жер бетіндегі миллиондаған адамдарға жұбаныш пен үміт береді. Қалайша қарапайым адамдар осындай керемет нәтижелерге жетіп отыр? Тек Құдайдың қолдауымен ғана (Мат. 28:19, 20; Ел. іс. 1:8). Елші Пауыл: “Осы дүние “күшсіз” деп тапқандарды Құдай “күштілерді” ұялту үшін Өзіне таңдады”,— деп түсіндірді (1 Қор. 1:26—29).
2 Елшілер және бірінші ғасырдағы басқа да мәсіхшілер көбінесе “арнайы діни даярлықтан өтпеген қарапайым адамдар” болған (Ел. іс. 4:13). Бірақ олар өздеріне сеніп тапсырылған ізгі хабарды батылдықпен уағыздаған, осындай талпыныстары үшін Ехоба оларға батасын берген. Кедергілерге, қарсылықтарға қарамастан ‘Иеміздің Ізгі хабары кең тарап, құдіретін көрсетті’. Еш нәрсе қызметті тоқтата алмады, өйткені оған қолдау көрсетіп отырған Құдай еді (Ел. іс. 5:38, 39; 19:20). Күні бүгін де жағдай тап сондай. Мықты билеушілердің өздерінің тарапынан көрсетілген қатты қарсылықтары да ізгі хабардың кең тарауын және күшейе түсуін тоқтата алмай келеді (Иш. 54:17).
3 Барлық даңқ атаулы Құдайға. Құдайдың қызметшісі ретінде біздің ерекше артықшылығымыз бар, алайда соған паңдануымыз керек пе? Әрине, жоқ! Мәсіхшілердің қызметтеріне назар аудара отырып, Пауыл былай жазған: “Осы рухани қазынаны сақтайтын қарапайым қыш құмыралар іспеттіміз. Осылайша ондағы шексіз зор құдіреттің өзімізден емес, Құдайдан екені анық болып тұр” (2 Қор. 4:7). Пауыл қызметін Құдайдан алып отырған күштің арқасында ғана атқара алатынын мойындаған (Ефес. 6:19, 20; Філіп. 4:13, ЖД).
4 Сол сияқты біз де тек “Құдай қорғап-қолдап” отырғандықтан ғана уағыздау қызметінің атқарылып жатқанын мойындаймыз (Ел. іс. 26:22). Ехоба осындай дүниежүзілік уағыздау ісі арқылы барлық халықтарды сілкіп алып, осылайша жойқын сот күнінің таяуда келетінін жариялау үшін бізді керемет түрде қолдануда (Нағай 2:7). Ауқымды рухани орақ науқаны кезінде ‘Құдаймен бірге еңбектенуші’ болған қандай мәртебе десеңші! (1 Қор. 3:6—9).