Ехобаға қуанышпен қызмет етіңдер
1. Ехобаның қызметшілері үшін зор қуаныштың көзі не болып табылады?
1 “Әрдайым Иемізбен байланыстарыңа қуаныңдар!” — деп жазды елші Пауыл. “Тағы да айтамын: қуаныңдар!” (Філіп. 4:4). Ізгі хабарды уағыздау мен қой тәріздес адамдардың Ехобаға ғибадат етулеріне көмектесу зор қуаныштың көзі болып табылады (Лұқ. 10:17; Ел. іс. 15:3; 1 Сал. 2:19). Алайда қызметтегі қуанышымызды жоғалтып алсақ, не істеуімізге болады?
2. Тапсырманы кімнен алғанымызды есімізде ұстағанымыз қуанышты болуымызға қалай ықпал етеді?
2 Құдай тапсырған іс. Уағыздауды тапсырған Ехоба екенін естен шығармайық. Иә, Патшалық туралы хабарды жариялау мен шәкірттер дайындау ісінде ‘Құдаймен бірге еңбектенуші’ болғанымыз зор мәртебе! (1 Қор. 3:9). Бұдан былай ешқашан қайталанбайтын осы істе Иса Мәсіх бізбен бірге (Мат. 28:18—20). Періштелер де бұл іске белсенділікпен араласып, қазір жүріп жатқан ауқымды рухани егін жинау ісінде бізбен бірге еңбектенуде (Ел. іс. 8:26 Аян 14:6). Жазбалар мен Құдай халқының басынан кешкен оқиғалары Ехобаның бұл істі қолдап отырғаны туралы айқын куәлік етеді. Сондықтан да “Мәсіхпен тығыз байланыста тұрып, Құдайдан жіберілгендер ретінде Оның көз алдында” уағыздай береміз (2 Қор. 2:17). Қуаныштың қандай керемет себебі!
3. Құдайға қызмет етудегі қуанышымызды сақтауда дұғаның алатын орны қандай?
3 Құдайға қызмет етудегі қуанышымызды сақтауда дұғаның маңызы зор (Ғал. 5:22). Құдай тапсырған істі тек өзі берген күштің арқасында ғана атқара аламыз. Сондықтан өзінен сұрағандарға молынан беретін киелі рухын сұрап шын жүректен дұға етуіміз қажет (Лұқ. 11:13; 2 Қор. 4:1, 7; Ефес. 6:18—20). Қызметіміз жайлы дұға еткеніміз адамдар хабарымызды қабыл алмағанда, дұрыс көзқарас сақтауға көмектеседі. Ал бұл әрі қарай да батылдықпен, қуана-қуана уағыздай беруге мүмкіндік береді (Ел. іс. 4:29—31; 5:40—42; 13:50—52).
4. Жақсы дайындық уағыздауда қуанышымызды арттыруға қалай көмектеседі және дайындалудың қандай тиімді жолдары бар?
4 Жақсылап дайындалыңдар. Қызметте қуанышымызды арттырудың тиімді жолы — жақсылап дайындалу (1 Пет. 3:15). Мұндай дайындыққа көп уақыт кетпейді. Журналдардың соңғы нөмірлеріне арналған немесе таратқың келген әдебиетке қолдануға болатын ұсыныстарға көз жүгіртіп шығуға аз ғана уақыт кетеді. Лайықты ұсыныстарды “Киелі кітап тақырыбына әңгіме бастап, оны жалғастырудың жолдары” брошюрасынан немесе “Біздің Патшалық қызметіміздің” соңғы нөмірлерінен қарауға болады. Ал кейбір жариялаушылар қысқа бір ұсынысты қағазға түртіп алып, сосын естеріне түсіру үшін көз жүгіртіп алып отырғанның пайдалы екенін байқаған. Бұл оларға жасқаншақтықты жеңулеріне көмектесіп, батылдықпен уағыздау үшін сенімділік береді.
5. Қуаныштың бізге және өзгелерге қандай пайдасы бар?
5 Қуаныштың беретін пайдасы көп. Қуанышты болғанымыз өзгелерге хабарымызды тартымды етеді. Қуаныш төзімді болуымызға күш береді (Нех. 8:10; Ев. 12:2). Ең бастысы, біздің қуанышты қызметіміз Ехобаны дәріптейді. Сондықтан ‘Тәңірге қызмет етейік шаттанып’ (Заб. 99:2).