Жастар, келешектерің үшін игілікті негіз қалаңдар
1. Мәсіхші жастар неліктен күшті сенім дамытулары керек?
1 Сенің ақыл-ойыңды не нәрсе жаулап алған? Әдетте не туралы ойлайсың? Басты уайымың осы дүниедегі нәрселер ме, әлде бар назарыңды келешегің мен Құдайдың уәделеріне аударасың ба? (Мат. 6:24, 31—33; Лұқ. 8:14). Құдайдың уәде еткендеріне сай әрекет ету үшін, Ыбырайым мен Мұсаның үлгісінен көруге болатындай, күшті сенім қажет (Ев. 11:8—10, 24—26). Осындай сенімді қалай дамытып әрі “келешек заман үшін игілікті негіз” қалауыңа болады? (1 Тім. 6:19).
2. Жосия патшаның үлгісінен қандай сабақ аламыз?
2 Ехобаны ізде. Егер отбасыңмен бірге рухани істермен айналысып жүрсең, мұның мақтауға тұрарлық жайт. Алайда бұл өздігінен сеніміңді күшейтеді деп ойлама. “Құдай туралы білімді табу” үшін Ехобаны жеке өзің іздеуің керек (Нақ. с. 2:3—5; 1 Шеж. 28:9). Жас патша Жосия осылай еткен болатын. Рухани өсуіне еш септігі тимеген ортада өскеніне қарамастан, ол 15 жасында “Дәуіт сиынған Құдайға бет бұрып, Оның еркін сұрай [“іздей”, ЖД] бастады” (2 Шеж. 34:3).
3. Бүгінде жас мәсіхшілер Ехобаны қалай іздей алады?
3 Ехобаны қалай іздей аласың? Мұны неге сенетініңді тексеру және олардың расында да шындық екенін “ажырату” арқылы істеуге болады (Рим. 12:2). Мысалы, Киелі кітаптың қан туралы не айтатынын түсіндіріп немесе Құдай Патшалығының басшылығы 1914 жылы басталғанын дәлелдеп бере аласың ба? Келешек үшін игілікті негіз қалауда “шындықты біліп алу” өте маңызды (1 Тім. 2:3, 4).
4. Шомылдыру рәсімінен өтпеген жариялаушылар өздерінің алға басқандығын қалай көрсете алады?
4 Жосияның Құдайды іздегенінің нәтижесі жақсы болды. 20 жасқа толмай тұрып, ол батылдықпен әрекет етіп, елді жалған ғибадаттан тазартты (2 Шеж. 34:3—7). Осы іспеттес, сенің де рухани жетістігің істеріңнен көрінеді (1 Тім. 4:15). Егер шомылдыру рәсімінен өтпеген жариялаушы болсаң, қызметіңнің сапасын жақсартуға күш сал. Жай ғана әдебиеттерді ұсынумен қанағаттанып қоя салма. Киелі кітапты қолдануды, адамдармен қисынды түрде ой түзіп әңгімелесе білуді және қызығушылықтарын әрі қарай арттыруды мақсат етіп қой (Рим. 12:7). Бұл рухани өсуіңе көмектеседі.
5. Шомылдыру рәсімінен өткен мәсіхшілер үшін қызметтерінің аясын кеңейтудің қандай мүмкіндіктері бар?
5 Ехобаға қолыңда бар ең жақсы нәрсені ұсын. Ехобаға бағышталғаныңды шомылдыру рәсімінен өту арқылы көрсеткенде, сен Құдайдың қызметшісі болдың (2 Қор. 3:5, 6). Бұл саған Ехобаға толық уақытты қызмет етудің жолын ашады. Мұндай қызметтерге ізашарлық, миссионерлік қызмет және Бетелде қызмет ету мен халықаралық бағдарламаға қатысу жатады. Қызметіңнің аясын өзге тілді үйрену немесе қажеттілік бар жерде қызмет ету арқылы да кеңейте аласың.
6. Қалай әрқайсысымыз келешегіміз үшін игілікті негіз қалай аламыз?
6 Әрине, қызмет аясын кеңейтуге бәріміздің бірдей мүмкіндігіміз бола бермейді, әйтсе де әрбіріміз Ехобаға қолымызда бар ең жақсы нәрсемізді ұсына аламыз (Мат. 22:37). Қандай жағдайда өмір сүрсең де, Ехобаға қызмет етуді өміріңнің өзегі ет (Заб. 15:5). Осылай ете отырып, келешегің үшін игілікті негіз қалайсың.